Күздің күңгірт жанары
блог
Күздің күңгірт күндері көк аспанның да көңіліне кірбің түсіреді. Қабағы қатулы қарт бұлттар қайғы қоржынын көтере алмай келіп, дәл менің төбеме жеткенде ақтарыла өксіді. Мен әдеттегі дағдыммен көше бойлай келе жатырмын. Алдымнан сан түрлі жанарлар өтіп жатыр. Бағанадан жауыннан жасқанып, қадамымды ғана аңдып келе жатқан көздерім еріксіз жоғары көтерілді. Кішкентайымнан қалыптасқан әдетім еді. Кезіккен адамдардың өздеріне емес, сырға тұнған көздеріне қарайтынмын. Көзқарастың да сан түрі бар. Кейде әсем сөзбен өрілген мәтіндер жеткізе алмайтын ішкі сезім мен айтылмаған ақиқатты дәл осы көздер айтып береді. Сондықтан да болар, қазір қарсы кезіккен жан көрсем, адам емес жанар ғана өтіп бара жатқандай көрінеді маған.
Жоғарыда айтқанымдай бүгінге дейін жа-нардың сан түрімен кезіктім. Олардың ішінде жылауық жанар, жасқаншақ жанар, ұялшақ жанар мен ұятсыз жанар, күдік жанары, салқын жанар да бар. Бірде сыртқа сырын бермейтін сұрқия жанарды көріп ішім мұздаса, тағы бірде шаттыққа толы шырайлы жанарға жолығып, қуанып қалатынмын. Бүгін де олардың бірнешеуін кезіктірдім. Саябақ қақпасының тұсынан өте бергенде өзінің әңгі-месерігін жер көкке сыйғызбай мақтап тұрған адамның дауысын естіп, сезімтал жанарым сол жаққа бұрылды. Мадағын жанындағы келісті киінген кісіге арнаған адамнан көпшілікке аты мәлім жағымпаз жанарды тани кеттім. Таныдым да, дәл сол мезетте оның бетін қайтаратын отты жанарды кезіктіре алмай, үнсіз қалдым. Сол үнсіз қалпымда ең көп кезіккен жанарлардың тұсынан да шарасыз қалпымда өте бердім. Ол кезіккен – мұңды жанарлар еді. Біреуі тағдырдың тауқыметін тартса, енді бірі өмірдің тулаған толқынына ілесе алмай, ағынынан қалып қойған. Осы жанардың бір тобы тетікпен қызмет етіп, көзге көрінбес торға қамалған қоғамнан рухани азық іздеп мұңға толса, келесісі көзді екі ашып, бір жұмғаныңша-ақ орнында тұрмай зымырап кететін замана құбылысына шыдамай мұңданады.
Көктен тамған нұрдың бір тамшысы жанарымнан үзілгелі тұрған жасты шайып кетті. Дүние қалай төңкеріліп, Алла пендесіне қандай сынақ жіберсе де адамдардан иманды жанарларды жоғалтпасам екен деген тілекпен өзімнің үмітті жанарымды жа-уынын толассыз төгіп тұрған аспанға қададым.