Мен - Қазақстандықпын!
блог
Мен-Қазақстандықпын! Осы сөздерді айтқан кезде менің кішкентай жүрегім кеудеме сыймай атқақтап, бойымды ерекше бір мақтаныш сезімі кернеп кетеді. Өйткені, мен өркендей дамып келе жатқан Қазақстан Республикасы атты мемлекеттің азаматымын.
Біздің халық баласын "азаматым" деп айта алған халық. Біз, сол секілді "жұртым" деп жанын пида етуге дайын тұрар ұлдары мен қыздары жетерлік болған халықпыз. Қазақ халқының Алла тағала жаратқандағы негізгі болмысы - мейірім мен бейбітшілік, шүкіршілік пен қанағат деген қасиеттерге малынған болмыс.
Халқымның " Әке көрген оқ жанар, шеше көрген тон пішер" деген даналық пікірін ойлап қарасам, ата-бабаларымыздың асқар таудай ақылында, өз өмір тәжірибесінен өткен өнегелі істері елін, жерін қорғау, бірлікте, ынтымақта өмір сүріп, еліне елеулі, халқына қалаулы болу сияқты жақсы қасиетті ұрпақтан-ұрпаққа дарыса деген асыл арманы ғой.
Сонау ғасырлар қойнауының қатпар-қатпар белесінен байқасақ, ежелден-ақ ру-тайпаларымыздың өзі жерін еш жауға бастырмаған, ұлын құл, қызын күң еткізбеудегі батырлық ер жүректігін, жауына қатал,досына адал, шыбын жанын шүберекке түйіп, садақ ұстап, найзаның ұшына үкі таққан ұлдары мен қыздарының жауынгерлік үлгісі бізге аманат болып жеткен.
Осы дәуірге жету жолында Отаным- қазақ елінің көрген қасіретін енді Тәңірім еш елдің басына бермесін дер едім.
Қара құйындай қайта-қайта соғып, халқымның ұйқы-тұйқысын шығарған жоңғар шапқыншылығы, Сыр бойының сұлу сымбатын ойрандап, баса-көктеп кірген Қохан бектері, Цин империясының ызғарлы лебі де қазақ жеріне жеткен еді... Кім қызықпады менің байтақ далама!
Халық басына осынау қиын-қыстау заман зары туған шықта, қазақ қауымының бас көтерген батыр да ер жүрек перзенттері елдің елдігін, ердің ерлігін сақтап қалар кезеңге тірелгенде қол бастаған Қаракерей Қабанбай, Қандығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай секілді батырларының жаужолатпас қасиетін басқарған хан Абылай сияқты данагөй бабаларым болды. Жауын торғайдан тоздырып, тарыдай шашып, ірімшіктей іріткен, қоқандап қоңқылдаған Қоханмен де, қалың қара Қытаймен де, ормандай орыспен де тіл табысқан бабамыздың даналығының арқасында, осы біз өмір сүріп отырған аяулы Отаным - Қазақстан жері сол бабалардың сақтап қалған, бізге қалдырған асыл мұрасы екен ғой.Қазақстан жерін бабаларымыз ерлікпен қорғап бізге қалдырған, кейінгі ұрпағыма "асыл мұрам, ал балам" деп айту үшін бізге қалдырған асыл мұрасы екен ғой.
"Қазақ халқының ерлері де батыр, қыздары да батыр", - дейді екен түрік халықтары. Түріктер өздерінің жауынгер,патриот ұлдарын мақтағандда " Бұл- нағыз қазақ" деген аңыз осы күнге дейін сақталған. Біздер, Қазақстандықтар, сол батыр қазақтардың ұрпағымыз. Ендеше, аяулы Отаным - Қазақстанды көркейтетін, байытатын, өз бақытының иесі болуына қол жеткізетін біз сияқты ұрпақтары екен.