Сағыныш

Сағыныш
жеке
блог

11 сынып оқып жүрген уақытта тезірек есейсем екен деп көп армандайтынмын. Шынымды айтсам, бұлай армандаудың қажеті жоқ екен. Менің ойымда  ол кезде тек үлкен қаланы көру мен жаңа таныстықтар ғана болған-ды. Расында да, арманыңа бір табан жақындау үшін жақсы оқу орнында оқудың пайдасы зор екенін анық білдім. Мақсатымды айқындап, болашағымды бағдарлап алғаннан кейін аянбай жұмыс жасай бастадым. Білімімді тереңдетіп, ата-анамның маған артқан сенімдері мен үкілеген үміттерін ақтау үшін бар күш-жігерімді салдым. 

Кейін арман қуып Алматыға келдім. Оқу жылы басталған сәттен бастап, түрлі кедергілерге тап болдым. Бейне бір өзімді осы әлемде ең жалғыз адам сияқты сезіндім. Əр күні таң атқан сайын анамды, бауырымды, отбасымды еске алып, жылап алатынмын. Күн өткен сайын сағынышым үдей түсті. Бір жағынан сабаққа да бар күшімді салу керек болды. Алғашында көп қиналдым. Бірақ, кейін үйрене бастадым. "Адам 3 күннен кейін бəріне үйренеді"-демекші, қала өміріне бейімделе бастадым. Анамның, бауырымның, əкемнің дауыстарын естіп, үлкен күш ала бастадым. Бір күні мына бір сөзді естідім: "Алматы-үлкен қала. Бұл қалада от болуға немесе шоқ болуға болады". Осы сөз маған ерекше əсер етті. Расында, әрбір адам өмірінің қожасы, қандай жолды таңдаймын десе де, өз еркінде. Себебі,сені әрдайым қолдап, жаныңнан табылатын анаң алыста. Оң солыңды əлі танып үлгермеген жан үшін екі жолдың бірін таңдау қиынға соғары анық. Сол жолда түрлі қиындықтарды кездестіретініміз де анық. Алайда, əл-Фарабише айтсақ, "тіршілікте құрыштай бол, төзімді".  

Айтқым келгені, мектептен кейінгі өмір басқышы ересек өмірге аяқ басу. Мүмкіндік бар кезде əр уақытты бағалау керек екен. Ата-анаң, бауырың жаныңда болғанда олардың қадірін жете түсіну қажет. Ата-анаңның әрбір сөзін екі етпей, оларға көмекші болу- ең маңызды дүние. Тіпті айтқан ақылдарын əрдайым тыңдау да болашақ өміріңе үлкен көмек береді. Себебі, кейін ақылға зəру болғанда, ешкімнен көмек алмауың әбден мүмкін...