Сағыныш хаты

Сағыныш хаты
жеке
блог

Сәлем, құрбым!

(«Құрбым!» осы сөзді шынайы көңілден айтқызатын сендей досты сыйлаған Аллаға алғысым шексіз!)

Аманбысың, алтыным?! Денсаулығың қалай? Сабағың жақсы ма? Ұсақ-түйекке бұртиып қалатын ерке қыз едің, ол жақтағы жағдайың қалай болып жатыр? Өз дегеніңнен қайтпайтын мінезіңе салып, қарсы келгендерді жайратып сап жүрсің бе?

Жазғы демалысқа да келмей қойдың ғой. Сенің бұртия қалатын бал мінезіңді сағынып кеттім! Екеуіміз отырып сырласпағалы да біраз болыпты-ау...

Менде бәрі ойдағыдай... Сабағым бірсарынды, мамандығыма аздап үйренісіп келе жатырмын. Қуанышымда бөлісіп, мұңдана қалсам, көңілімді көтеруге асығатын адал достарым да бар... Осы үшін Аллаға шүкір!

Жазғы демалысымда ауылда болып қайттым. Аллаға шүкір, ауыл- аймақ аман- есен екен. Ата- анам, інімнің, құрбы- құрдас, сыныптастарымның арасында бір демалып, серпіліп қалдым. Білесің бе, ауыл адамдарынан «Біз енді түнгі уақытта көшеде машинаның фарын жақпай жүретін болғанбыз...»- деген сөзді естіп, таң қалдым. Сөйтсем, бұл олардың бүгінгі күнгі әзілдері болып шықты. Ауылдың негізгі екі көшесіне жарық тартылғаннан бастап олар осылай қалжыңдауды әдетке айналдырыпты. Айтпақшы, есіңде ме, отырыстардан шыққанда бәріміз бірігіп ең бірінші сені үйіңе жеткізіп салатын едік қой. Себебі, сенің үйің ауылдың ең басында болатын және қараңғы жерде орналасқан-етін. Енді сенің көшең жап-жарық.

Иә... Біз ауылдан арман қуып жан-жаққа аттанғалы бар- жоғы 1 жыл өтсе де, ауыл ажарланып, өзгеріп кетіпті. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары ауыра қалса, уайымдамастан күні кеше ғана ашылған, барлық керекті құрал- жабдықтарымен жабдықталған дәрігерлік амбулаторияға барып қаралатын болған. Енді оларда бұрынғыдай алаңдаушылық, кішігірім дәрі- дәрмекке бола аудан орталығына шапқылас дегеннің бірі де жоқ.

«Сабаққа бармаймын! Оқуды кім ойлап тапқан?»- деп, бұрынғыдай Ыбырай атасының есімін тентектікпен ауызға алатын оқушы да жоқ екенбұл күнде. Олар енді таң қылаң бере сала, 8:30- дағы сабаққа сағат 7-ден кете шығып, мектепке асығатын болған. Біз 10-сыныпты тәмамдарда іргесі қалана бастаған мектеп бүгінде іске берілген екен. (Біз жаңа метептің алғашқы түлегі боламыз деп қиялданатын ек қой) Қазіргі оқушыларға қызығып қалдық. Судент атанып ұстаздарымызға амандасуға барған біздің де жаңа мектепте оқығымыз келді.

Дегенмен, біз бітірген мектеп те іргесі 1964 жылы қаланған, талайдың көзі көрген, сан мықтының тұсауын кескен алтын ұя болды ғой. Біз- 2013 жылғы түлектер, жаңа мектепптің алғашқысы бола алмасақ та, құтты ұямыздың соңғы түлектері болдық. «Соңғы түйенің жүгі ауыр». Иә, біз сол «жүкті» абыроймен жеткізгендейміз, мектебіміздің 50 жылдық тарихының соңғы бетін «Алтын белгілі» алтын әріптермен, жарқын жетістікті, қуанышты қаріптермен жазып, аяқтадық. Бүгінде бір- бір ұлттық, мемлекеттік университеттердің студенттеріміз. Ал жаңа мектептің алғашқы түлектеріне де оңай болмайын деп тұр. «Алдыңғы арба қалай дөңгелесе, соңғысы да солай дөңгелейді». Ескі мектептің соңғы түлектері жаңа мектептің алғашқы түлектеріне алтын ұяның тарих атты томының алғашқы бетін абыроймен ашуларына сәттілік тілейік ендеше!

Бір жыл бұрын ғана біздің басымыз қосыла қалса баратын 1 ғана саябағымыз бар еді ғой. Екіншісі әлі де жөндеу үстінде болатын. Бүгін олардың саны 4- ке жетіпті.

Қойшы, сонымен не керек, ауылдағы жаңашылдықпен танысамыз деп жүріп, сыныптастар студенттік күндеріміздің алғашқы парақтарындағы қызығы пен шыжығы аралас әңгімелерімізді тауыса алмай, демалысымыз да зыр етіп өте шықты. Бір- бірімізге, ата- анамызға деген сағынышымыздың мауқын басып алып, қалаға жаңа жетістіктерге, жаңа белестерге күш жинап, тың ойлармен аттандық. Алла қаласа, келесі демалыста ауылға келгенде ауылымызды тағы да танымай қалатын сияқтымыз. Ауылымыз ажарлана түсетін секілді. Лайым, солай болғай! Әр келгенде ауылымызда жаңару мен жаңғыру, қуаныш пен қызығы болса, еліміз де көркейе түспей ме? 

Айтпақшы мен бұның бәрін өзіңді «қызықтыру» үшін айтып отырмын. Жат қалада жатбауыр болып кетпеші. Туған топырағыңа келіп- кетуді ұмытпа...