Сонау қазақ хандығының тұсынан бері біздің тәуелсіздік алған уақытымызға дейінгі қазақтың қазақ болып, мемлекет болып сақталуына қаншама хандар, кешегі Алашордашылар, Қайраттар мен Дінмұхамедтер бүгінгі Нұрсұлтандай тұлғалардың арқасы. Отаны үшін отқа түскен бұл батырлардың еңбегі зор. Сингапурды аяққа тұрғызған Ли Куан Ю секілді, Үндістанға азаттық алып берген Махатма Ганди секілді, ОАР-ды апартеидтен құтқарған Нельсон Мандела секілді бұлардың қазақ халқын жоңғарлардың опатты шапқыншылығынан, Сталиндік геноцидтан аман алып қалған ұлтқа қызметі, тарихымызға алтын әріппен жазылған.
Әрбір Алаш зиялысының арманы қазақ қоғамының көзін ашу еді. Саны жағынан аз да болса қазаққа пайдам тисін деп Әлихан жағрафияны, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілін, Халел Досмұхамедов қазақ медицинасына үлесін тигізіп, Міржақып өзінің «Оян қазағын» ұрандап қараңғы қазақ төріне күн болып шыға білді. Одан бертін қазақ тарихында көп айтыла бермейтін Жұмабай Тәшенов атамыздың Хрущевке Қазақстан жерінің 1/3 бөлігін бөліп алуына қазақтар арасынан жалғыз қарсылық танытып, Оңтүстік Қазақстанның Өзбекстанға, Солтүстік Қазақстанның Ресей құрамына өтіп кетуіне кедергі болды. Қазақ халқының Ресей құрамына кіргелі, аңсаған арманы тәуелсіздік алуы болса соған алғашқы алғышартты жасаған қазақ жастары Қайрат пен Ләззаттар болды. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің іргетасын қалап, әлемнің озық елдері қатарына қосқан қайраткер Нұрсұлтан атамыз болды.
Иә, өткен тарихын білмеген ел болашаққа нық қадам баса алмайды, расымен де тарихтан өнеге алынады. Осындай тәуелсіз ел болуымызға үлесін тигізген мақтаныштарымызды білу, отанына осы кісілер секілді адал және кіршіксіз қызмет ету қазіргі жастардың негізгі міндеті.
«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күштi қанатты.
Мен жастарға сенемiн!» - деп айтып кеткен осы бір Мағжан атамыздың өлең жолдары осы блогты жазуыма себеп болғандай, басқаларды да ойландырады деп ойлаймын және атамыздың аманатын арқалауға қазақ жастары толық дайын деп сенемін.