Міржақып Дулатұлы - алаш арысы
блог
Міржақып Дулатұлы - алаш арысы
Жиырмасыншы ғасырдың басында елдің экономикалық және рухани дағдарыстан алып шығудың түрлі жолдарын қарастырып, қазақ халқының атынан іс-қимыл жасаған, олардың саяси көзқарастарын қалыптастырып, саяси сана-сезімінің оянуына әсер еткен - Міржақып Дулатов.
Міржақып Дулатұлының басшылығымен Омбыда өткен қазақ ұйымдарының облыстық съезінде оқу-ағарту, қаражат, дін, әйелдер теңдігі мен земство қызметі жөніндегі мәселелер кеңінен талқыланды. Яғни, ақпан төңкерісінен кейінгі Қазақстандағы қалыптасқан жағдайға баға беру және қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени мәселелердің ауқымын анықтауға талпыныс айқын көрінді.
М.Дуловтың журналистік дарынына, қайраткерлігіне жол ашқан , саяси көзқарасын қалыптастырған “Қазақ” газеті болды. 1913 жылдың тамыз айынан бастап М.Дулатұлы “Қазақ” газеті бетінде земство туралы оннан аса мақала жазып, оны “Земство не нәрсе?” деген жалпы тақырыппен сериялы жарыққа жарияланды.
Дулатұлының “Оян қазақ” өлеңі де бүгінгі таңда да зор. Тарихымызға терең үңілуімізге мүмкіндік тудырған құнды дүние 1909 жылы жарық көрген. Күнделікті қарапайым тұрмыс-тіршіліктің тұтқыны болып қалған қазақ халқын дүр сілкіндіре ояту үшін осындай үлкен тірлік жасау сол кездің бұлтартпас қажеттілігінен туған. Халық өмірінде ауыр сілкіністер әсерінен туған, тыныш елдік болашағын тығырыққа тіреген отарлық саяси озбырлыққа шыдатпай шыққан өлең болып табылады.
Оның саяси көзқарасы, дүниетанымы жариялаған мақалаларынан оқырманға сезіледі. Әр жазбасы өте орынды және өте сауатты жазылған. Жұртқа пайдалы заңның бірі - земство екенін айтқан Дулатұлы оның тарихына шолу жасайды. Қазақ жерінде земствовалар құрылар болса, қарапайым халық оның не нәрсе екенінен хабардар болуын, өзіне тиесілі үлесінен құр қалмай, заңнан сауаты болуын көздейді. Қысқаша айтқанда, ғұмырын "елім аман болса екен, жерім аман болса екен" деп шырылдап жүрген азаматтарымыздың бірі болып саналған.
М. Дулатұлы басқа алаш азаматтары секілді ұлт-азаттық қозғалысты саяси күрестің ең жоғарғы сатысына көтеріп, қиын кездерде қазақ халқына демеу болды. Олардың саяси сенімін шыңдап отырды. Ең басты қазақ зиялыларының артықшылықтары - қалың бұқара арасынан шыққандығы және олармен тығыз байланыста болғандығы. Сондықтан да олар ел арасындағы саяси ахуалды дөп басып көре білді, соның арқасында діттеген мақсаттарына да жетті. Мақсат - қазақ халқының ұлттық мемлекеттігін қалпына келтіру болды.
Қорыта келе, Міржақып Дулатов халықты оқу, өнер үйрену арқылы оянуға, мұсылманшылық арқылы имандылыққа шақырды. Ол өзінің шығармашылық еңбектері арқылы халықтың тарихи зердесіне барлау жасап, оның ұлттық сана-сезімін ояту, жігерін қайрау жолында аянбай еңбек етті. Жазып қалдырған мақалалары біз үшін - байлық, бақыт.
Ерланқызы Асемай
Әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университеті
1 курс