Сағыныш
блог
Алтын ұя мектебім. Қоштасқанымызға бір жылдан асып кетті. Бірақ әлі де сағынышым сарқыла қоймады. Менің өмірімнің бөлшегі, үлкен өмірге алғаш қадам басқан жерім. Қанша жерден мектептен жалықсаң да, қияға ұшып кеткен соң сағынады екенсің.
Мен өзім мектеп кезінде «мектепті ешқашан сағынбаймын» деп айтқан адамдардың бірі едім. Уақыт өте келе айтқан сөзімді қайтып алдым. Себебі, мектепті қатты сағынамын: ұстаздарымды, сыныптастарымды, достарымды. Мектепте бірге оқыған достарыммен кездесіп қалсақ, болған қызықты оқиғаларды еске алып, күліп аламыз. Қайта оралмас шақтарды ойлаған кезде көзіңе жас та келеді.
Мектеп өмірімен сан түрлі оқиғалар байланысты болған: олимпидалар, ғылыми жобалар сайысы, «Жас Ұлан», «Жас Отан», «Құрылтай», Балалар шығармашылық үйі, «Айгөлек» би ансамблі, өзін-өзі басқару ұйымы және де ең соңғысы – ҰБТ.
11-сынып. Бір жыл. Ұйқысыз түндер. Қызықты күндер. Көп оқыдық. Бір үйдің баласындай таңертеңнен кешке дейін бірге жүрдік. Үйге, шыны керек, тек ұйықтауға баратынбыз. Бос уақыттың барлығы кітап оқумен, есеп шығарумен өтетін. Уақыт босқа кетпеді, үміт ақталды. Бірақ сағыныш басылмады.
Қызығы көп еді сол кездердің... Есте қалар сәттері де жеткілікті. Әттең, енді қайтып оралмайды...