Ол тек параллель әлемде... ("Көңіл күнделігінен")

• Осы ойланып қарасақ бізден бөлек бір әлем бар сияқты. Ол өзінің ағысымен алға жылжып жатыр. Ол жерде адамдар иттерді тірідей өртемейді, ешкім поездың астына секірмейді, ешкім дәрілерді уыстап жұтпайды, он екінші қабаттан секірмейді, арқан алып бір жерге жүгірмейді, кесетін өткір зат алып тамырларын кесіп өлімге асықпайды. Ол жерде бүлдіршін, бойжеткен жасөспірімдерге тисетін педофилдер, адамды аяусыз өлтіретін қаскүнемдер мүлде жоқ. Ол жерде адамдар күнәсіз тап – таза бала күйінде қалады, өтірік, екіжүзділік сияқты қасиеттерге бой алдырмайды. Ол жерде адамнан мүмкін емес нәрсені талап етпейді, бәріне бірдей шек қоймайды, тыйым салмайды, қанатыңды кеспейді, керсінше қанаттандырып, бетіңді қақпай, беліңді буады. Ол жерде бәрі бір-бірін сыйлайды, барында бағалайды. Ата-аналар қартаймайды, таң ертең оянғанда беттеріне әжім түспейді, жас кезіндегіндей еш аурусыз емен-жарқын өмір сүруін жалғастырады.

>>>>>>>>>>>>>>>>>>>>>>>>>>>>>>>>>>>>>>>>>

• Ол әлемде адамдар ауру дегенді атымен білмейді, төсекке байланып, тіршілікке араласа алмау деген мүлде жоқ. Мына жарық әлемді, табиғаттың тамаша сыйын өз көзімен көре алмау, жақындарының, жаңа туған сәбиінің даусын естей алмау деген қасірет жоқ. Өмір бойы ақадал еңбектеніп, маңдай терін төгіп, сол үшін тек санаулы тиын - тебен ғана табу деген жоқ. Зейнеткерлер қыста жылусыз отырып, тек мысығын құшақтап өлім құшу деген мүлде орын алмайды. Ол жерде ең бастысы балаларын жетімдер үйіне өткізу, ал ата – аналарын қарттар үйіне көздерін жәутеңдете қалдыру деген түсінік мүлде қалыптаспаған.

Ол параллель әлемде екі жүзділік, сатқындық деген атымен жоқ. Ол жерде әр айтқан сөзіне, әр істеген ісіне жауап береді. Адамдар адал болуды біледі, достар арттан әңгіме айтпайды, ол жерде нағыз достық қалыптасқан, ешқандай пайда үшін достаспайды. Ол параллель әлемде қыздар жеңіл ақшаның артынан кетпейді, жігіттер түрге қарамайды. Параллель әлемде вирус деген атымен жоқ, қазіргідей шыбын сияқты қырылып жатқан халық жоқ. Ол жерде дәрілер өз бағасынан екі есе бағаға сатылмайды, ең бастысы үкімет өз халқының қамын ойлайды. Ол жерде адамдар ұятты биік қояды, бір-бірлеріне жылы-жылы сөз айтады. Ол параллель әлемде адамгершілік құндылықтардың не екенін түсінеді және жақсы біледі. Ол параллель әлемде еркектер төзімді, сабырлы келсе, әйел адамдар ұяң, өзін-өзі ұстай алады.
Ол тек параллель әлемде...



Бөлісу: