Қыз балаға оқу не үшін керек?

Қыз балаға оқу не үшін керек?
жеке
блог

Ерте заманда әжелеріміз еш оқу орнынан білім алмай-ақ дана болған. Бұрынғы мен бүгінгі кезеңді салыстыруға келмес. Қазір білімді кісі сәнге енген кез.

Қыз балаға оқу не үшін қажет?

Бастық болу? Жоқ! «Әйел бастаған көш оңбайды». Қыз бала қанша жерден көшбасшы болса да, ұйымдастырушылық қабілеті тасып тұрса да, билікке ұмтылуы жөн емес. Әйел билеген жерде (барлығы емес) іске қарағанда сөз, тәуекелге қарағанда эмоция басым болатынын мойындау керек.

Жоғары жалақы? Жоқ! Нәзік жаратылысты әйел заты ақшаны күреп тауып, отбасын асырауға міндетті емес. «Әйел тапқан ақшада береке болмайды» деп кеткен ата-бабамыз ақылсыз болмаған.

Жақсы жұмыс? Жоқ! Әйел заты мансап қуып, ала таңнан қара кешке дейін жұмысқа жегілмегені дұрыс. Қызметте жетістікке жетіп, материалдық бар жағдайын өзі жасап алса да, бақытты емес арулар бар. Себебі олар отбасы құруды кейінгі кезекке қалдырған.

Қыз білімді болса, ерінің басын көрге емес, төрге сүйреп, оны шыңға шығарады. Үйдегі зайыбын бағындыра алған азамат қалың қауымды да соңынан ертіп, көш бастай алады. Шешім қабылдайтын еріне ақыл қосып, көрген-түйгенімен бөлісіп отыру үшін, қыз балаға оқу қажетті.

Қыз білімді болса, жұбайының тапқан ақшасын оңды-солды шашпай, ақылмен жұмсайды. Отбасы бюджетін берекелі ету үшін қыз балаға оқу керек.

Қыз ақылды болса, қыдырайын, еркім өзімде болсын деп, уақыт өткізіп жүре бермей, орайы келгенде отбасын құрып, көп бала табуға қамданады. Болашақта балалары «Анашым, бұл неге ондай?» «Мынау не?» деп сұрағанда, «Білмеймін» немесе «Көп сөйлей бермеші» демей, мүдірмей жауап бере білуі үшін, қыз балаға білім қажет.

Балалар аяқ астынан қандай сұрақ қоярын да болжап болмайсыз. Тым құрығанда «жауабын бірге іздейік» деу үшін қай жерден, қалай іздеуді білу үшін білім керек!