Нағыз бақыт
блог
Қоршаған ортамыздың бәрі қозғалыс.Тынымсыз тіршілік.Тоқтаусыз өмір ағымына етіміз үйреніп кеткендей.Дүние есігін шыр етіп ашқан сәттен бастап,қиын өмірдің қатал майданына түсеміз.Кейде адамдарды роботқа ұқсатамын.Есіміз кіріп қалған сәттен бастап, бізге,мектепті жақсы оқу керектігін айтады,одан кейін оқу орнына түсуіміз керек,ол жерді тәмамдап жұмысқа орналасу керек.Алдымызға мақсат қоямыз да ,соның жолында тынымсыз еңбек ете бастаймыз.Бір мақсатқа жеткен соң, міндетті түрде басқа мақсат пайда болады.Дәл осылай өмір жалғаса береді.Бір кісінің "Өмірде арманыңның болуы маңызды емес,өзіңді бақытты сезінетің сәттерің болса жеткілікті"-деген сөзін оқыған едім.Расында солай ма деп айналама көз жүгіртіп саралап көрдім.
Арманымызға жетелейтін жолға түскен кезде,айналамызда болып жатқан өзгерістерге мән бермейміз.Программаланып қойған компьютердей тынымсыз жұмыс істей бастаймыз.Осылай жүре-жүре уақыттың зымырап өткенінде байқамай қаламыз.Өмірде ең өкініштісі де осы шығар сірә.Міне ертең демаламын,отбасыма келесі айда көңіл бөлемін,достарыммен алдағы жылда жиналамын деп ең қызықты сәттерді артқа қалдырамыз.Бар дегеніңе жеткен сәтте ғана,материалдық жағдай сені бақытты етпейтінін түсінесің.Жұмыстан бас алмай отырып айналаңдағы жора-жолдастарыңнан айырылғаныңды байқайсың.Сарғайып келген күздегі жапырақтардың түскенін көрмегенің,қыстың алғашқы қарына мән бермегенің,шуақты көктемнің күн шуағымен сүйсініп серуендемегенің,жазғы демалыста ауылыңа бармағаның есіне түседі.Сол кезде ғана өміріңде көп нәрседен құр қалғаныңды аңғарасың.Алайда ол кезде тым кеш болуы мүмкін.
Өмір-өткінші сәт.Әр күніміз,минутымыз санаулы.Бақытты болатын кезіңді болашаққа қалдырмай,қазіргі сәтпен өмір сүр.Жаңбыр кезінде қолшатырсыз серуенде,көше ортасында билеуден ұялма,ата-анаңа оларды жақсы көретініңді айт,достарыңды бағала.Қиындықтарға мойыма,өмір үшін қатты тырмыспа,бәрібір бұл жерден тірі шықпайсың.
Сейдахмет Еркежан