Мұқағалидың 90 жылдығы өз деңгейінде аталып жатыр ма?

Мұқағалидың 90 жылдығы өз деңгейінде аталып жатыр ма?
жеке
блог

Қазақтың қара өлеңі құдіретті екенін мойындатқан алып ақындар туған ұлтының маңдайында мәңгі өшпес жарық жұлдызға айналғаны рас. Әне-міне дегенше 2021 жылдың ақпан айына аяқ басыппыз. Бүгінде, көзі тірісінде өлшеулі орнын таппаған Хантәңірінің мұзбалағына деген тағзым биік деңгейіне жеткені рас па? Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толуына орай еліміздің түкпір-түкпірінде болып жатырған мерейтойлар Мұқағали өлеңдеріне шекпенін жауып үлгерді ме екен?

Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай,

Мына адамдар неге жатыр тойламай?

Банкет жасап берер едім өзім-ақ

Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай! - деп еленбеген туған күнін күрсіне өлеңге қосқан Мұқағалидің бүгінде атын жоқтатпайтын, затын таптатпайтын ұрпағы бар. Поэзияның асыл жауһарын өн бойына сіңіре жұтқан, оқыған жанды селт еткізетін қара өлеңінің құдіреті шексіз екенін айтпасқа болмас.

Осындай арда қазақтың ақын азаматын дәріптемеу қазақ атына сын емес пе? Дегенмен, Мұқағали атаны көзі тірісінде елеген жан, демеген жұрт болмаған. Әлгі сараптаушылардың айтуынша Мұқағалиды тіптен ақын қатарына қоспайтын ақындардың сөздерін көзіміз шалып қалғаны бар. Оны құрметтеудің жөні жоқ екендігін, тірісінде ащы судың жетегінде кеткенін айтып даттайтын жұртты көзіміз шалып қалады кейде. Сонда бұл айтулы мұзбалақтың күнде бір келе бермейтін 90 жылдығын тағы да елеусіз өткеру керек деген сөз бе?

Мендік тараптан келісетін ой, жеңілетін ұстаным жоқ. Керісінше, көңілдің сырын айтқызбай-ақ ұғатын сырлы сөздерде тануға неге ұмтылмаймыз? Тіптен, бүгінгі күні Мұқағалидың өлеңдері жер шарын - әлемді шарлап жүр. Жуырда оның таңдамалы өлеңдері жинақталған жыр кітабы Нью-Йорк баспасынан шықты. Бір топ шығармалары түрік елінде аударылды. Қытай бұл іске бұрынырақ қатысты. Естумізше француздар да қызығушылық танытқанға ұқсайды. ТМД елдеріндегі жаңалықтар бәрімізге белгілі. Мұның бәрі бекерден-бекер айтылып отырған жоқ. Бұл деректерге сүйенетін болсақ, Мұқағали мерейтойына қатысқысы келетін әлем азаматтарының  саны артуы сөзсіз. Егер шетелдіктер ұсыныстарын білдірсе, құшағымызды ашып, төрімізді дайындап, қазақы дәстүрмен қарсы алуға Мұқаң ұрпақтары әбден дайын.

Иә, тек ақынның 90 жылдығында ғана емес, әрбір жыл сайын, әрбір күн сайын қазақтың көкірегіне тамылжып тұруға тиісті өлеңдер де аз емес. Бүгінде мұзбалақ ақынның мерейтойын оның өзінің ауылы Қарасазда әлемдік деңгейде атап өту көзделуде. Тіпті, бірқатар азаматтар Мұқағали бас кейіпкері болып ойналатын сахна көріністерін қоюға талаптануда.

Қай қазақ баласынан сұрап қалсаң «Шыда, шыда, Өмір» деп сайрап қоя беретіні тағы бар. Өлеңдері қазақ шаңырағынан әрі әлем елдерінің есігін қаққан құдіретті ақынның қара өлеңі осыншама мәнге ие екенін байқаймыз.

Біздің ойымызша, Мұқағали Мақатаев атамыздың 90 жылдығы зор мақтанышпен, естен кетпес ұлы той ретінде өтетінін кәміл сеніммен айта аламыз!

Қазақтың Мұқағали мұзбалағы,

Өшпейтін мұзбалақтан із қалады.

Жата гөр желеп-жебеп мен секілді

Табынған талантыңа қыз баланы.

 

Өміріңнің  өткелдерін, өткендерін,

Жырлаймыз қазақ ұрпақ шекпендерін

Бүгінгі 90 жылдық мерейтойда

Еленді өнер үшін төккен терің!

 

Айдана Одилова,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Филология және әлем тілдері факультетінің студенті

 

Жетекші: Сабырхан Смағұлов,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы