Осы дұрыс па?...

Осы дұрыс па?...
жеке
блог

Бүгінгі қоғамда ана тілін, ата тарихын білмейтін, ұлттық салт-дәстүрден мақұрым жастар, теріс жолға түскен замандастарымыздың, тастанды балалардың, өзінің туған ата - анасын қарттар үйіне өткізетін мейірімсіз ұл-қыздардың, қатыгез ұрпақтың көбейгенін көз көріп құлақ естіп отыр.Орысша-ағылшынша шүлдірлетіп, былапыт сөздердің түр-түрін айтып, аузы шараптан, қолы шылымнан босамайтын замандастарымды көргенде кірерге тесік таппай кететін кездер болады. Бірақ, мұны намыс көріп жатқан олар жоқ. Керісінше, осы қылықтарын мақтаныш ететінін қайтерсіз. Бесіктен белі шықпай жатып, құрсағына бала біткен  мектептегі сіңілілеріміз туралы ақпаратты да қазір қынқ етпестен тыңдайтын дәрежеге жеттік. Қазақ қоғамында мұндай жағдайлардың жиі орын алуына не түрткі болды? Әрине, мұның басты сыры- біздің ұлттық  тәрбиеміздің әлсірегендігінде. Осы дұрыс па?

     Ұлттық тәрбие алған ұрпақтың ақылды, ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы, кішіпейіл болып өсетіні анық.

"Бала ұядан не көрсе, ұшқанда соны іледі" деген  қазақтың нақыл сөзі бекер айтылмаса керек-ті. Ал рухы биік ұрпақ өсіру үшін ұлттық тәрбиеге сүйенген абзал. Сол арқылы ғана біз ұлттық болмысымыз бен төлтума бітімімізді сақтап қала аламыз.

    Ертеңгі ұрпақтың тәрбиесін бүгіннен бастап қолға алып, жастарды өз ұлтын құрмет тұтатын ұлтжанды, Отанын сүйетін патриот ретінде тәрбиелеу қажет. Адамгершілігі жоғары, ұлттық рухы биік, санасы сергек, танымы терең ұрпақ қана ел ертеңі үшін алаңдайды.