«Рух» спектаклінің премьерасы өтті

Әр елдің жүріп өткен жолы, бүгінгіні бағалап келешекке байыпты көз салуда маңызды рөл атқарады. Өткенге сапар шегу арқылы, болашаққа жол сілтейтін аталмыш жанрдағы кез-келген туынды сиқырлы айна іспеттес көрерменге тарихқа көз жүгіртіп, өткен заманның қоршаған ортасымен кеңірек танысуына мүмкіндік сыйлайды. Осы тұрғыда заманауи қазақ драматургі Әннәс Бағдаттың пьесасы бойынша режиссер Есләм Нұртазиннің қойған тарихи жанрдағы «Рух» атты камералық, эксперименталды спектакль-лекциясы өткеніміз бен бүгініміз арасындағы байланыс тамырын тармақтап, қазақ елінің әлем сахнасында еркін әрі егеменді ұлт ретінде қалыптасу тарихынан сыр шертеді.

Хореография, пластика, музыка, жарық арқылы бейнеленіп, әр оқиға мәтін арқылы баяндалып отыратын қойылым инновациялық жаңаша формада ұсынылған. Демек, көрерменге заман лебін сезіндіретін үйреншікті декорация сахна төріне орналастырылған киіз үй керегесін еске түсіретін шарбақ пен сол шарбақты бойлай ілінген қару-жарақтан ғана тұрады. Спектакльде Қазақ хандығының құрылғанына дейінгі болған көптеген тарихи кезеңдер қамтылғандықтан, актерлердің үстіндегі көзге еленбейтін ақ-сұр матадан тігілген жұпыны костюмдері белгілі бір кезеңге немесе нақты бір ұлтқа арналмаған.

Аталмыш қойылымдағы баталдық, яғни, соғыс сахналары да ерекше көрініс тапқан. Осы тұрғыда кейіпкерлердің ат үстінде жауға шауып, бір-бірімен қылыш айқастырып, найза түйреп, сойыл мен шоқпар арқылы соққы жасап жатқанындары тікелей емес астарлы түрде, демек, еш бутафориялық элементтердің көмегіне сүйенбеген актерлердің пластикалық іс-қимылдары арқылы көрсетілген. Әсіресе, ұлы жырау – дана Кетбұғаның арқасында моңғолдардың қаһарлы әміршісі Шыңғыс ханға жас ханзада Жошының өлімін естірткен жері көрермен қауымның назарын аударып, есінде қалған көріністердің бірі болды. Дәл осы эпизод барысында «Ақсақ құлан - Жошы хан» күйінің мұңлы күмбіріне билеп, домбраның келбетіне жан-тәнімен енген актриса мұңлы дыбыс шығарып жатқан аспапқа айналып кеткендей болды.

Елінің тарихына деген қызығушылығын оятып, өз бетінше ізденуіне итермелейтін туындының ұлтымыз үшін, оның болашағы үшін маңызы зор!

                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                        Дана ӘМІРБЕКОВА



Бөлісу: