Мектебім мақұлдады..
блог
Күрең күз... Күздің Қыс құдіретінен қорқақтап,мезгілді мелшие бере салатын қарымта-қараша айы. Ауаға суық сызат түскен. Қоңыр даланы қапсыра,салқын буды темекі түтінін түтеткендей шығара, мәз болып келемін. Кенет буым таусылып қалып,сәл аяңдап қайта шығарамын. Шығыстың шынарынан көк жиекті қақ жарып,күлімсірей күн де шығып келеді. Жо-жоқ, мұндай мерзімде күн күлімсіремейді, қайта қатпарлана қатулы шығады деседі. Мен бұған келіспеймін, Күн әрқашан шуағын шашып келбеттене күлімсірей қарайды. Тек адам баласының өзіне байланысты, Күндегі көлеңкені көре білсе, Күн дағы келбетін жасырып тұрған жоқ. Күнменен қара жердің арасын қорбаңдана басып, мектепке де келіп қалдым. Тым-тырыс, оқушылар легі көрінбейді. Сірә, Күн мені қатырып кетті, кешіккенімді сездім. Біздің мектептің заңы бар: діттеген уақытта сабаққа кіріп үлгермесең, бір сағат оқушылар алаңқайында (линейкада) тұрасың. Жай тұрсаң жақсы ғой, түрлі-түрліше жаттығу жасап, оқушыларға мазақ болып тұрасың. Сонысы әбүйір болмас.
Басыма іс түскенде басым істеп кететіні тағы бар, шақша миымды іске қосып мектептің артқы есігімен кіруге бекіндім. О, міне ақылды оқушыңыз айладан амал тауып, сыныбына қарай беттеп бара жатыр. Көңілім мейрам, жайдарлы жүзбен сынып есігін қағып, ашып қалсам тәрбие завучы оқушылар санын тексеріп жүр екен."Қап- бәлем" «Кімді ақымақ көресің?»- деген жүзбен сыныптан желкелеп бір-ақ алып шығып кетті.
Йә жаңағы Эврика балаларыңыз, тағы да барша көздің алдында сайқымазақ болып тұр. "Мен ұрлыққа түскенде ай жарық болды"демекші тегі жолым болмай кетті. Бұл маған сабақ болды. Үлкен сабақ.
Бір сағаттық айыбымызды жуып-шайып баспалдақпен сыныпқа көтеріліп барамыз. Екі аяғым сырқырап, денемнің барлық жері ауырып барады. Жаңағы "мейрам көңіл" қашып кеткен, ашулымын. Басым салбырап екінші сабақтың жартысынан кіріп келдім, жаңағы жаза жетпей тұрған еді, мұғалімнің сөгісіне де сүңгіп алдым.
Әлемдегі жауапкершіліктен жұрдай -беймаз, салақ, жалқау оқушы міне сыныптың соңында жалғыз отыр. Не істерімді білмей, кешіккеннен күйбеңдеп екі аяқты соқтырып бос отырмын. Мұғалімім мардымды сабағының бәрін маған арнады, өзім білмейтін қасиеттеріме куә болып үнсіз отырмын.
Кенеттен сыныбымызға күн сәулесі шақшиып молынан түсті, «Қап» мені іздеп келгендей сәулесін сырғыта олай да бұлай жорғытты. Күн күлімсірейді екен, енді оған шүбәм жоқ.
Бақытсыз екінші сабақ та бітті, соғылған қоңырау үні бұған себепші. Енді үшінші сабағымды бақытқа арнаймын дегенімде, кіріп келген мұғалім жанарын көріп, санам сазға кетті. Есіме сарт еткен кешегі жағдай. Кеше кешкісін сабағымды түгендеп жатып, алгебрадан берілген ауқымды есепті шығаруға ерінген соң, сыныптастарымнан көшіріп алам деген «Эврикалық» ойым бар тұғын, ал оған таңертеңгілік жағдай келіспеді.
Ал міне тарихымдағы алғашқы екілік баға алып отырмын. Көңіл күйімді қалай басқаратынымды білмеймін. Құтты болсын эврика! Эврика - маған тапқызбады, қайта үшеулеп табалады. ( Бұрыс эврика емес, дұрыс эврика таңдаңыз.)
Эх, сәтсіздікке сорлап сұлбамды зорға ұстап отырмын. Жаңағы қасиеттеріме "ақылды ақымақ" екенімді қосып қойдым. Онысы аздай тағы жаңағы мені іздеп жүрген күн, шақшиып тура бетіме түсті. Сыныпта жалғыз нұрланып отырған мен. Енді " Күннің тек қана күлімсіремей, ішек қатып күлетініне де түбегейлі көзім жетті ". Бірақ ренішім жоқ. Күн көзіне қарап мен де жымидым, ұзақ қарадым. Мені өзімен бірге алып кетуін тілегендеймін... Мұнымды мектеп те мақұлдады…
Жалғасы бар. Авторы: Тәппішбек Қанағатұлы