Мен разымын, ризамын Аналарға!..

Мен разымын, ризамын Аналарға!

Мен разымын, ризамын Аналарға,

Риза ғой бұл жандарға даналар да!

Жүрегімен барлығын түсінетін

Ренжімейтін біздерге Ана ғана!
 

Жомарт жаны, кеңпейіл, ашық-жарқын,

Мінездері жұмсақ қой Аналардың.

Күліп жүрсін, Аналар, күліп жүрсін

Жас жумасын ешқашан жанарларын.
 

Қамын жеген баласының күнбе-күн,

Амандығын ылғи тілеп жүремін.

Ана күлсе, бүкіл әлем нұрланып,

Шат-шадыман болатынын білемін.
 

Бесігінде тербетіп, әлемді де тербеткен,

Ана, Ана шебер едің сен неткен!

Мына әлемді алақанға сыйдырып,

Жайландырып, айналаны гүл еткен.
 

Әкем – панам, Анам менің мекенім,

Жан бар ма екен өздеріңе жететін?!

Қаламымның таусылғанша сиясы

Жырларыма арқау етіп өтемін!
 

Бар құрмет те өзіңе жарасады,

Сен – данасың! Бұған кім таласады?

Ағармасын, ешқашан, ағармасын

Аналардың әдемі қара шашы.
 

Ана-ерек құрметтің иесісің,

Сен біз үшін қымбатсың білемісің?

Жерге басым тигенше әз, Аналар

Тағзым етіп, басымды иемін шын!

 

Алақаның жұмсақ, тәтті сүтің де,

Сен арқылы бойға сіңді тілім де.

Бар әлемді айырбастай аламын

«Айналайын, қызым!» - деген үніңе.
 

Жомарт жаны, кеңпейіл ашық-жарқын,

Жүректері жұмсақ қой аналардың!

Күліп жүрсін, әрдайым, күліп жүрсін

Жас жумасын ешқашан жанарларын!
 

Мен разымын, ризамын Аналарға!

Риза ғой бұл жандарға даналар да!

Жүрегімен барлығын түсінетін –

Ренжімейтін біздерге Ана ғана.
 

Мен разымын, ризамын Аналарға...



Бөлісу: