Әттең, осы жиналған тәжірибеммен университеттің бірінші курсына қайта оралсам. Сабаққа көбірек көңіл бөліп, электив курстарына алдын ала тіркеліп алып, соңғы жылдарға азырақ жұмыс қалтыратын едім. Өмірімді бес жылға дейін, оқуымды да, дипломдық жоба жұмысымды да, университеттен кейін айналысатын ісімді де жоспарлап қоятыным сөзсіз. Бұндай жағдайда ешбір қателік жібермей, мектеп қабырғасындағыдай тек ең жоғарғы көрсеткіштерге ие болуым да әбден мүмкін. Болашақта не істеп, не бітірерімде еш күмән болмайтын еді.
Ал қазір болса, университеттің соңғы оқу жылындамын. Көктемнің басталуына да бірер күн қалды. Оқудан кейінгі жоспарларымды нақты білсем де, оған қажетті әрекеттерімді жөнді бастаған жоқпын. Кофеден рақат алып отырғанда немесе үй тапсырмасын орындауға күш жинап жатқанда, жоғарғыдай ойлар жиі басыма келеді. Мен ғана осы тәріздес ойларға батып кетемін бе, әлде бұл менің жасымдағылардың барлығына тән құбылыс па, кім білсін.
Әдетте, семестр аяқталысымен, келесі жартыжылдыққа жоспар құруды бастаймын. Сабақты қалай оқу керек, бақылауларға қалай дайындалу керек, тайм-менеджмент және тағы басқа өміріңді тәртіптеу және жөнге келтіру стратегияларына беріліп кететін әдетім бар. Бұл дағдылығым жаңа аптаның басталуына да орай шағын түрде жоспарлау, мақсаттар қою сынды әс-әрекеттерге айналады. Оларды барынша жүзеге асыруға тырысамын. Кейде, тіпті, нәтижеге де жететін уақыттар болады. Басқа жағдайларда жаңа романды оқып алып немесе өткен ғасырда шыққан киноны көріп, ойым басқа жаққа ауып кететіні де аз емес. Бұл қырымның себебі ата-анамның екі түрлі мінездерінің менің ішімде біріге алмауынан ба деп ойлаймын. Әлде шығармашылыққа жақындығымнан болар. Шығармашылыққа жақындығым сонша, өзіме қызықты сурет болсын, бірде бір туындыға ие емеспін.
Сол кезде былай істегенім дұрыс болар еді. Басқаша әрекет еткенімде, қазір не болар еді. Өтіп кеткен уақыттағы қателіктеріңді әлдеқалай ақтаудағы әрекеттер. Өзгеріске келмейтін оқиғаларды өзгерткендей болып, сеніп кетесің. Бұл өзіңнің қателіктеріңнен сабақ алу ма, әлде шындықты көтере алмайтын жігерсіздік пе? Не болмаса, осылайша біз есейеміз бе?
Қайткенмен, бұл ерекшелігімнің бар болғанына көп болған жоқ. Қайдан, қалай пайда болғанын өзім де білмеймін. Жақсы не жамандығында да сенімді емеспін. Бірақ бар. Кейде осы ойларыма батып кеткенде, толқынның өзі жағаға лақтырғандай, нақты шешімге келемін, сенімділік пайда болады, немесе көздеген жоспарларымды іске асыруға ынта туады.
Сөздің қысқасы, адам баласына қателесу, күмәндану, өкіну – тән қасиет. Теріс ойлар мен сезімдер болмаған жағдайда, бақытты мезеттерді бағалау да аяқталатын тәрізді. Менің ойымша, өзіңді бар ақауларыңмен қоса қабылдай білу арқылы ғана жан тыныштығы мен жарасымына жақындай түсуге болады. Тек осы жолмен ғана параллельді ғаламда бейнеленген тұлғаға айналуға болады емес пе?