Міржақып жазып кеткен "Біздің мақсатымыз"
блог
«Серкенің» басылымға шыққан кезі орыс революциясы болып, патша билігіне қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, листовкалар мен ауызша газеттерді тарату өріс алған тұс болатын. Дәл осы сәтте қалың жұртшылық, халық арасындағы оқыған азаматтарымыз, ұлт жанашырлары ел болашағына бейжай қарай алмады. Патша үкіметінің бақылауының күшейгеніне қарамастан, революциялық қозғалысты жалғастырды. Үндеу хаттар мен парақшаларды басты қаруы ретінде ұстанды десем де болады. Баспаға ашық хаттар мен ащы шындыққа толы мақала, материалдар да жарияланды.
Сол уақыттағы «Серке» газетінде жарық көріп, кейіннен сол газеттің жабылуына түрткі болған Міржақып Дулатовтың «Біздің мақсатымыз» мақаласы патша шенеуніктеріне тікендей қадалғаны анық. Неге? Өйткені, Міржақып Дулатов біріншіден, отаршылдық саясатты сынады, екіншіден, бұратана халыққа көрсетіліп жатқан зорлық-зомбылықты, әділетсіздікті әшкереледі. Жалпы айтқанда, бұл мақалада қазақтардың Ресейде құқықсыз жұрт екендігін жария етті. Жиналатын салықтың елдің пайдасынан тыс кететіндігін сынады. Патша үкіметінің ойына келгенін істеп жүр деп, халықтың әдет-ғұрпы мен дінге, тіпті молдаларға ғана қатысты неке мәселесіне де араласқанын ашық жазды. Осындай мәселені қозғап жан-дүниесімен туған еліне берілген азаматтар, үкіметке қарсы шықты деп асылып, атылып жатқанын, не түрмеде отырғанын да мақаласында көрсетіп өтеді. Бірақ, бұл мақаланы Міржақып Дулатов бүркеншік атпен жариялаған. Сол себепті кейіннен патша өкіметі мақала авторының Міржақып Дулатұлы екенін біле алмайды. Дәл осы мақала жарияланғаннен кейін тиісті орындағылар газеттің шығарылуын «Газеттегі кейбір мақалаларда қазақ халқын үкіметке қарсы үгіттеу бар, содан ұсталды» деп тоқтатқан.
Бұл тұрғыда қандай түйін жасай аламын? Сол уақыттағы ұлт жанашырлары, ешбір кедергіге қарамай, сөз бостандығы болмаса да, үкіметке қарсы шыққандардың жағдайын көре тұра, ұлтының жан айқайын мейілінше жеткізуге күш салды.
Ал, қазір тәуелсіз ел атанған тұсымызда біз ел ішінде болып жатқан «құйтырқы әрекеттерді» ашық жаза аламыз ба? Баспаға, телевизия мен радиоға жария ете аламыз ба? Рұқсат етіледі ме? Бостандық бар ма? Цензура?
Сөз бостандығының қай дәрежеде екендігін байқау бұқаралық ақпарат құралдарының маңызды ақпаратты, яғни, қоғам өміріндегі шындықты халыққа сол күйінде жеткізу деңгейімен өлшенеді. Бұл тұрғыдан қарастырғанда мен Қазақстан баспасөзінің бостандығын жоғарғы деңгейде деп айта алмаймын. Неге? Себебі, мұндай материалдарды баспаханада бастырмай қою, эфирге шығармау, не жекелеген журналисттерді қорқытып-үркіту, басылымдарға түрлі тәсілмен қысым жасау толықтай жойылған жоқ. Егер де, БАҚ өкілінің бойында қандай да бір қорқыныш пен үрей болса, онда сөз бостандығы жоқ деген сөз деп айтар едім. Жазықсыз түрлі жаламен істі болуды қоя тұрып, журналистер үшін жұмыссыз қалудың қаупі күшті.
Алысқа кетпей, жақын арада болған оқиғаларға шолу жасайын. Журналист, тележүргізуші Жанат Бақыт жуырда бір бағдарламада шындықты айтқаны үшін жұмыстан шыққан. «Эфирден кеттім. Не үшін? «Неге?» хабарына шығып шындықты айтқаным үшін. Алматы қаласының саясатына қарсы келгенім үшін. Тілсіз қуыршақ болмағаным үшін. «Екінші толқын дейсіздер, сіздер бірінші толқынға дайын болмадыңыздар, қанша қандасым өлді!» дегенім үшін»,-деп жазған журналист парақшасында. Ал журналист Ербол Мәндібек Qazaqstan телеарнасында жаңалықтар қызметінің арнайы тілшісі болған. 2020 жылдың тамыз айында журналист "бұдан былай телеарнадағы цензураға шыдай алмайтынын" айтып, өз еркімен қызметтен кеткен. Оның сөзінше, телеарна тілшілерге сын материалдар әзірлеуге мүмкіндік бермейді екен...
Ал енді, салыстырайын. Бұл тәуелсіз елге сай әрекет пе? Міржақыптың кезіндегі баспасөз бен қазіргі баспасөздің не айырмашылығы бар? Осы тұста «төртінші билік» саналатын баспасөзде шындықтың толық жеткізілуін басты назарға алған жөн..
Калимуратова Аяна Асылханқызы
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, журналистика факультетінің студенті