Қызғаншақтық жаман қасиет

Жақсылық жасаған адам қызғаныштан арылмаса, Құдай сақтасын, жиған-терген бар сауабынан бір демде айрылып, құр алақан қалары анық. Біреулердің қызғаншақтығы бетінде тұрады. Енді біреулердікі іштей өзегін өртеп жатады. Мұндайлар құлшылықтан бас алмай, игі амалдарды қаншалықты көп жасаса да, оның ләззаты мен берекетін сезіне алмайды. Мысалы, мұндай пасық ниетті адам тақуа кісіні көрген сайын немесе ол кісі есіне түскен сайын дегбірсізденіп, өз ғибадатынан ешқандай ләззат сезіне алмай, мазасы қашады да тұрады. Мұндай адамдар руханиятын тереңдетіп, Хақ тағалаға жақындаудан да мақұрым қалмақ. Сондықтан, ұдайы беймаза күй кешіп, құты қашады. Бір жағынан Аллаһтың өзгелерге бергендерін жаратпай, тағдырды тілдеп, наразылық білдіреді. Бұл – Жаратқан Ие алдында әдепсіздік. Жаратушы Аллаһ біреуге сұлулық, біреуге мал-дүние, біреуге шен-шекпен т.б. берген. Қызғаншақ адам Жаратушының өзіне бергеніне көңілі толмағандықтан, өзгені, яки өзінде жоқты қызғану арқылы тағдырды тілдейді. Осылайша Аллаһтың ісіне қарсы келеді.



Бөлісу: