Өмір туралы өз ойым
блог
Өмір деген тұрады: таң мен кештен,
Ғұмырлы екі араны жанмен кешкен.
Құпия, жұмбақ, сырлы дүниеге,
Адамдар армен келіп, армен кеткен, - деп Ш. Сариев жырламақшы, өміріміз қамшының сабынындай тым қысқа. Оның мөлшері, тіпті, азан мен намаз арасындағы уақытқа сыйып кетеді. Расында да, адам өмірі намаз оқылмайтын азан мен азан шақырылмайтын намаз аралығын қамтиды. Бірақ өмірдің мәнін ұға біліп, әрбір уақытын тек пайдалы істерге арнайтын, әр уақытының қадірін білетін жандар үшін өмір тоқтаусыз қозғалыс. Себебі, олар әр сәттің өзіндік бақытын бағалай біледі.
Өмір өзен тәрізді тоқтаусыз, ешкімге білдіртпей өтіп жатады. Кез келген адам біраз уақытқа дейін өзін мәңгі бақи өмір сүретіндей сезінеді... Өмірдің бір қызығы да сол ғой. Солай бола тұрса да, Адам адам болып жаратылғаннан кейін, өсу, есею, ержету, марқаю, қартаю сияқты табиғи үдерістерді басынан кешіруге міндетті. Біз де осы жолдардан өтіп, бұл жалғанды тастап мәңгіге кете барамыз, өмір бар жерде өлім бар, бұл - тағдыр жазған заңдылық.
Бір сәтке ойланып қарасақ, бұл жалған әншейін сынақ қана. Осы уақытқа дейін істеген істерімді саралап отырсам, жақсы істерім шамалы ғана екен. Ал ойланбай от басқан кездерім шашымнан да көп. Осындай қателікке бой ұсынғанымды біле тұра мен әлі бұлардың орнын ауыстыратын жақсы амал істемеппін(((((( Мен қатты өзгергім келеді. Ғұмырымда ерекше орын алатын "уақыт " деген құдіретті күшті дұрыс пайдаланғым келеді. Уақытты тоқтатар шамам жоқ , әрине. Бірақ, әрбір сәтімнің қадірін білу қолымнан келетін шаруа екені анық.
Қалай тұрар бұл көзден мұң көрінбей -
Ғұмыр қысқа көктемнің гүлдеріндей.
Қ. Мырза Әлі