Мамандық па, өмір ме?

«Газет – халықтың көзі, құлағы — һәм тілі» дейді Ахмет Байтұрсынұлы. Арада 1 ғасыр өтсе де халықтың сөзі де, көзі де бұқаралық ақпарат құралдары. Наполеон «Жауға қарсы жүздеген мың қол әскерден, төрт газеттің ойсырата соққы беру мүмкіндігі зор» деген еді. 1840 жылы француз жазушысы Онере де Бальзак баспасөзді «төртінші билік» деп атады. Рас, жоғалғанның жоғын іздейтін де, жақсы хабармен сүйіншілейтін де журналистер.

Қазақ тарихындағы ең ұлы идеялардың көпшілігі Алаш зиялыларына тиесілі екені хақ. Отаршылдық езгіге түскен, тірі өліктің күйін кешкен қазақтың қараңғы аспанына күн болған зиялылар бүгінгі егемендіктің негізін қалады. Идея қағидалары қазақтың жері, оның экономикалық еркіндігі, ұлттық құндылық, ғылым мен білім мәселесін қамтыды. 1917 жылдың 21-қарашасында сейсенбі күні «Қазақ» газетіне «Алаш»партиясының бағдарламасының жобасы жарияланды. Жобадағы бағдарлама саны ең маңызды, өзекті он мәселеден тұрды. Көтерілген он мәселе, бағдарлама қазақтың қамын жеді. «Ресей республикасында дінге, қанға қарамай, еркек-әйел демей адам баласы тең болу. Жиылыс жасауға, қауым ашуға, жария сөйлеуге, газет шығаруға, кітап бастыруға – еркіншілік» делінген. Жоба жасаушылар Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдес Ғұмаров, Есенғали Тұрмағанбетов, Ғабдулхамит Жүндібаев, Ғазымбек Бірімжанов болды. Ұлт зиялыларын қараңғы қазақ көгіне шығарып, күн еткен де – газет, қуғын-сүргін жылдары ұлылардың аты өшсе де, затын өшірмей, оны кейінгі ұрпаққа сыйлаған – газет.

Жапонияның кішкентай аралы Окинава тұрғындарының орташа өмір сүру жасы басқалармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Ер адамдар — 88, ал әйелдердің орташа өмір сүру жасы – 92. Ұзақ өмір мен баянды ғұмыр кешудің сырын жапон нейробиологы Кен Моги икигаймен түсіндіреді. Бұл терминнің қазақ тіліндегі баламасы – «өмір мәні». Икигай сөзі жапон тіліндегі екі сөздің қосылуынан шыққан: «ики» – өмір, «гай» – себебі.  Икигай – адамзатты өмір бойы мазалайтын «мен мына жерде не істеп жүрмін?», «не үшін өмір сүріп жатырмын?», «айналама қандай пайдам тиеді?» деген сұрақтардың қысқаша жауабы.

Менің икигайым – жазу, Әл-Фараби бабам айтқандай «белгісіз нәрсені ашу», қазақтың қадірлі ұлы Әлихан Бөкейхан айтқандай «қазаққа қызмет ету». Жазуды да, белгісіз нәрсені ашуды да, ұлтқа қызмет етуді де бір арнаға тоғыстырған мамандық – журналистика.



Бөлісу: