Ойын арқылы қалай оқытамыз?

Ойын арқылы қалай оқытамыз?
жеке
блог

Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, шығармасыз, ойсыз толық мәндегі ақыл ой тәрбиесі болмайды деп санайды ұлы педагог Сухомлинский. Расында да, ойын – тек мектеп жасына дейін ғана емес,  одан кейін де баланың негізгі іс-әрекетінің біріне айналу керек. Өйткені кішкентай сәби өмірдің өзін ойын арқылы танып, дүниетанымын кеңейтеді, ақ пен қараны ажыратып, түрлі ситуациялық жағдайлармен бетпе-бет келіп, тығырықтан шығу жолдарын үйренеді. Бірақ сәби мен мектеп жасындағы баланың арасында біршама айырмашылық бар. "Орта және негізгі буын оқушыларын оқытуда ойын элементтерін қолдану орынсыз болмайды ма?" деген сұрақ та туындайды. Бұл жерде ең басты нәрсені ескеру керек: ойын үстінде баланың тілі дамып, бір затқа бейімділігі, мүмкіндігі және қызығушылығы анық байқалады. Оқушының тілі, ой өрісін дамыту ойыннан басталады. Оқушының құрбы - құрдастарымен әртүрлі ойындар ойнауының өзі тілінің жеке тұлғалық қасиеттердің қалыптасуындағы алғашқы баспалдағы болып саналады. Осыған орай М. Жұмабаев баланың ойыны туралы: «Баланың қиялы, әсіресе ойында жарыққа шығады. Ойын балаға кәдімгідей бір жұмыс. Ойнағанда да бала өз әсерлерін пайдаланады" - деп ұлттық тұрмысымызға тән ойын үстіндегі бала болмысын, психологиясын суреттейді. Ойын мазмұны мен түріне қарай: мазмұнды - бейнелі, қимыл қозғалыс, дидактикалық, құрылыс, кейіптендіру ойындары болып бөлінеді. Оқушылардың топтасып, бірлесіп ойнаған ойындары арқылы бала бойында жақсы әдеттер мен адамгершілік қасиеттер қалыптасады, бірнәрсені білуге құмарлығы артып, танымдық қабілеттері дамиды, қимылдары жетіледі. Ойын процесінде жолдастарына тілектестік қарым - қатынасы қалыптасып, олармен санаса білуді, қиын жағдайларда көмекке келуді, ойын материалдарын қолдануда келісім жасауды, дауларды әділ шеше білуге үйренеді. Бұған кәсіби педагогикалық сараманнан өткенде де көзім жете түсті.  Үш ай бойы Назарбаев Зияткерлік мектебінің дарынды оқушыларымен жұмыстану барысында сабақ форматын түрлендіріп отыру қажеттілігі туындады. Оқушылардың қызығушылығын арттырып, сабақты игерту үшін ойын элеметтерін қолдандым.

      Ең алдымен, орта буын мен негізгі буын сыныптарының жас ерекшелігін ескеру керек. Екіншіден, ойындарды құрастыруда сабақ тақырыбынан ауытқып кетпеген жөн. Үшіншіден, түрлі жағдайға дайын болған абзал. Мәселен, ойын болған жерде оқушылар арасында айтыс-тартыс, келіспеушілік туындауы, жағдайға сай ойын ережелері өзгеріп отыруы мүмкін. Сондай сәттерде оқу мен ойын арасындағы үйлесімді сақтай білу - ұстаздың біліктілігін көрсетеді.

       Қазір білім беру дәстүрліден жаңартылған жүйеге көшіп, мұғалімнен инновациялық әдіс-тәсілдер арқылы оқытуды талап етіп отыр. Сондықтан да білікті ұстаз ретінде сабақтың басынан рефлексиясына дейін қолданатын әдісің  оқушыларды жалықтырмайтындай тың, әр сабақ сайын жаңарып отырса, оқытудың нәтижесі көріне бастайды.

      Ойын элементтерін көбіне сабақ тақырыбын болжауда, қорытынды сабақтарда, теориялық тақырыптарға тапсырмалар дайындағанда, сабақты бекітуде қолдануға болады. Сабақ тақырыбын болжауды ойын түрінде ұйымдастыру арқылы оқушының сабаққа деген назарын аудартамыз, сыни ойлау дағдысын жетілдіреміз. Бұл ретте "Джованни құпиясы", "Леонардо да Винчи", "Мен кіммін?", "Жұмбақ зат", "Тұлғаны таны", "Жүгірме диктант" сынды ойындар ойнаттым. Кейде оқу жоспарындағы тақырыптар тақырыптық жағынан ұқсас келіп қалады немесе сағат артылып қалады. Осындай жағдайда күнделікті оқылым, айтылым, тыңдалыммен оқушыларды жалықтырмас үшін сабақ форматын ойын түрінде ұйымдастырамыз. Мысалы: Ток-шоу, квест-сабақ, "Қызық екен", "Көріпкелдер шайқасы", "Поле чудес", " ХХІ ғ. көшбасшысы" және т.б. Сабақты бекітуде "Домино", "Лоторея", "Балықшы", "Ұшатын сұрақ" сынды ойын элементтерін қолдануға болады. Сонымен қатар ұлттық ойындармен де байланыстырып оқытуды ұйымдастырып көрдім. Соның ішінде оқушыларға ұнағаны - "Асық ату",  "Ақсүйек".

      Қорыта келе, ойын - ұстаз бен оқушы арасындағы қарым-қатынас құралының бірі. Егер ойын мен оқыту үйлесім тапса, оқушылар алған білімді сапалы игеріп, оны күнделікті тұрмыс-тіршілікте пайдалануға үйреніп,  шығармашылық ойлау қабілетін дамытады.