Мама, уәде бермеші маған!

Папа! Сағындым!

Біздің үйде дәл мынадай шырша болмаса да, бұл суреттен бір ұқсастық таптым. Менің үйімнің дәл осындай терезелері бар. Дәл осындай қарағай ағаштан салынған. Қазіргі терезелердей жел кіріп, бөтекеңді (бүйрегіңді) теспейтін. Мен Ақ Папам мен мамамның ортасында ұйықтайтынмын. Таң ата Ақ Папам қарағай үйдің 3 терезесінің екеуінің ғана пердесін ашатын. Ал біреуін мен жатқан соң, Бошалағыма күн түспесін деп ашпайтын. Иіскелеп қасымда жата тұрады да, "Бошалақ, тұр, киін садикке барамыз" деп оятатын. Мультик қосып қоятын. Жырғалып тұрам да, терезеге аяздың салған қырауын тіліммен жалап тұратынмын. Мамам ұрысатын сосын. Мультик қарап отырып, шұлықтарымды теріс киіп қоятынмын. Мен жуынып болғанша, папа мен мама шайларын ішіп мені күтіп отыратын. Алдымда бал қосылған сүт, май мен тосап жағылған таба нан. Мама қолыма печенье ұстатып жіберетін. Папа "Волгасын" қыздырып, мені күтіп тұратын. Сөйтіп мені балабақшаға апаратын. 3 жасымда (есімде) мені жаңа жылдық таңертеңгілікке алып баратын болды. Папа сол кезде қолын кесіп алған еді. Онсыз да үлкен қолының таңулы саусағы ерекшеленіп келе жатқан. Шаронның (біздің ауылдағы өзен) көпірінің алдына жете бергенде құлағанмын. Папам балабақшаға дейін қолына көтеріп  апарған. "Бәріне терезе кінәлі" деп ақын курстасым Сәуле айтқандай мына суреттегі терезе бал қосылған балалығымды елестетті. Есейген, ер жеткен қиын екен...

Естелік деген найзағай сияқты екен. Есіңе бір түссе, қопарып кетеді. Дәл қазір бәрі есіме түсіп жатыр. Бір кеште суық тиіп, ауырып қалып ем. Еркеліктің көкесі менде ғой, жатып алып ем. Папа мен мама бал іздеп әкеп, сүтті ысытып, үлкен тоқашпен берген. Екеуінің ортасында жату үшін жатып алатын ем.

Жазды күні есік алдында отырушы ек. Мен папаның тізесіне отыратын ем. Күні кешегіге дейін жанында ұйықтайтын ем... Қазір жемпірі менің жанымда...

...Папа... 1-курста қыста мама екеуіне жүн шұлық апарып бергем. Алғашқы шәкіртақыма. Алғашқы айлығымнан сый тарта алмадым. Алматыға ертіп ап келем деп жүруші ем. Алатау, тәкаппар екенсің!!! Маматайым! Сен ауырмашы! Менің қуанышымды көру үшін! Менің бақытымды көру үшін!

Мама! Маған папа секілді уәде бермеші тек!!!



Бөлісу: