Музыкамен сырласып, мұңдасамын

Музыкамен сырласып, мұңдасамын
жеке
блог

Сіз бұл өмірде адамнан өзгеге ғашық болып көргенсіз бе? Ол барда бүкіл әлем түрлі-түсті бояуға оранып, жаныңыз жадыраған ба? Одан өзгенің бәрі сіз үшін жат секілді болып көрінген бе? 

Ал, мен дәл солай ғашық болдым. Музыкаға... Оның өзгеше әлеміне. Оның сұлулығына, тілсіз-ақ жаныңды баурап, ой - санаңа жаңа, тың ойлар сыйлай алатынына. Музыка адам жан-дүниесіне терең бойлап, өзге жұбата алмаған кезде жанына демеу бола алады. Музыка адамзат баласының ішкі дүниесін байытып, әр дәуірдегі қоғамдық өмірдің түрлі құбылыстарын дұрыс түсінуге көмектесе алады. Ол тек қана еліктірмейді, ол сөйлейді, және жай, қарапайым тілге қарағанда күштірек десе де болады. 

Музыканы дұрыс түсініп, сүйе білу үшін әр нотасына терең бойлап, жан - дүниеңмен беріле түсіне білу керек. Өзіңнің жаныңа жақын әуенді тапқан кезде, жүрек соғысы жиілеп, тамырыңда тулаған қанды сезгендей боласың. Жақсы мелодия тыңдаған кезде, денең түршігіп, әлемнің бар кереметін сезгендей күй кешесің. 

Музыканың да түрі болады. Жаныңызды түсіне алмаған музыканы тыңдауға болады деп ойламаймын. Егер классикалық музыканы сүйсеңіз, оның кереметтілігін сезіне алсаңыз, онда сіз нағыз музыканың не екенін түсінетін жансыз дегім келеді. Себебі классика - адам жанының емшісі іспеттес. Құлазыған жаныңды орынды түсініп, оған демеу бола біледі, көмектеседі. Түрлі аспаптардың үнін тыңдаған сәттен өзіңізді сол оркестрдің мүшесіндей сезінесіз. Әр аспапта басқа емес, өзіңізді елестетесіз. Ноталарда қалықтап, музыка әлеміне сапар шегіп бара жатқандай, жолдан музыка әлемінің бір бөлшектеріне айналған тұлғаларға қол бұлғап бара жатқандай рахатқа бөленесіз. Өзіңізге музыканың соншалық керек екенін түсінесіз, өзіңізді де музыкаға керек жанға балайсыз. Өзіңізді музыканың дұрыс шығуына септігін тигізіп тұрған нотаға теңейсіз.

Музыка, оның әр әуені, әр нотасы жаныңыздағы мұңды, қасіретті тұншықтыра түседі. Оның тілін түсіне біліңіз, өйткені, өмірдің өзі - музыка...