Оралдың вокзалы

Оралдың вокзалы
жеке
блог

Менің мөлдір мұңым мен шырайлы шаттығыма үнсіз куә болатын әлемде екі мекен болса, соның бірі – Оралдың вокзалы. Аузымнан ана сүті кетпеген түлек кезімде Орал вокзалынан өзіме ғана мәлім әрі беймәлім арманыма ілесіп, құлақ естісе де, көз көрмеген Алматыға аттандым. Сол кезде үркек, қорғансыз елік секілді едім. Орал вокзалы аңғал аруын белгісіз қалаға қарай бағыттап, санаулы секундтар ішінде көзден ғайып болса да, көңілден өшпей, мұнартып тұрып алған. Сағынатынымды білдім. Ол да...

Келесі жылы көп жайттың байыбына бара бермейтін жастық шақтың алғашқы баспалдағына табан тіреген бойжеткен боп оралдым. Орал вокзалы қуаныштан жайнап сала берді. Әлде... Әлемді жарқыратып жіберген – анам екеуміздің бір-бірімізді көргендегі қуанышымыз болар. Бәрі шаттыққа шын бөленіп, айналам дөңгелеп сала берді. Жүректе ән шалқып, жанарға жылылық қонды. Бәрі биледі... Көңіл де...

Жыл өткен сайын Орал вокзалы шөгіп бара жатқандай көрінетін. Перзентін күтіп зарыққан кәрі шал сияқты. Кейде вокзалға аяғы тигенде алпауыт қаладан көңілі алып боп қайтқан бойжеткен вокзалдан бастап, бәрін қорашсынып, пендеуи сұрақтардың жетегімен дүние-ғалам уысында тұрғандай алып-ұшатын. Сонда сықырлап әрең тұтанатын сары таксидің түтіні бойжеткенді бүйірінен бір түртіп, шынайы өмірге оралтатын.

Күйбең тірліктің шырмауынан шыға алмай, үлкен арманды тасаға тастап, ұсақ-түйек мақсатқа әрең уақыт тауып жүргенде кездерде жұпыны көрінген Орал вокзалына жетудің өзі бір мұң болатын. Сол кезде сары сағыныш мүжіген жүрегім қайта-қайта шым-шым етер еді.

Кеше, күні кеше вокзалға ұзақ қарадым. Әр тасы, әр бұрышы көзге жылы, көңілге ыстық көрінді. Қауқарым жетсе, құшағыма сыйдырып, мейірлене иіскер едім. Оның иісі де бөлек. Орал вокзалының иісі – Оралымның иісі, балалығымның, бойжеткен шағымның иісі. Ат басындай алтын берсем де, енді ешқашан оралмайтын тәтті кездер Орал вокзалына жасырынғандай, көз алдымда бірде бар, бірде жоқ болып бұлдырлайды. Қуаныш мен мұң араласқан кермек жас жанарыма толып, біресе күлдіріп, біресе жылатады.

Орал вокзалы бұл жолы көңілі босаса да, қатулы қабағын бір ашпайтын қатал әкеге ұқсады. Әрі жақын, ыстық, әрі сондай суық, бөтен. Өйткені бұл жолы ерке ару есейіп, жаңа өмірге екеу болып аттанып бара жатқан еді...