Менің алтын ұям

                                                 Менің алтын ұям

 

Мектеп - жаныңа шуақ шашар, көңіліңе үміт ұялатар, арманыңа қанат бітірер кез келген жанды білімнің нәрімен терең сусындатар алтын да ыстық ұя.

Мектеп - бір жылда бірнеше рет соғылып, саған үзіліс жариялап қоңыр даусымен өзіне назар аударатын қоңырауымен ерекшеленеді. Осы қоңырау үні мектепке алғаш барғаның мен білім алып, өмірге қадам басқаныңа дейінгі аралықта сенің құлағыңда жатталады.

Табиғаты сені еріксіз баурап алар Ойыл ауданы менің мектеп табалдырығын алғаш аттаған туған жерім. «Білім» деген алып теңізге алғашқы ұстазым - Жұбаева Жангүл Оңалбайқызымен бірге бойлап, ұстаз салған сара жолдан тәлім ала отырып, жаңа өмірге қадам бастым.

Арман қуып, білім қуып, 6-класты үздік аяқтап, Ақтөбе қаласындағы Н.Ә.Назарбаев атындағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебіне құжаттарымды өткізіп, аталмыш мектептің оқушысы атандым.

Өмір кейде түс секілді...Ойлаған, сезген-көргенің кейде орындалып, сені армандауға апарады. Ұққаным: алдыңа қойған мақсат-міндетіңнің айқындығы; оған «жетемін» деген өзіңнің ізгі ниетіңнің беріктігі. Міне, менің бойымды осы күшті сезімдер биледі. Еліміздің абыройын асырып, мерейін үстем еткен Елбасымыздың атымен аталатын бұл мектептен мен өзіме қажеттінің, құндылықтың барлығын жинадым десем артық айтпаған болар едім. Мектептен жаныма жақын, көңілімді айтқызбай ұғар жаңа достар таптым.

Мектептің бүгінгі жайын ауыз толтырып айту жеткіліксіз. Оқушыларға жан-жақты, мықты біліммен қаруланған ұстаздар қауымы сабақ берсе, жаны ізгі, мейірім-шапағаты мол тәрбиешілер бізді жатақханада алға жетелейді.

Мектептің білім беру мен тәрбиелеу үрдісіндегі ерекшеліктері өте көп. Шетелден келген ұстаздар тәлімін де қатар алып жүрген біздерді мектептегі екінші анамыз - кураторлар «Шаңырақ» құрып, тәрбиелейді. Екі кластың бірігуі барысында, бірінің біріне көмегі, тілді меңгеруі секілді қарым-қатынастарды жете түсінгендей боласың. Күнде сан түрлі жаңалық ашып, оқушыларды таң қалдырудан жалықпай жүрген мектебімізге биыл 1 жылдан асып барады. Мектеп күннен-күнге әдемі де әсем болып көркейіп келеді. Лайым, алда біз жетер жетістіктер, біз бағындырар белестер, толағай табыстар өз қатарын көбейте береді деген сенімдемін. 



Бөлісу: