Бұл әлемде адам деген жалғыз емес. Көптеген жан-жануарлардан бөлек адам көзі жетпейтін, құлағы естімейтін дүниелер де бар. Бұны біз «тылсым дүние» дейміз. Кейде бұлар да үн қатады. Адасқандарға ыммен жол көрсетеді. Ал оларды түсіну - саналылардың ісі. Бұл да құдайдың бір құдіреті.
-Хәліңіз қалай? Дәріңізді іштіңіз бе? – деді жылы жүзді жас медбике.
-Иә, іштім. Аздап бүйір тұсым шаншып тұрғаны, - деп әлсірей жауап қатты Ажар.
-Сіздің ай-күніңіз жақын ғой. Толғақ бүгін, ертең болып қалар, өзіңізді күтіңіз, жатып тынығыңыз,- деп қамқорлық таныта медбике бөлмеден шығып кетті.
Ажар перзентхананың тарлау бөлмесінде бір өзі қалды. Тыныштықты сүйе бермейтін болашақ жас ана бөлме ішіне жатырқай көз салды. Бөлме ішінде адам бойымен бірдей екі үлкен терезе бар екен. Терезелерге қатарлап екі керует қойылған. Оларға қарама-қарсы, қарсы беттегі қабырғаға сүйеп тағы екі керует орналасқан. Әр керуеттердің жанына шағын шкафтар бұйырыпты. Есік осы керуеттерге жанамалап, төрт-бес қадам жерде тұр. Оның жанында, бөлме бұрышына таяу қол жуғыш бар. Қол жуғыштың үстінде кішкене айна ілінген. Бұдан басқа көзге ілінер дүние тозығы жеткен терезе пердесі ғана.
Құлаққа ұрған танадай тыныштық. Бөлме ішіне бір көз жүгірте, Ажар ауыр күрсініп алды. Ішкі ойы санасын жегідей жеп, мазалауда. Жалғыздық жанын қысты. Осындай кезде ол үйіндегі ата-анасын ойлайды. Олардан басқа ол байғұсқа шын пана болар ешкім жоқ. Жұрт қателігін бетіне басып, әлем сырт айналғанда Ажардың жанында тек ата-анасы ғана қалған. Оны сыртқа теппеді, үнсіз өз ұяларына қайта қабылдаған. Олардың барының өзі Ажарға үлкен демеу болды...
Далада іңір қараңғысы орнады. Ажар баяу қимылдап, бөлме жарығын жағып, перделерді түсірді. Кезекші медбике келіп, тексеріп кетті. Осыдан кейін ол жуынып-шайынып жатуға ыңғайланды.
Шүмектен аққан су фарфор табақшаның түбіне түсіп, тесігі арқылы тамып, сіңіп кетіп жатыр. Ажар шаршаңқы түрін көру үшін, әрі жуынып болғандығын білдіріп, орамалын мойнынан түсіріп, айнаға қарады. Селк ете түсті. Айнадан бөлме ішінен біреу жүріп өткендей көрінді. Ажар таңқалыспен артына қарады. Ешкімді көрмеді. Сірә шаршағанымнан шығар деп, бетін орамалымен сүртіп, айнаға қайта қарады. Айна бейнесінен өзінен басқа тірі жанды көрмеді. Аяғын жәй ілміп, Ажар орнына келді.
Адам жаны тыныштықта қалған кезде бүкіл ой әлемін шарлап кетеді екен. Ажар орнына жайғасқан соң әр нәрсені бір ойлап күрсініп алды. Ойына алдымен болған жағдайлар келді. Бұл бала қателіктен пайда болды. Бірақ, сәбидің не кінәсі бар екені, анасының сәби – шырақ дегені тағы есіне келді. Әттең, махаббат пен құмарлықты айыра білмеген басы-ай. Ержанның бар тәтті сөзінің жоққа шыққаны, бұндай өте маңызды, ең қажетті кезде оны қайрылмастан тастап кеткенін қайтерсің. Әлсіз неме, еркектігін төсектен басқа жерде көрсете алмады. «Бұл бала менікі емес» деген қорқау сөзін айтсаңшы. «Мені ел-жұрттың сөзіне ілестірме» дейді, сонда қыз бейшараны ешкім табаламады ма екен?! Барлығы жан-жақтан жабыла бұны кінәләмап па еді. Құдды бір баланы күлге аунап тапқандай, еркектің де қатысы бар емес пе? Ол да неге жауапкершілік танытпайды екен. Аузы аңқиып, Ержанның сүйем-күйем деп қырсоңынан қалмай, махаббатын дәлелдегенсіген істеріне елітіп, оның қармағына қалай түскенін аңғармайда қалды ғой ол. «Мейлің, мен де берік болуым керек еді. Енді не болса да болған істі мойныммен көтеруім керек. Бұл бала, анам айтқандай, шынымен де шырақ болса екен. Ендігі өмірімді осы баламмен нұрлантамын»- деп , сыбыр-сыбыр етіп, көзіне келген жасты сүртіп Ажар өзіне қайта ант берді.
Тұман арасы. Айнала қара түнек. Түн баласы орнапты. Көз алдына еш нәрсе ілінбейді. Бұл қай жер өзі? Кенет, оқыстан белгісіз жақтан айқай естілді. Сәби шырылына ұқсас. Әне, иә, жаңа туған нәресте даусы. Іңгәлаған нәресте дауысына әйелдің жылағаны, анығында боздаған үні қосылды. «Бұл несі? Мен қайдамын өзі?»- деп, Ажар таңқалыспен айналасын барлады. Ешкім көрінбеді. Әлгі дауыс көтерілмесе, бәсеңсір түрі жоқ. Әйелдің боздаған даусы жүректі шымырлатып, тұла бойыңды мұздатып барады. Кенет көз алдына бір жарық түскендей болды. Көзге ілінер-ілінбес әлсіз жарық. Сол жарыққа қарай аяңдай бастады. «Мұнда кім бар?» - деп, Ажар дауыстады. Жауап қатар емес. Жарыққа қарай жүре берді. Өзі не жақын, не алыста емес, көз ұшында тұрғандай, бірақ әлсіреген аяқ жетіңкірер түрі жоқ. Кенет уһлей бере аяғы бір нәрсеге тірелді. Сипап-сипап бесікке ұқсас бір нәрсе деп жобалады. Бұл шынымен не өзі деп ойланып тұрғанда, сөлдір сөнген жарық қайта күшейіп, тура Ажар алдына ілінген шамға орнады. «Иә, бесік» - деді. Жанына ғайыптан түскендей Ержаны келе қалды. «Ержан» - деді, таңқалыңқыраған түр көрсетіп Ажар. Ержан үн-түнсіз Ажарды құшақтай, бесікті тербеді. Бұл ісінен Ажардың денесі түршігіп кетті. «Бұның не? Біздің баламыз дүниеге әлі келмеді ғой. Неге тербетіп тұрсың?» - деп Ержанның бетіне бажырая сұрақ қойды. Ержан Ажардың иығынан қолын түсіріп, бесікті тербете қолын белгісіз бір жаққа сермеді. Ержанның жүзіне үңіле қол бағытталған жаққа қарады. Ұзын, қолаң шашы бетін алған, жаңа перзентханадан шыққан, қолында құндақтаулы нәрестесі бар әйел тұр екен. «Бұл кім өзі?» - дей бере Ажар Ержанға бұрылды. Жаңа ғана жанында тұрған Ержан бесікті тастап, сұл бейнесін көрсетіп алыстап барады екен. «Тоқта» деп айтуға Ажардың үні шықпай қалды, аяғы баспай қойды. Алғаш естілген боздаған дауыс құлағына қайта келіп, жақын естіле бастады. Селк етіп, оянып кетті.
Қатты ұйқыға еніп кетсе керек, Ажар оянғанына қуанып, аузына біссмілләсін алып, тынышталды.
Бөлме ішіне ай жарығы түсіп тұрған. Жұқа перденің арасынан айдың толғандығы көрініп қалды. Ажар суынған төсегін қайта жастанып, жатуға ыңғайланды. Кенет көзі керуеттің аяқ жағына түсіп кетті. Қарама-қарсы орналасқан кереуетте солқ-солқ жылап түсінде көрген әйел отыр екен. Сол түсінде көргендей қалпы, қолында нәрестесі. Ажар шошынып көзін тарс жұмды. Қорққанынан не етерін білмей көзін қайта ашып, керуеттің аяқ жағына қарады. Әйел жоқ боп шықты. Уһлей бере жанына бұрылғанда, терезеге дәлме-дәл тұста жаңағы әйел тұр екен. Толған айдың сәулесі елес әйелдің бетінде шомылып тұр. Нәресте ұстаған әйелдің аппақ, қуарған түрі адамның жанын алардай тым үрейлі. Ажар қорқыныш аралас сезіммен әйелге қайта-қайта қарай берді. Кенет әйел жалт қарады. Сазарған түрімен жеп өтердей кереуетте сүле-соқ отырған Ажарға тесіле қарады. Бұл елесте Ажар секілді жап-жас екен. Талдырмаш бойы ұзын ақ көйлегінде иіліп тұрды. Сәл үнсіздіктен кейін сөлсіз біткен елес әйелдің ерніне жан бітті. «Сәби – шырақ. Өзің жаққан шырақты, өз қолыңмен көмбе» - дей бере елес әйел жылаған нәрестесін қолында бебеулетіп, жұбата бастады. Ажар дірілдей көзін басқа жаққа бұрып, ішінен салдырлатып бар білген дұғасын айта бастады. Осы кезде ащы шыңғырған дауыс құлағын ұра кетті. Шоши көзін елес әйелге қайта бұрды. Жел гулеп ашық қалған терезеден басқа ештеңені көрмеген Ажар талықсып, құлай кетті.
Аппақ әлем. Әлсірей көзін ашқан сайын көз алдына жыбырлаған бұлдыр бірдеңелер келеді. Құлағы еш дыбыс естімейді. Талықси-талықси аппақ әлем мен бұлдыр бейнелердің арасына түсе берді. Бір мезгілде ішінен үлкен дем келгендей кеудесін алға итеріп, көзін анық ашты. Бұлдыр бейнелер адамдарға айналып, оның жанын аман алып қалуға тырысқан дәрігерлер екеніне көзі жетті. Енді құлағына өзіне бұрын белгісіз тәтті үн келді. Сәби үні. Тар құрсағын жарып шыққан өз сәби үні келді.