Эстетикалық тəрбиенің негізгі құралы – өнер. Өнер түрлеріне – көркем əдебиет, бейнелеу, графика, би, театр, кино, музыка т.б жатады. Осылардың ішінде музыканың адам өмірінде алар орны айрықша. Себебі шынайы өмірдегі сан алуан құбылыстардың, соның ішінде рухани және материалдық құндылықтардың барлығы адамға, табиғатқа қатысты болып келеді. Ал әдебиеттің басты құралы болған адамзаттың және оған қатысты дүниелердің барлығы шығармада көрініс табатыны секілді музыкаға қатысты дүниелердің де көркем шығармада көрініс табуы тосын жайт болмауы керек. әуен дегеніміздің өзі жалпы өмірдің, бүкіл дүниенің қимыл іс-əрекетін, шындығын, ритімін, образдарын бейнелейтін өнердің бір түрі болғандықтан қоғамдағы орны әлдеқашан айқындалған болатын. Əдебиетті біз қоғамның айнасы десек, музыка сол қоғамның ажырамас бөлшегі. Музыка мен əдебиетті байланыстырушы – қоғам. Образдар жүйесі, тақырып, мотив, сюжет -барлығы шынайы қоғамдық өмірден өз бастауын алады. Сондықтан да музыканы біз əдебиеттен бөліп-жара алмаймыз.
Əдебиет пен музыканың өзіндік жеке бағыт-бағдары болғанымен де екі өнерді бір арнаға тоғыстыратын ортақ қасиеттер бар. Бұл екі өнерді байланыстырушы – күй, ырғақ. Адамға тән қуану, қайғыру, сағыну, шаттану секілді əр түрлі күйге түсуі, әр түрлі эмоцияда болуы, адамның психологиялық қалыпқа түсуі заңды құбылыс. Ал осы күйді біз əдебиеттен де музыкадан да кездестіре аламыз.
Платон «Музыка адам жанын жоғарыға ұмтылдырып, ең кемел әрі шынайы болмысқа ақыл жүгіртуге алып келеді. Музыка адам жанын қалыптастыру мағанасында түсінгені сияқты адамды тәрбиелеуге үлес қосады. Егер тәрбие дұрыс болмаса, онда керісінше болмақ», – деп муызканың тек жанды ерекше күйге бөлеуден өзге тәрбиелік қызметінің де бар екенін айтады. Ал француз ақыны Стефан Малларме «музыка – оқырманға өмір шындығын бейнелеуде қосымша құрал болады» деп музыканың көркем шығармадағы орнын бағалайды.
Музыка – ерекше күшке ие. Ол адамның 62 тамырырына жайылып, адамның əр түрлі ішкі толғаныстарына, эмоциясына, жан дүниесіне өз ізін қалдыра алады.
Музыкалық дыбыстардың қасиеті, жаратылысы жайында мынадай аңыз бар деседі: Құдай адамның денесін жаратып, жанға оған кіруге әмір береді. Жан ұзақ уақыт бұдан бас тартады. Сонда Құдай оны музыка арқылы адам жанымен бір бүтінге айналдырады. Адамның бойында «материалдық» пен «руханилықтың» музыка арқылы қосылуы адамды жаратқан екен. Осыдан музыканың қаншалықты терең дүние екенін байқауымызға болады.
Қазақ әдебиеті музыка өнерінен кенде емес. Сонау халық ауыз əдебиетінен өз бастауын алған, тарих тұңғиығынан бүгінгі күнге дəстүрмен ұштасып жеткен бесік жыры, шілдехана, сыңсу, жар-жар, тойбастар, жоқтау өлеңдер, домбыра, қобызбен сүйемелдеп өлең айту дəстүрі біздің ұлттық кодымызды айшықтаушы өнердің бір түрі. Осы құндылықтардың ұрпақтан-ұрпаққа қол үзбей жеткізілуінің өзі қазақ əдебиеті мен мəдениетінің мықты екенінің айғағы. Соның ішінде қазақта ерекше атап өтер күй аңызы деген болған. Күй аңызы – музыка әлемінде тек қазақта ғана бар өзгеше байлық.
Ертеде ел арасында "Бозінген" күйі туралы ел аузында, халық арасында жүрген аңыз болған. Аңыздың қысқаша желісі мынадай: ерте уақытта бір үлкен жұт болады. Елде жөнді мал қалмайды. Бүкіл ауылды жұттан қалған жалғыз бір бозінген асырайды. Көпшіліктің күн көріп отырған бозінгені бір күні иімей қалып, жан сақтап отырған халық қатты сасады. Содан соң, пәлен жерде бір асқан күйші бар екенін естіп, кісі жіберіп, соны алдырады. Егер күйші бозінгенді идіріп берсе, сол ауылда бір сұлу қыз бар екен, соны бермек болады. Күйші домбырасын күйлеп, ағызып тарта жөнеледі. Күйге құлақ салған бозінген иіп қоя береді. Мұндағы музыканың құдіреті адам түгіл түліктің іші бауырын елжіретіп, жүрегін жұмсартып, идірткенінің өзі қайда жатыр?! Күмбірлеген күйдің денені шымырлатып, бойды жаулап алатын қасиеті бар. Ол туралы Абай атамыздың мына өлең жолы мысал бола алады: «Құлақтан кіріп, бойды алар, жақсы əнмен тəтті күй» – дейді.
Өнерді сүймейтін, оған тамсанбайтын адам болмайды. Оған Мағжан Жұмабаев: «Əр адамның сұлулық сезімдері əр түрлі нəрседен оянымпаз болады. Біреуі музыкадан, біреуі сұлу суреттен, енді біреудің поэзиядан əсер алуы мүмкін. Искусствоның əйтеуір бір түрінен лəззат алмайтын, біреуіне құмарланбайтын адам болмайды», - дейді.
Әрбір автор өз шығармасындағы кейіпкерлердің образдар жүйесін, олардың тағдырын оқырманға қайталанбастай ерекше етіп жеткізуге тырысады. Автордың өз ойын жеткізуге қара сөздің құдіретін еселей түсетін және образдардың бейнесін ашу мақсатында музыканы шығармасына арқау етеді. Осы мақаламызда Ғ.Мүсіреповтің «Жапон балладасын», А.И.Купринаның «Гранатовый браслет», А.С.Пушкиннің «Моцарт и Сальери», Л.Н.Толстойдың «Война и мир», Х.Муракамидің «Норвежский лес» шығармаларындағы музыканың рөлі туралы айтатын боламыз.
Ғ. Мүсіреповтің «Жапон балладасы» – 1945 жылғы тамыз айында Хиросима мен Нагасаки қалаларында болған сұмдық зардаптың салдарын, қарапайым халықтың жай-күйін, шерлі зарын көркемдеп жеткізген туынды. Бұл жыр үш әңгімеден: көздің, арқаның, тастың әңгімесінен тұрады. Соның ішінде арқаның әңгімесінде «Жапонның музыкасы да, әлемге таныс сурет өнері де өзінің жаратылыс табиғатынан көшіріп алғандай. Сондықтан болу керек, жапон баласы бір бұтаны сындырмайды, жапон көгалдарын адам аяғы таптамайды. Алдыңғы жағымнан жапонның мұңды бір музыкасы естілді. Абыройсыз соғысты басынан кешірген жапон бұл кезде ылғи мұңды музыка ойнайтын. Күн ыстық, музыка үні әлдекімнің ауласынан келеді». Осы бір мысалдан жазушының қайғылы оқиғаның бетін ашпай тұрып оқырманды алдын-ала оқиға желісіне дайындауын, ішкі түйсігіне күмән туғызу мақсатында осы бір элементті ұтымды пайдалануын көреміз. Сондай-ақ автор осы тұста аз сөзге көп ақпарат сыйғыза білумен қатар адам сезіміне әсер етуді мақсат тұтқан секілді. Шығармадағы музыканың көркемдік қызметі тарихи оқиғаға қатысты қосымша əсер ретінде жұмсалып тұр. Музыка – халық қайғысымен қосылып, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтап қайғылы əуенін ойнауда. Ойнап тұрған əуен орын алған трагедияның қайғысын жоқтап сонымен бірге жылауда, мұңаюда. Мұңды музыка еске алғысы келмейтін ескі жараның аузын тырнағанмен бірдей әсер қалдырады [1].
А.И.Купринаның «Гранатовый браслет» атты повестінде Бетховеннің екінші сонатасы шығарманың негізгі идеясын ашады. Шығарманың фабуласы: Жазғы демалыстағы саяжайдағы оқиға баяндалады. Князьдың әйелі Вера Николаевнаның туған күні болады. Оның князьға деген махаббаты шынайы достық пен сыйластыққа құрылған болатын. Оның туған күніне туыстары мен достары келеді. Сол кезде князьдың әйеліне бейтаныс біреуден сыйлық келеді. Қорапты ашып қараса, ішінде анармен безендірілген жасыл тасты білезік пен хат болады. Хатта «сіздің өлгенге дейінгі және өленнен кейінгі қызметшіңіз» деп аты-жөнін Г.С.Ж деп құпия қалдырады. Бұны көрген князь осы адамды ертесіне іздестіреді де сыйлықты өз иесіне қайтарады. Ол оның әйелін сүйетінін мойындайды және соңғы рет хат жазатынын айтып князьдан рұқсат сұрайды. Князь оған аяушылық жасап, еркіне жібереді. Бұны күйеуінен естіген Вера оның өз-өзіне қол жұмсайтынын сезеді. Ертесіне таңертенгі газеттен Г.С.Желтковтың өзіне қол жұмсағанын біледі. Кешке пошташы оның соңғы хатын әкеледі. Желтковтың өмірінің жалғыз мәні Вера Николаевна екенін жазып «бұл құдайдың маған берген жалғыз сыйы еді» дейді. Егер мені еске алсаң Бетховеннің екінші сонатасын тыңдауын өтініп, оған өмірде осындай қуаныш сыйлағанына алғыс айтады. Сол кезде Вера мың жылда бір рет келетін шынайы махаббаттынан айырылғанын біледі де күйеуінен ажырасады. Бетховеннің әуенін естігенде қатты жылайды.Ол сәтті автор былай суреттейді: «Вера талды құшақтап жылайды. Сол кезде ғажайып әуен оның қайғысына ортақтасып, «сабыр сақта, мен сенімен біргемін...» дегендей болады» деп аяқтайды [2].
Автор музыканың көмегімен сюжетте басты қаһарманының сезімін музыка арқылы оқырманға жеткізе білді. Мұндағы музыка ғасырда бір келетін махаббаттың символы еді. Олардың барлық сезіміне, қайғы-қасіретіне, махаббат трагедиясына музыка куә еді. Музыка – Вераның жалғыз жұбанышы бола алды.
А.С.Пушкин «Моцарт пен Сальери» трагедисы. Музыка бұл жерде кейіпкерлердің арасындағы кейкілжіңнің басты себебі болады. Кейіпкер мұнда тек қана музыка туралы айтып қана қоймайды, сондай-ақ музыка шығарманың негізгі өзегі болады. Бірінші сахнада Моцарттың туындысын соқыр скрипкашы ойнайды, сосын Моцарттың өзі фортепианомен өзінің жаңа туындысын орындап береді. Екінші сахнада Моцарт тағы да өзінің «Реквиемін» ойнайды. Пушкиннің бұл трагедиясында қызғаныш сезімінің адамның бойын қаншалықты қыйнайтынын музыка арқылы жеткізіп тұр. Ол Моцарттың музыкасынан рахат алған сайын оның қызғаныш сезімі одан әрі тереңдей түсті. Ақыр соңында Сальери қызғаныш сезімге бой алдырып, Моцартқа у беріп өлтіреді. Автор бұл жерде музыкант Моцарттың жарқын образын ашуда тек қана музыканы нысанаға алады. Пушкин Моцартты сөйлетпейді, оның музыкасын сөйлетеді. Ал Сальери қанша талантты музыкант болса да автор оның ешқандай туындысын орындатпайды. Мұнда музыканттың ғана образы ашылмайды, сонымен қатар музыканың да образы көркемдік дәрежеде. Моцарттың Реквиемі ол өлгенге дейін авторға қара адам болып көрінеді. Өзінің композиторы үш аптадан бері алаңдатып, Моцартқа маза бермейтінін Сальериге айтады. Оның себебі өзінің шығарған музыкасы Моцартқа оның өлімі туралы белгі бергісі келеді. Бірақ оны Моцарт кеш түсінеді де оқиға трагедиямен аяқталады [3].
Л.Н.Толстойдың «Война и мир» шығармасында да музыканың мәні зор. Музыкаға деген махаббат, музыкаға деген сезімталдық, кейіпкерлердің таланты Толстой үшін құнды. Оның қаһармандары тек қана классикалық музыка туралы біліп қана қоймай, ән салады, әр түрлі аспаптарда ойнайды. Халықтық музыканы, әнді, музыкалық аспаптарды бағалайды, құрметтейді. Толстойдың бұл шығармасы образдар бейнесін ашуда тікелей музыкамен байланысты. Автор кейіпкерлердің өнерге деген көзқарасынан астарлы жасырынып жатқан жалған сезімді немесе жан дүниесінің терең сезім иірімдерінде жатқан шынайы сезімді ажыратып тану мақсатында ұтымды пайдаланады. Музыка арқылы жаңа сезімдер лаулайды, сонымен ұштасады немесе жүрек жарасын тебірентіп, естеліктерді еске түсіреді [4].
Жапонның жазушысы Х. Муракамидің шығармаларындағы музыканың алар орны ерекше. Мураками джаз стильінің жанкүйері. Оның музыкаға деген махаббатын кез келген шығармасынан байқауымызға болады. Оның шығармаларында қырықтан аса музыкаға сілтеме берілген.
«Музыка ойнап жатқанда,– биле! Биле де тоқтама! Музыканы тыңда да, тактісіне биле! Егер сен тоқтайтын болсаң – біз саған көмектесе алмаймыз!» дейді. Бұл ұран өмірдің негізгі идеясы іспетті. Себебі өмір әрқашан қимылдан, іс-әрекеттерден тұрады. Муракамидың кейіпкерлері ритммен, музыкалық стильмен өмір сүреді. Рок-н-ролл, джаз, блюз, классика, диско – образдармен бірге тұтасып, бір ритмада өмір сүреді. Кейде кітапты оқып отырған кезде концертте отырғандай немесе күйтабақпен әуен тыңдап отырғандай күй кешеің. Музыка адамда әр түрлі стимулды қалыптастырады. Мысалы «Норвежский лес» шығармасында қаһарман ұшаққа отырғанда Beatles-дың «Norwegion wood» атты өлеңі ойнайды. Сол кезде кейіпкер 20 жылға артқа лирикалық шегініс жасайды. Бұл әуен оның алғашқы махаббатын еске түсіреді. Басты кейіпкер өзінің қайғылы махаббатын еске алғысы келмесе де еріксіз әуеннің әсерімен ескі сезімдерін еске алады. Музыканың негізгі құдіреті де осында! Герой не істесе де музыкамен істейді. Көркем туындыда автор кейіпкерлерін музыкамен байланыстыруға тырысады. Мәселен кейіпкерлеріне радиодан, күйтабақтан әуен тыңдатады немесе өзі өлең айтқызады немесе пианино, гитарада ойнатады. Тіпті Beatles-дың «Norwegion wood» атты өлеңі шығарманың атауына арқау болған екен [5].
Жоғарыда келтірілген мысалдарға қарап музыканың образдар жүйесін, шығарманың сюжеті мен композициясын ашуда көркемдік қызмет атқаратынын көреміз. Көркем әдебиеттегі музыканы қолданудың басты мақсаты – адамның эстетикалық қажеттілігін қанағаттандыру. Музыка адам жанының ажырамас бөлшегі. Әдебиет пен музыка бірін-бірі толықтырып, бізді көркемдік образды терең түсінуге, авторлық көңіл-күйді сезіне білуімізге көмектеседі. Музыканың адам жанын өзіне бағындырып алар қасиеті бар. Ол тыңдаушыларды өзіне бағындырып алып, бойына әр түрлі сезім ұялатады. Музыка тілсіз тілді сөйлете алады. Неміс композиторы Кристов Глюктың пікірінше «суретте бояудың орны қаншалықты маңызды болса, музыканың поэтикалық туындыдағы қызметі соншалықты маңызды». Ал оны көркем туындыда ұтымды пайдалана білу автордың шеберлігіне байланысты.
Пайдаланылған əдебиеттер тізімі:
1. Ғабит Мүсірепов Өмір жорығы: Әңгімелер. Алматы: Жазушы 2003ж.-256 бет
2. А. И. Куприн. Собрание сочинений в 9 томах. Том 5. М.: Худ. литература, 1972. С. 227 -- 271.
3. Пушкин А. С. Полное собрание сочинений в 10-ти тт. – М.: Терра, 1996 – Т. 4. – 528 с.
4. Л. Н. Толстой. Собрание сочинений в восьми томах. Т. 3,4. М., "Лексика", 1996.
5. Х. Мураками. Норвежский лес. Издательство: Эксмо, 2003. – 368 с.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс магистранты Байдетова Қанымай Қайратқызы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінің доценті Данат Жанатайұлы Жанатаев