Пандемия кезіндегі білім беру жүйесі: Ұттық па? Ұтылдық па?
блог
Жер әлемді жаулаған пандемия өз әсерін тигізбей өткен сала жоқ шығар, бәлкім. Білім беру жүйесін де бұл пандемия айналып өтпеді. Ес білгелі дәстүрлі форматта мектеп қабырғасында білім алып жүрген оқушыларға онлайн білім беру жүйесі қиынға соқты. Онлайн білім беру жүйесі барысында ұттық па? Әлде ұтылдық па?
Дәстүрлі емес форматта білім алуды білім және ғылым министрлігі қатаң бақылауда ұстады. 2020 жылдың наурыз айынан басталған жаңа оқу жүйесі әр түрлі форматтарда өз ісін жалғастырды. «Балапан» және «Ел Арна» арналарында таңертеңгі уақытта видеосабақтар трансляцияға шығып жүрді, кейінірек сабақты бекіту үшін мұғаліммен онлайн байланыста болып тапсырмаларын жүктеп қоятын болды. Алайда, осы тұста ата-аналарға қиынырақ болды. Себебі, мемлекеттік қызметте жұмыс атқаратын ата-аналар балаларының сабақа үлгерімін жеке отырып қадағалай алмайтын және сәйкесінше бала төмен балл алып қалатын жағдайларды өзім кездестірдім. Бір жағына ата-аналар мұғалім-ұстаздардың қадір-қасиетін одан да зор түсіне бастады деп ойлаймын. Бір баланың сабағын қадағалаймын дегенше үй мүшелерінің ешқайсысына тыным болмайтын. Ал ұстаздар болса қол астындағы 20-25 оқушыны қадағалап отыратын еді.
Осы тұста білім беру жүйесіне қатысты әр түрлі сайттар қолданысқа ене бастады. “Күнделік” жүйесі оқушылар мен оқытушаларға өте көп көмегін тигізді. Оқытушы өз тарапынан сабақ тақырыбына сай видеороликті жүктеп, соңына тапсырмаларын салып қояды. Оқушының міндеті: сол видеороликті көріп, тапсырма-тесттерді оқытушы белгілеген уақытқа дейін орындап үлгеру. Өте ыңғайлы, әрі оқытушы да барлық оқушыны қамтып үлгеретін болды. Осы тақырыптқа қатысты Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мырзаның Егемен Қазақстан сайтындағы “Пандемия жағдайындағы Қазақстанның білім беру жүйесі ” атты мақаласынан үзінді келтіре кетсем: “Атап айтқанда 2,4 млн адам оқушы Интернет арқылы білім алып жатыр. Оларға жұмысын жандандырған «Daryn.Online», «BilimLand» интернет-платформалары және «Күнделік» жүйесі қолжетімді. Бұл платформаларда балалар оқу бағдарламасына сәйкес видеосабақтарды тауып, оларды қарағаннан кейін мұғалімдерінен тапсырма алады және өткен материалдар бойынша сұрақтарға жауап береді. Қажет болған жағдайда видеосабақты қайта қарауға және туындаған сұрақтарды мұғалімдермен талқылауға мүмкіндік бар. Ерекше қажеттіліктері бар балалар оқитын кейбір мектептерде педагогтер сабақтарды көбіне Microsoft Teams, Meet by Google Hangouts сияқты басқа да шетелдік стримингтік жүйелер арқылы өткізеді.”
Атап өтетін жағдай, пандемияның арқасында Қазақстанда онлай форматта білім беретін орталықтардың саны артып, сапасы жоғарылап, алдыңғы қатарға шыға бастады. Жоғарыдағы Асхат Аймағамбетовның сөзінде атап өтілген «Daryn Online» интернет-платформасы өте керемет нәтижелер көрсетіп, көштің басында болды. Әлем тақырыбынан қалыспай, осы мәселеге байланысты «Daryn Online» республикалық білім беру платформасының ұйымдастыруымен «Карантиндегі білім беру: Қазақстан және Әлем» атты баспасөз конференциясын өткізген болатын. Конференцияда «Daryn Online» білім беру платформасының негізін қалаушы, идея авторы Айбек Қуатбай, жоба кеңесшісі Садық Шерімбек, «Daryn Online» платформасының директоры Асқар Мақсат пандемия кезінде білімнің сапасын жақсарту үшін тың жоспарларды алға тартып, бірқатар мәселелердің түйінін көрсетті.
Бұдан бөлек Достық, Арай білім беру орталығы, ErkinStudy онлайн-офлайн білім беру орталықтарының да белсенді жұмыс атқарып жүргенін басты назарға алған жөн. Аталмыш білім беру орталықтарында жаңа технологияларды қолдану, білім беру жүйесіндегі тың әдістер мен тәсілдерді қолдана отырып, әр оқушыға жеке индивидуалды түрде сабақ кестесі, оқушының білім деңгейіне байланысты топтарға жіктеу арқылы барлық жағдайды қарастырады. Білім беру орталықтарының мақсаты: 10-11 сынып оқушыларына мектеп программасында бекітілген он шақты сабақтың орнына, жалпылама міндетті болып саналатын 3 пәндер мен өзінің таңдау 2 пәндерін алға тарта отырып, әлсіз тұстарына көбірек көңіл бөлу. Осылайша, олардың міндеті: оқушының Ұлттық Бірыңғай тестілеуден жоғары көрсеткіш көрсетіп, нәтижесінде Жоғары оқу орнына грант ұтып алуына көмектесу.
Пандемия кезіндегі қалалық жердегі білім беру жүйесі интернет желінің жақсы болуынан аса қиындық туғызбады. Ал ауылдық елді мекендерде интернет желісінің нашарлығы көріне бастады. Онлайн видеороликтерді толығымен көріп шығу үшін, тапсырманы арнайы жүйеге жүктеу үшін интернет жылдамдығы жеткіліксіз еді. Осы себептен оқушылар мен ата-аналарға ауыр соққы болды. Менің ойымша, пандемияның арқасында Қазақстандағы әлсіз тұстары тайға таңба басқандай айқын көріне бастады. Дамыған заманда дамымай қалған – интернет. Шалғай елді-мекендерге желіні жақсартуды барынша басты назарға алып, дереу іске кірісу керек деп ойлаймын.
Қорыта келгенде, жер әлемді жаулаған пандемияда ұтылған да, ұтқан да тұсымыз болды. Білім беру саласында сайттар мен білім беру орталықтарының саны мен сапасы өскендігі жағынан ұттық деп ойлаймын. Ал білім беру жүйесіндегі интернет желісі шалғай жерлерде нашар екендігі жағынан ұтылдық деген ойға келдім.
Данат Жанатаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті,
философия ғылымының кандидаты
Талшын Бақытжанова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
1-курс магистранты