Бүгін мен 1905-1907 жылдар аралығында болған бірінші орыс революциясы қарсаңында екі-ақ нөмірі жарық көріп үлгерген “Серке” газетінің жабылуының басты себебіне айналған Міржақып Дулатұлының “Біздің мақсатымыз” атты мақаласы жайлы ой толғамақпын. Бүтіндей бір газеттің жабылуына түрткі болған бұл мақаланың алып келген идеясы қандай, мәні неде?
“Қазағым менің, елім менің!” деген алғашқы жолдарынан-ақ автор мақаласын өзі шексіз сүйетін, жаны ашитын халқына жолдау етіп жазып отырғанын байқау қиын емес. Мақалада Дулатұлы қазақ халқының “правосынан” айырылуы кеудеде ыза мен кек тудыратындығы жайлы сөз қозғап, отаршылдық саясатты сынның астына алды. Кедей қазағына істеліп жатқан әділетсіздік пен әлімжеттікті еш бүкпесіз ашып, бұратана халыққа көрсетілген қиянат пен зорлық-зомбылықты әшкереледі. Халық күйзелісін сезінген сандаған адамның есепсіз қаражат шашып, Петербургтегі министрлердің табалдырығын тоздыра әрекет еткендігі, дегенмен ешқандай өзгеріске қол жеткізе алмағандығы туралы қынжыла жазды. “Енді чиновниктер біздің дінімізге, атадан мұра болып келе жатқан әдет-ғұрпымызға араласа бастады, діни кітаптарды тұтқынға алды”,-деп қазақ жерінде болып жатқан заңсыздықты ашына, ашулана қағаз бетіне түсірді. Орыс мұжықтарының жаппай қазақ жеріне көшіп келуінің себебін де, орыс шонжарлары саясатының бағытын да халыққа жеткізді. Тіпті жан-тәнімен халқына адал, жанашыр болған ерлерінің ащы тұрмысы мен тағдырын егжей-тегжейіне дейін көрсетті.
Иә, Міржақып Дулатұлының бұл мақаласы Ресей отаршылдарын түйреп алатындай тілмен, асқан қайсарлықпен жазылғандығына дау жоқ болса керек. Азия мен Еуропа құрлығын қатар алып жатқан алпауыт мемлекеттің басшыларына қарсы бас көтеріп, халық мұңының жаршысы болған Міржақып Дулатұлының бұл ісі ешбірімізді тамсандырмай қоймас, сірә. Жүрегінің түгі бар қазақ баласының ерлігі, қаламының өткірлігі бізге үлгі мен естелік болып, жадымызда мәңгі қалмасына күмәнім жоқ.
Бүгінде басымызға бейбіт аспан орнағанымен, қоғамымызда айтылуы, әшкереленуі қажет жайттар азаймаған тәрізді. Алайда бұны бастыра, аша айтатын рух бен батылдық табылар ма бүгінде? Әділдік жолында құрбан болуға даяр өткен ғасыр ұлт зиялыларына теңесе алдық па? Теңесе аламыз ба?