Оңтүстік Корея кітапханасы, болашақтың кітапханасы қандай болмақ

Оңтүстік Корея кітапханасы, болашақтың кітапханасы қандай болмақ
жеке
блог

Бір елдің өткен тарихын мұражайдан, қазіргі жағдайын орта және жоғарғы оқу орындарынан, ал болашағын кітапханасынан көруге болады дегендей, кітапхана кейінгі ұрпақтың қуатты іргетасының қалануына негіз болатын мекемелердің бірі. «Баспасөз шығармаларын жинау, сақтау, насихаттаумен, оқырмандарға баспасөз шығармаларын берумен, мәдени-ағарту және ғылыми-көпшілік жұмыстарын ұйымдастырумен» шұғылданып келген кітапхана бүгінгі жаңа ақпараттық технологиялар заманында көптеген өзгерістерді бастан кешіп жатыр.
 
Мысалы Оңтүстік Кореяның Ұлттық балалар және жасөспірімдер кітапханасы қазіргі таңда тек баспасөз шығармаларымен қамтамасыз етумен айналысып қана қоймай, балалар мен жасөспірімдерге заман талабына сай білім беріп, балалардың шығармашылық қабілеті мен танымдық белсенділігін және цифрлық сауаттылығын арттыруда, сондай-ақ балалардың өз бетінше мақсат қойып, өз бетінше ғылыми-шығармашылық қабілетін дамытуда үлкен түрткі рөлін атқарып жатыр.
 
Бұл кітапхана оқырмандары кітапханада тек баспасөз шығармаларын оқып қана қоймай, роботтарды құрастыру және автоматтандырумен, виртуалды шындық бөлмесінде VR (виртуалды шындық), AR (қосымша шындық) қолданбаларын қолдана отырып ертегілер әлеміне саяхат жасаумен, көркемдік қиялды дамытуға арналған ойын-сауықтарды ұйымдастырумен, MR (аралас шындық) қолданбалары арқылы кітап беттеріндегі әлемді шынайы тәжірибеден өтумен, «Болашақ армандар мен үміттер» орталығында кітап оқып, сол оқыған шығарма туралы өзінің сын-пікірін қалыптастырып, басқа балалармен өз ойымен бөлісумен, жасөспірімдерге арналған мамандық таңдау бағдарламаларынан өтумен, тілші үйірмесіне қатысып журналист болуды үйренумен, сурет салып сол суретті сөмке мен сувенирге баспа жасаумен, сондай-ақ ата-аналар да өзара кітап оқу мәдениетін қалыптастырумен және т.с.с. көптеген іс-шараларға қатысу арқылы ізденімпаз, білімді, бәсекеге қабілетті, ғылыми-шығармашыл жеке тұлғаны қалыптастырумен айналысады.
 
Әр заманның өз талабы бар демекші біз де кітап оқу мәдениетін қалыптастырумен қатар, жаңа технологияларды қолдану арқылы заман талабына сай білім мен біліктілікке баулу үшін әр түрлі ғылыми-шығармашылық үйірмелер ұйымдастырып, жастардың кітапханаға өз еркімен іздеп келуіне түрткі болуымыз керек. Ол үшін еліміздегі кітапханалар шетелдің үздік кітапханаларының тәжірибесін зерттеп, олармен тәжірибемен алмасып, әрдайым ізденіс үстінде, жаңашылдыққа ұмтылуы керек. XXI ғасырда кітаппен болашаққа атты ұранымыз кітапханамен болашаққа болуы керек.

Сурет 1. «Билейтін роботтар» (кітапхананың кішкентай оқырмандары құрастырып, автоматтандырған роботтар). Сурет ақпанның жиырма алтысы G30 K-Library бағдарламасы аясында Оңтүстік Кореяның Ұлттық балалар және жасөспірімдер кітапханасына жасалынған экскурсия барысында түсірілді.