Алдашева Камар Сагингалиевна
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының доценті, PhD докторы
Әл-Фараби кітапханасы — Орта Азиядағы жоғары оқу орындары арасындағы ең үлкен кітап қорына ие мекеме. Бүгінгі таңда кітапхана қоры 2 миллионнан аса кітапқа жеткен. Әл-Фараби атындағы кітапхана елдегі ең ірі және жетекші жоғары оқу орындарының кітапханасы ретінде өзіндік міндеті, құндылықтары мен көзқарасына ие.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми кітапханасы 1934 жылы университетпен бір уақытта құрылды. 2012 жылы жалпы ауданы 17 856,6 м2 құрайтын заманауи жаңа ғимаратқа көшті. Кітапхана шығыс стилінің элементтерімен үйлесімді жаңа технологиялармен жабдықталған. Алматы қаласының ең көрікті аудандарының бірінде орналасқан және «ҚазҰУ қалашығы» деген атпен танымал университет қалашығында салынған кітапхана 2014 жылы «әл-Фараби кітапханасы» болып өзгертілді.
Әл-Фараби кітапханасының ғылыми қорды сақтау, басқару және қамтамасыз ету, пайдаланушыларды қажетті ресурстармен қамтамасыз ету, тәжірибені байыту және мүмкіндіктерді кеңейту секілді негізгі мақсаттары айқын көрсетілді. Бүгінгі маңда осы мақсаттар аясындағы міндеттер өз деңгейінде атқарылып келеді.
Кітапханада студенттерге барлық жағдай жасалған. Мұнда абонемент және жылы оқу залдарымен қатар, конференция залдары, элекетронды бөлім жұмыс істейді. Жабдықтардың барлығы заманауи талаптарға сай келеді. Мұнда келген студент компьютер арқылы іздеген кітабының бар жоқтығын бірнеше минутта ғана тексеріп алуына болады.
Әл-Фараби кітапханасы жаңа технологияларды белсенді меңгеруде. Кітапханаға RFID технологиясына негізделген автоматтандыру жүйесі енгізілді, нәтижесінде «IRBIS 64» автоматтандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйесін (АБИС) интеграциялау және университет қызметкерлері мен студенттердің университеттің бірыңғай сәйкестендіру карталарын (ID-карта) кітапхана карталары ретінде пайдалану мәселелері іске асырылды.
Дәстүрлі оқырман формуляры барлық қызмет көрсету бөлімдері үшін бірыңғай электронды оқырман формулярына ауыстырылды. Онда өзекті мәселелер туралы, соның ішінде құжаттарды қайтару мерзімдері мен олардың сақталуын бақылау туралы барлық ақпарат көрсетіледі.
Осылайша, оқырмандардың бірыңғай базасы әр оқырман залында, абонементтерде тіркеу карталарын жүргізу қажеттілігін жойды, сонымен бірге бірыңғай электронды формуляр барлық қызмет көрсету пункттеріндегі қайтару уақытын бақылауға және әдебиеттерді қайтару кідірісіне байланысты келеңсіз жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік берді. Сонымен бірге оқу залында RFID технологиялары негізінде жұмыс жасайтын және оқырмандарға таңдалған әдебиеттерді дербес тіркеуге және оны 3 күнге дейін шығаруға мүмкіндік беретін өзіндік қызмет көрсету бекеттері орнатылды.
Сонымен қатар, көшірме құрылғылары мен «ELARSKAN A2-300» планетарлық сканер орнатылған, оның көмегімен кітапхана пайдаланушылары таңдалған әдебиеттің қажетті беттерін ақысыз сканерлеп, өздерінің электронды поштасына немесе USB флэш-дискісіне жібере алады.
PlayMarket-те қол жетімді Android-ке арналған «әл-Фараби кітапханасы» мобильді қосымшасы әзірленіп, іске қосылды.
Әл-Фараби атындағы кітапхана университеттің ақпараттық, білім беру және мәдени орталығы бола отырып, сапалы білім алуға және жоғары білікті мамандар даярлауға барлық жағынан ықпал етеді; университеттің білім беру бағдарламаларына сәйкес келетін кітап қорын және заманауи электрондық ресурстарды ұсынады; факультеттермен және кафедралармен өзара әрекеттесудің үздіксіз процесінде жүреді: пайдаланушылардың қажеттіліктерін зерттейді, ақпараттық қызмет көрсетеді, үнемі жаңа түскен кітаптар көрмелерін өткізеді, сонымен қатар қаланың және республиканың басқа университеттерімен ынтымақтастықты дамытады.
Университеттің күнделікті оқу-тәрбие және ғылыми процесінде кітапхана өз пайдаланушылары үшін оңтайлы жағдай жасауға тырысады.
Кітапхананың барлық қызметі оқырманды жайлы сезінуге, қажетті ақпаратты алуға, қызметкерлердің дұрыс көңіл бөлуіне және әр келген сайын моральдық қанағаттандыруға бағытталған.