Менің бақытты болғым келеді!
блог
Бақыт – дерексіз, күрделі құбылыс. Оң сипаттағы позивтивті семантикаға ие бақыт туралы түсінік қоғамдық санада ерте кезден өмір сүреді және кез келген түсінікте, мейлі ол өте тар немесе өте кең мағынада болсын, барлық жағынан концепт болып табылады. Бақыт атауының нақты ішкі формасы бар. Оған деген көзқарастар этномәдени жағынан сипатталады және бір мәдениеттен екіншісі ерекшеленеді. Тілдік танымда бақыт этикалық, дүниетанымдық терминге сай әдеттегі ұқсастықты береді. Қазақ халқының ұлттық дүниетанымындағы «бақыт» ұғымы концептілік қасиетке ие. Қазақ халқының дүниетанымында, болмысы мен тіршілігінде, оның «ғаламдық бейнесінде» бақыт ұғымы іргелі концептілер қатарына жатады. Бақыт – ұлттың дүниетаным әлемін қалыптастыратын маңызды категориялардың бірі.
«Бақыт» концептісінің мағынасы қазақ халқының дүниетанымында жақсылыққа кенелу, шат-шадыман өмір сүру, мерейі үстем болу, ырысты болу, дәуірі жүру, тасы өрге домалау т.б. ізгі қасиеттерді адам баласының басынан өткеруі деген түсінікпен береді. Адам баласы өмір бойы бақытты болмауы мүмкін, бірақ оның бақытты сәттері көп болуы мүмкін. Қазақ халқының дүниетамында берекелі отбасы, қажырлы да қайратты еңбек, ұрпақ өрбіту, деннің саулығы, малының амандығы т.б. бақытты өмір сүрудің кепілі болған. Сол себепті де «бақыт» концептісімен тіркескен мол фразеологиялық тіркестер, бата-тілектер, мақал-мәтелдер халықтың дәстүрі, діні, тілі, салтымен біте қайнасып, оның дүниетанымы мен ұлттық ойлауын білдіреді. Тіліміздегі «бақыт» концептісі қазақ халқының сан ғасырлық өмір тәжірибесінің сүзгісінен өтіп, ғаламдық дәрежедегі концептіге ие болады.
Адам қашанда өмірдің мәнін ұғынуға ұмтылғандықтан және бақытқа жетуге тырысқандықтан аталмыш мәселе – адамзат баласын ерте кезден толғандырып келе жатқан философиялық тақырып. Өйткені өмірдің белгілі бір мәнділігі бақыттың алғышарты болып табылса, екінші жағынан бақытқа деген ұмтылыс өмірдің өзіне белгілі бір мән-мағына береді. Мән-мағынасыз өмір сүру – адам үшін бақытсыздық және керісінше адам өз өмірін терең пайымдай алса ғана, бақыт сезімін сезіне алады. Бақыт ұғымы моральдық сананың тұрақты әрі құбылмалы қондырғысы болып қана қоймай, күнделікті тіршіліктің де бағыт-бағдарын айқындайды.
Бақытқа жетудің жолы қандай екені атам заманнан бастап әлі күнге дейін адамзатты қызықтырған. Бұл сұрақтардың жауабын бабаларымыз он ғасыр бұрын жазып қалдырғанын біреу білсе, біреу білмес. Нақтырақ айтсақ, 1069 жылы қазақ топырағында туған Жүсіп Баласағұн бабамыз «Құтадғу білік» атты еңбегінде мұның барлығын егжей-тегжейлі баяндайды.
Бақыт концепісін түркілік дүниетаным негізінде қарастыруда Жүсіп Хас Қажыбтың «Құтадғу білік» еңбегі - бірден-бір тірек әрі адастырмас темірқазық. Аталмыш дастандағы толғам, философиялық түйіндер бір мәдениеттің, бір өркениеттің, заман мен әлеуметтік жағдай ғана емес, біртектес ел-жұрт тіршілігі тұтастырған бір дүниетанымның жемістері.
Дастанның басты мұраты – бақытқа жету жолдарын насихаттау. «Бақыт концептісін автор қалай түсінеді?», «Бақыт қонған ізгі мемлекетке айналу үшін не істеу керек?», «Оны құрайтын элементтер неден тұрады?» деп толғанатын болсақ, мына жолдардан жауап аламыз:
Халық байып, ырысы артты елінің,
Тілін безеп көтерді елі Елігін.
Құт дарыды, өсті халық өрісі,
Бірге жусап, өрді қозы, бөрісі.
***
Жақсылардың көтер жебеп, еңсесін,
Жамандардан бүтін сақта ел шетін.
Заңды түзе, сұмдық сонда сасады,
Құтың өсіп, абыройың асады.[1]
Демек, құтты қоғам құру, әлеуметті түзіп, кедейді – орташаға, орташаны байға жеткізу, елдің әл-ауқатын өсіріп, іргесін нығайту – бақытқа жетудің алғышарты. Соңғы тарауларда автор өмірдің өтпелігін, заманның опасыздығын, достардың сатқындығын айтып, өзінің кемшілік күнәларына күйініп күңіренеді, кейінгілерге өсиет сөз қалдырады.
Бүгінде мемлекеттік басқаруды жетілдіру, сапалы кадр дайындау, билік өкілдері мен қоғамның қарым-қатынасын реттеу, ішкі саяси тұрақтылықты сақтау және сыртқы елдермен ынтымақтастық орнатуда бұл кітаптың алар орны ерекше. Алайда бұған дейін «Құт әкелуші білім» және «Құтты білік» деген секілді атаулар беріліп, кітаптың білімге қатысты қырына көбірек назар аударылып келді. Енді «Құтадғу біліктің» билікке қатысты тұстарына басымдық беріп, бүгінгі мемлекетіміздің тамыры тереңде жатқанын ашып көрсетуіміз керек. Міне, біз он ғасыр бұрын бабаларымыз құрған мемлекетіміздің құрылымын, оның басқару жүйесін және қоғаммен қарым-қатынасын көре аламыз. Мемлекеттік лауазымдар мен олардың дәрежелерімен және ол лауазым иелеріне қойылатын талаптар мен жүктелген міндеттермен танысамыз. Сондай-ақ адамның тұлға ретінде қалыптасып, кемелдік деңгейге жетуіне үйрететін ілімнің кілтін табамыз. Айталық, ел басқару ісіне араласқан кісінің шыққан тегі мен алған тәрбиесі, болмыс-бітімі, ақыл-парасаты, білімі, қабілеті, мінез-құлқы және сырт келбеті қандай болу керек? Олардың атқаратын қызметі, құқығы және ел алдындағы міндеттері қандай? Осының барлығы аталмыш кітапта кеңінен жазылған. Бір сөзбен айтқанда, құқықтық қоғам мен демократиялық мемлекеттің өлшемдері көрсетіледі. Төмендегі жолдар сөзімізге айғақ болады:
«Мемлекет құрамындағы кіші ордалардың басшысы жаны таза, қанағатшыл, Құдайдан қорқатын, халыққа қайырымы мол, жомарт, білімді, ақылды, іскер, батыр адам болу керек. Оның мемлекет басшысына адал қызмет етіп, жанашыр болуы айтылады. Елге әділ заң орнату және мемлекет, облыс, қаланы әділ басқару – басшыларға ең басты талап ретінде қойылады» .[1]
Осы ойдан сайып келе «Өзін - өзі білген – ер бақытты, өзін - өзі билеген ел бақытты» деген халық мақалын мақаланың түп қазығы етіп алмақпын. Неткен даналықпен, көрегендікпен айтылған сөз! Туған елің, Отаның құлдықта болса қайдағы бақыт?! Құлдықтағы ел төгілген тердің, еңбектің жемісін еш уақытта көре алмайды, ой еркіндігі туралы айтудың да қажеті жоқ. Құдайға шүкір, «мың өліп, мың тірілген» қазақ тәуелсіз ел болды. Ғасырлар бойы аңсаған бақыт құсы қолымызға қонды. Қазақ халқы бақытты құсқа теңейді, оның мәні неде? Құс қолға оңайшылықпен қонбайды, қонған екен оны аялай білмесек, баптай білмесек, қадірін білмесек қалай ұшып кеткенін білмей қаламыз.
Қазіргі уақытта техника мен технологиялардың қарқынды дамуы жағдайындағы жаһандану дәуірінде мемлекетте әлеуметтік - экономикалық жаңғырту саясатын жүзеге асыру арқылы ізгі қоғамға қол жеткізу басты мәселе болып отыр. Қоғамды өзгертуші күштің бірі адам болғандықтан, қоғамның ізгілігі адамдардың игілігінен, адами іс - әрекеттерінен, олардың өркениеттік озық үлгілері бойына сіңіруінен және өзіндік болмысын сақтап қалуынан негіз алады. Осы тұрғыдан Елбасы Н. Ә. Назарбаев әлеуметтік - экономикалық жаңғырту саясатындағы он бағыттың бірі ретінде «Қазақстандағы адам капиталының сапалы өсуіне» баса назар аударды.
Осыдан он ғасыр бұрын жазылған Жүсіп Баласағұнның еңбегі елімізде жеке тұлғаны дамытуда, мемлекеттік басқаруды жетілдіруде, кадр дайындауда және идеология жұмыстарында таптырмас дереккөз. Ол әдеби көркем шығарма ғана емес, мәңгілік ел болу үшін мемлекеттік басқару тақырыбын көтерген құнды жәдігер. Ең маңыздысы, Елбасымыз жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мәселесі аясында халқымыздың рухын оятып, санасын жаңғыртуда маңызы зор. Сонымен қатар тәуелсіз мемлекетіміздің тамыры тереңде жатқанын көрсететін тарихи факт, баға жетпес байлық.
Пайдаланған әдебиет:
1. Баласағұн Ж. Құтты білік/ Көне түркі тілінен аударған, алғы сөзі мен түсініктерін жазған А. Егеубай. – Алматы: «Өлке», 2006. - 640 бет. 2-басылым
Ғылыми жетекшісі: Жанатаев Д.Ж., ф.ғ.к., доцент