ЛАМПОЧКАДАҒЫ ШҰЛЫҚ НЕМЕСЕ ДАМЫҒАН ТЕХНОЛОГИЯ...

ЛАМПОЧКАДАҒЫ ШҰЛЫҚ НЕМЕСЕ ДАМЫҒАН ТЕХНОЛОГИЯ...
жеке
блог

ҰБТ-ға дайындалып жүрген кезім. Ауылда өскендіктен бе, білмеймін... Ауыл балаларының сол кездегі арманы қалаға оқуға түсіп студент атану, сол арқылы табыс тауып, ата-анасына қарайласып, дербес өмір сүру болатын. Ол кезде менің де санамдағы жалғыз арман жақсы оқып, жақсы балл жинап, еліміздегі беделді бір оқу орнына түсіп, студент атану еді... Иә, кешегі арман Алланың қалауымен бүгін шындыққа айналып отыр, осы үшін Аллаға мың да бір шүкір, алыстағы асыл әжеме мың алғыс айтамын! 

Жалпы, айтайын деген ойым осы әжеме қатысты еді... 

Оқушы кезім. Негізгі мектепті тәмәмдап, соңғы екі жыл ҰБТ-ға дайындық кезеңіне өткен едік. Ұйқысыз түндер... Шаршау, жалығу, жек көру т.б жаманы, жақсысы араласқан сезімдер арпалысы... Нағыз жасөспірім шағымызды партаға байлап, кітапқа үңілтіп қойған үкіметке өкпеміз қара қазандай... Осындай балалықпен, һәм шалалықпен түйген ойымызбен алысқан, арпалысқан ұлағатты ұстаздар қауымы барлық нәрсенің біздің келешегіміз үшін екендігін түсіндіріп бағуда. Кейде түсінген болып, кейде астамшылық жасап өткен күндеріміз сырғып уәделі күнге жақындай берді. Сондай бір дайындық күндерінің бірінде түнімен дайындалып, сағаттағы оятқыштың (будильник) тілін таңғы сағат сегізге қойып ұйықтап кетіппін. Ояна келсем, күн арқан бойы көтеріліп кетіпті. Жанымдағы оятқышты іздеп, сипалақтап қалдым. Кеш тұрып, біраз уақыт жоғалтып алғаныма налып жүрмін. Ал оятқышым болса ұшты-күйлі жоқ. Сандалып бөлмелерді аралап жүрсем, алыстан оятқышымның «шиқылы» баяу талып естілді. Жалма-жан үлкен қонақ бөлмені ашып қарасам, диванның үсті жастықпен үйіліп тасталған екен. Ал оятқыш байғұс болса неше қабат жастық, көрпелердің астында тұншыға «ойбайлап» жатыр екен. Оятқышты қолыма ұстаған күйі әжеме мәнісін сұрауға беттедім. Оқиға былай өрбіпті...

Оятқыш байғұс, уәделі уақытында үйді басына көтере «шиқылдап» қызметін адал атқарыпты. Тек, ұйқыбас менен басқасының барлығы естіген екен. Ал әжем болса, маған жаны ашып, тағы ұйықтай түссін деген оймен оятқышты өшірмекші болады. Ары төңкеріп қарайды, бері төңкеріп қарайды өшіретін жерін таппай дал болады. Ақыры болмаған соң, кеудесіндегі күртешесіне орап, диванның үстіне қойып, үйдегі бар жастықты үстіне үйіп тастайды...

Мұны естіген мен көзімнен жас аққанша күлдім. Сол кезде әжем де саспастан: «Е, балам-ай қазір әлем күнде өзгеріп, дамып жатыр ғой. Кезінде (жастық шағын айтып отыр) біз де жаңа нәрселерді білмеген үлкен кісілерге күлуші едік. Заман-ай, бүгін міне өз басымызға оралып тұр...» - деп, тарихтан сыр шерте: 

«Кезінде Қытай еліне Кеңес үкіметі елшілерімен бірге Уәли деген атамыз ере барған екен» -деп бастады әңгімесін,

- Сол елшілерді Қытай үкіметі жылы қабақ таныта қабылдай, қонақ үйге орналастырған екен. Уәли атамыз да өз кезегінде бөлмесіне барып жайғасып, жатайын десе сап-сары алмұрт секілді бір бәле жарқырап ұйықтатпай қойыпты. Ары қарап, бері қарап, ұстап көрейін десе қызуы қол шыдатар емес , бұл не бәле болды екен деп, аяғындағы шұлығын сыртынан іліп қойыпты. Сөйтсе, алмұртқа ұқсаған бәле Эдисонның ойлап тапқан электр лампочкасы екен. Сөйтіп не керек, атамыз лампочканың тетігін тауып сөндіре алмаса да өзіндік амал тауып, шұлығымен көлегейлеп қойыпты. Тағы бір қызық жері, ол қиын кезде бір шұлықты әрең тауып киіп жүрген атамыздың шұлығы тесік болып шығыпты. Қас қылғандай лампа да бәрібір жарқырауын тоқтатпапты. Сол секілді қарағым, мен де бүгінгінің технологиясын түсінбей жатқаным ғой» - деп маған мейірлене қарады. Мен де Уәли атамыздың оқиғасының желісіне риза кейіппен жымия бердім... 

АВТОРДАН: Мұның барлығын есіме түсіріп отырған жоғарыдағы мына бір қушыкештердің салған суреті еді. 

Иә, біз Аллаға шүкір жаңа, озық технологияларды меңгерген ұрпақпыз аға буын өкілдеріне қарағанда көп нәрсеге үлгеріп, дамып кеткен жайымыз бар. Бірақ, біз өзіміздің қайдан шыққанымызды әсте ұмытпауымыз керек, ағайын!

Ешқайсымыз дәл қазіргідей аяғымыз аспаннан салбырап түскен жоқпыз. Мұрынбоқ кезімізде сол атамыз, әжеміз, анамыз бізге де қоршаған ортадағы құбылыстарды тәппіштеп түсіндірген болатын, бірақ қазір соны ұмытқандай, қолымызға айфон ұстап алып, өзімізді керемет санайтынымыз жасырын емес. Сондықтан, өз кезегімізде, кейде өзіміз де білмей қалатын техникалардың тетігін кішілігімзді көрсетіп үйретіп жіберсек немесе өзіміз қызмет көрсетіп жіберсек, ұтпасақ, ұтылмаймыз. 

Сөз соңында айтарым құрметті бауырлар, бұл менің жеке пікірім, әрі өмірден түйгенім. Мүмкін келісерсіздер, мүмкін келіспессіздер, ол жағы әркімнің өз құзырында, сондықтан көкейлеріңізге қонымды болса қабылдарсыздар, болмаса өз сөзім өзімдікі деймін-дағы, қоямын!