Сағынамын сол кезді...

Сағынамын сол кезді...
жеке
блог

-Осы сендер неге үнемі ұйықтап отырасыңдар?-деп бастады шашы қысқа, шүңірек көз апай сабағын. -Кезінде біз жүрген жерімізді тойлатып, думандатып, қызықққа кенелтуші едік. Ал сендер қашан көрсем де дәурені өткен адамша мұңданып жүресіңдер. -Бәлкім, біз өзіміздің мамандығымызға қаламай түскеннен болар...-деді толық қыз тосыннан. -Дұрыс, дұрыс айтады,-деп екі оқу тобының студенттері жамырай кетті. Иә, мұндағы жандардың жүрек қалаулары- жер мамандығы емес. Біреуі –телеарна десе телміріп, екіншісінің өнер десе өзегі өртеніп жүр. Қырық студенттің ішінен бір ғана қыз болашағын осы кәсіппен байланыстырады. Қалғандары, «тағдырдың жазғаны, Тәңірдің бұйыртқаны» дегеннің кебін киіп жүр. -Бүгінгі сабақты келесі лекциямен бірге өтерміз. Қазір мен сендерге студенттік кездегі бір қызық оқиғаны айтып берейін,-деп апай сөзін жалғады. «Екінші курста оқитын кезіміз. Оқу практикасынан өтуге Жаңақорған ауданына жіберді. Отызымыз улап-шулап, екі үйге бөлініп орналастық. Кешке қарай түскен үйдің отағасы «қонақасыларың» деп арықтау келген қой берді. «Өзім сойып берейін бе?» деген сөзге намыстанған болар, жігіттер бас тартты. Қыздар сыртта қызықтап жүрміз. Қораға кірген жігіттер қойдың төрт аяғын байлап бауыздай бастады. Тамағын пышақпен тіле бергенде алдарында көзі бақырайып жатқан мал қатты сілкініп қоя берді. Сірә, арқанда бос байлағаннан болар, жігіттерге ұстатпай жүгіре жөнелді. Тамағынан қан тамшылып, бет алды безіп барады. Соңында сасқалақтаған жігіттер, күлкіге батқан қыздар. Құдай оңдағанда жасы үлкен бір кісі ұстап әкеліп сойып берді. Сол күнгі оқиға есімнен кетпейді. Бәріміз бір үйдің баласындай тату едік. Қазір қарасам студенттік кезге 25 жыл толыпты. Әлі де есіме алсам сол кездерді сағынып кетемін» деп қазақшаға шорқақтау апай әңгімесін аяқтады. Аудитория тым-тырыс. Көбінің көзі мен көңілдері телефонда. Алдында сөйлеп тұрған мұғалім бе, басқа ма мән бермейді. Мүмкін заманнның ағымы болар. Мүмкін, мамандық таңдаудан мүлт кеткендіктен шығар. Әйтеуір, қоңырау соғылғанда студенттер қалғыған күйде есікке бет алды. Ал біз 25 жылдан соң қызық оқиға деп не айтар екенбіз?