Мені жүзуге үйреткен әдіс өмірімді өзгертті
блог
Жалпы суға шомылудың дәл уақыты. Күн ысып, төбеден өткен сайын көңілде бір күдік тұрады. Жанып кетпей тұрып суға шомылу керектігін ескересіз. Бірақ шомылайын десеңіз қалай малту керектігін білмейсіз. Оны үйрену үшін арнайы курсқа жазылу керек. Ал қазіргі заманда арнайы курс дегеннің бәрі ақша. Не керек жылау үшін де ақша керек...
Мен сіздерге пайдасы тие ме тимей ме білмедім, бірақ ТЕГІН КЕҢЕС айтайын деп отырмын.
4 сынып оқып жүрген кезім. Суға шомылуды білмеймін. Қара Ертістің бойында өссем де сонда барып шомылмаппын. Мүлде олай десем де ұят. Бардым бірақ, жағасында аяқты суға малып қойып отыра беретін едім. Қыз біткен келіп суға шомыла бастаған кезде өтірік болсын қолымды су астындағы жерге тіреп, жүзген секілді кейіп танытып жүрдім. Осы қылығымды нағашы ағам байқап жүрсе керек, бір күні ағынды өзенге балық аулаймыз деп алып кетті. Ештеңе ойда жоқ бардым. Барсам ағынды өзеніңде балық емес, құжынаған қыздар-жігітер жүр. Іштей алданып қалғанымды білдім. Бірақ сонда да бала көңіл қызық көріп еріп келдім. Ағам менің шешініп суға түскенімді күтіп отырған. Оны байқап отырған мен жоқ. Суға енді жете бергенім сол еді, қолтықтың астынан көтеріп алып келіп, судың ортасына қарай барды да, ештеңе деместен терең әрі ағын қатты болмаса да ағынды суға лақтырып жіберді. Сырт көзге адам өлтіру процесі секілді көрінген көрініс, әдіс-тәсіл екенін ешкім байқамас еді.
«Өлдім» деп ойладым. Жылайын десең су астында жылаған ерсі екен. Батып барам тұншығып жатырмын. Ағам қарап тұр. Ағамнан алшақтап барам, су тереңдеп барады. Ең қызығы өмірім жүзіп білмейтін мен құлашты қалай сермеп, аяқты қалай қимылдатқанымды білмеймін, судың бетіне өз күшіммен шықтым. Тіпті жүзіп кеттім. Қанша жыл үйрене алмай жүрген дүниені арасы бес минутта үйреткен ағамның әдісіне таң қалсам да, осындай қатыгездігін түсіне алмадым.
Айтайын дегенім бұл емес, сол әдіс, сол су менің өмірлік ұстанымдағы бір бөлікке айналды. Осы күнге дейін білмейтін дүниемнің ортасына түскенді жақсы көремін. Әрі тез үйреніп алуға тырыстым. Бәлкім мен ағамның алдында қарыздармын. Себебі ол маған суға жүзуді ғана үйретті. Өзіммен жасты қыздардан ұялмай жүре алу үшін, жүзіп білетінімді көрсету үшін... Бірақ ол өмірде адамдардың алдында ұялмай бәрін білуге талпынатын, сырын білмейтін аттың жамбасын сипап тұрып, тепкі жесе де төзімді інісі өсетінін білген жоқ... Мен де білге жоқпын.
Жұмыс пен еңбектің оңайы жоқ. Қиын болса да істеңіз. Себебі арты жеңіл болады. Адам тозаққа да үш күннен кейін үйреніп кетеді дейтін сөздің ең жұқа түрі осы болар. Бір білерім екі қолы мен екі аяғы, санасы бар тіршілік үшін қиындық бір сәттік дүние ғана.
Бір сөз бар еді ғой : «сенің қалай ұрғаның емес, соққыны қалай қабылдай алғаның маңызды» деген. Бұл сөзді күнде еске түсіріңіз!