Осыған дейін де айтылып, бұдан кейін де айтыла беретін бір нәрсе бар. Ол – өзіңе қатысты дүние. Сен әуелі біреуге бірдеңе демес бұрын өзіңе қарап ал. Өзіңнің қандай екеніңді білген соң ғана барып, өзге туралы пікір айт. Кемшіліксіз пенде жоқ. Егер іздесеңіз бүкіл адам баласынан миллион кемшілік таба аласыз. Алайда, бұл кім үшін керек, егер өзіңде сол кемшіліктер боп тұрса...
Кім айтқанын білмедім, мына сөз мені есеңгіретіп тастады. "Егер адам біреудің бойынан кемшілікті көріп қоя берсе, онда оның бойында да сол кемшіліктің болғаны" дейді. Бұл психологияда да бар дүние екен. Мойындайсыз ба?
"Біреудің мінін тергенше,
Жамандығын көргенше
Өз ойыңды мазалап,
Өз бойыңды тазалап
Өзіңмен күрес өлгенше!" – деген Шәкәрімнің сөзін неге ұмытып кете береміз?! Біз біреуге ақыл айтуға неге шебер боп алдық?!
Күрестердің ұлысы – өзіңмен күрес. Неге адам өзгеден емес, өзінен жеңіліп қала береді?! Осы сұрақты өзіңе жиі қойған артық етпейді. Мүмкіндігінше өзіңнің ішіңе үңілуге тырыс. Бірдеңе тапқанша қаза бер. Өзіңді ешқашан ақтама. Ділмарсудан, шешенсуден аулақпын, алайда әркім өзін жөндегені дұрыс шығар...