Исламның алғашқы ғасырында өмір сүрген ізгілер (сәләф әс-салих) мен көпшілік обьективті ойлай алатын ғалымдар Құран мәтініне түсіндірме берудің рұксат екендігін айтқан және ақидаға (сенім) қатысты мәселелерде осы әдіске жиі жүгінген. Олар Құрандағы кейбір аяттарда буквалды (сөзбе-сөз) айтылған мағына мақсат етілмегендігіне бірауыздан келіскен. Өйткені Алла Тағала Құранда айтқандай: «Оның ешбір ұқсасы жоқ». (42:11) [2]
Тәуил жасау (аллегорияны түсіндіру, Құран және хадистегі мағыналары анық емес, тұспалды келген мәтіндерді түсіндіру) ешқашанда айыпталған жаңашылдықтың (бидғат) бірі болып есептелмеген. Себебі тәуилді сахабалар Құран мен Сүннеттен алды.
Дәлелдер келтірсек:
Алла Тағала Құранда былай дейді: «Расында, Біз сендерді ұмыттық» (32:14) [2], «Олар Алланы ұмытты, Алла оларды ұмытты» (9:67) [2]. Бұл аятқа қарап, біз Аллаға ұмыту деген сипатты тели алмаймыз немесе: «Иа, Алла ұмытады, бірақ біз сияқты емес» - деуге де еш хақымыз жоқ. Себебі ол жайлы Құранда Алла: «Сенің Раббың әсте ұмытпайды» - дейді (19:64) [2]. Қарап отырсақ қарама-қайшылық байқалады. Бірақ бұл қарама-қайшылық буквализм себепті болып отыр, тереңірек қарасақ мәселе өз шешімін табады.
Мысалы, Алла Тағала естиді, бірақ біз сияқты емес деуге болады. Бұл сөзбен біз Аллаға белгілі бір сипатты тели отыра, Оны кемшіліктер пәктейміз. Ал ұмытшақтыққа келер болсақ, бұл кемшілік сипат болғандықтан Аллаға сай сипат емес. Сол себепті біз бұл сипатты ешқашан көру және естумен теңестіре алмаймыз.
Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жеткізген құдси хадисте Алла Тағала: «Ей, пендем! Мен ауырдым, ал сен Менің жағдайымды сұрап келмедің» - дейді. Сонда құл: «Уа, Раббым! Мен қалай Сенің жағдайыңды сұрап барамын, Сен – әлемдердің раббысы емессің бе?» - дейді. Алла: «Сен Менің пәленше деген құлым ауырғанын білмедің бе?! Соның жағдайын сұрап барғаныңда, Мені сол жерден табар едің…» - дейді. (Муслим, 2596, Бұхари, Әдәб әл-Муфрад, 517) [2]
Имам Науауи: «Ғалымдар бұл хадис жайлы: Алла Өзіне ауруды теліген себебі – әлгі ауырған пенденің жағдайын білдіргісі келгені. Ал «Мені сол жерден табар едің» - деген сөзі: Менің сауабым мен сыйымды сол жерден табар едің, - дегені» - дейді.
Айта кетерлігі, мұсылман ешқашан Аллаға ауру секілді сипатты тели алмайды. Себебі, ол ислам ақидасына қайшы келеді.
Сонымен қатар алдыңғы қатар ізгі сәләф ғалымдарының арасынан да тәуилге көптеген мысалдар келтіруге болады. Мысалы тәуил Алла елшісі (с.а.с.): «Иа, Алла! Оны дінде білімді ет! Әрі тәпсірді үйрет» - деп дұға жасаған Ибн Аббастың сөздерінде көп кездеседі. (Табарани, әл-Кабир, 10587) [1]
Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Аяттарымызды жоққа шығарып, Бізбен қауышар күнді қалай ұмытқан болса, Бізде оларды солай ұмыт қалдырамыз» - дейді (7:51) [2]. Бұл аятта Алла оларды есінен шығарып ұмытып кеткендігі жайлы емес, оларды жазада қалдырғаны жайлы айтылып тұр. Табари Ибн Аббас пен Мужахид бұл аятты осылай түсіндірме жасағанын жазады. (Тәфсирул хафизи ибн Жәрир Әт-Табари, 201/8)
Басқа аятта: «Сол күні, балтыр ашылып…» (68:42) [2]. Ибн Аббас: «Балтыр дегенде Ақырет күнінің қиындығы мен ауырлығы түсініледі» - дейді. Мужахид, Сәид ибн Жубаир, Қатада және басқа да алғашқы дәуір ізгілері тура осылай түсіндірме жасайды. (Фатх әл-Бәри, 428/13)
«Аспанды Өз қолымызбен тұрғыздық» (51:47) деген аятта Ибн Аббас «қол» сөзін «құдірет» - деп түсіндіреді. Себебі араб тілінде «қол» сөзі «күш, құдірет» сөзіне тұспалды мағынада көп қолданылады. (Тәфсиру Хафизи Табари, 27/7) [2]
«Раббың келген кезде…» (89:22) аяты турасында имам Ахмад: «аятта Раббыңның сыйы мақсат етіліп тұр» - дейді. Галымдардың айтуы бойынша кей жағдайларда имам Ахмадта тәуилге жүгінген. (Ибн Кәсир фил Бидая уә Нихая, 327/10) [2]
Сондай-ақ имам Бұхари: «Алла бір-бірлерін өлтірген, бірақ екеуіде жәннатқа түскен құлдарына күледі» - деген хадистегі мағына кәдімгі күлкі емес, Алланың рақымы» - дейді. (Байхақи, Фил әсмәи уә луғати, 470)
Аллаға денелік сипат телитіндер өздерінің сөздеріне дәлел ретінде Алла алатын орын жайлы: «Ол құлдарынан жоғары, Ол – өте дана әрі бәрінен хабардар» (6:18), «Олар өздерінен жоғары болған Раббыларынан қорқады» (16:50), «Ол – бәрінен жоғары және бәрінен ұлы» (34:23), «Ұлы (жоғары) Раббыңның есімін ұлықта!» (87:1), «Расында, Раббыларыңның алдындағылар…» (7:206) [2]. Исламның алғашқы дәуіріндегі ізгілер (сәләф әс-салих) бұл аяттарды Аллаға ешбір денелік сипат қоспастан түсіндірме жасады. Олар аяттарды жоққа да шығармады, Аллаға денелік сипат та телімеді. Алланың кемшілік атаулыдан пәк және Оның ешқандай серігі жоқ екенін білді.
Ибн Кәсир жазады: «Ізгі сәләф ғалымдары – имам Мәлик, әл-Аузағи, әс-Саури, әл-Ләйс ибн Сад әш-Шафиғи, Ахмад, Исхақ ибн Рахауия Алланың сипаттарын басқа жаратылыстардың сипаттарымен салыстыруға не оларды жоққа шығаруға не оларды зерттеп «бұл қалай?» - деп сұрақ қоюға тыйым салған». Аяттың буквалды (сөзбе-сөз) мағынасы және одан адамның ойына елестейтін дүниелерден Алла пәк. Құранда ол жайлы: «Оның (Алланың) ешбір ұқсасы жоқ» - делінген. (42:11) [2]
Осыған қатысты имам Бұхаридың ұстазы Хаммад әл-Хусари былай деген: «Кім Алланың сипаттарын жаратылыстардың сипаттарына теңейтін болса – діннен шықты. Кім Алланың сипаттарын жоққа шығарса – діннен шықты. Себебі Алла Құранда да, Сүннетте де жаратылыспен тең қарастырылмайды. Сондықтан кім Құранда және Сүннетте келгенді ұстанып, ол екеуіне қайшы келетіннен аулақ болса – тура жолды ұстанғаны».
Ал буквалды мағынасы «Алла жоғарыда» дегенді білдіретін аяттарға келсек, егер ол аяттардың мағынасына терең үңіліп қарасақ онда Алланың ұлылығы мен үстемдігі жайлы айтылып тұрғанын байқаймыз. Араб тіліндегі нақ осы «фауқа» (үсті, жоғары) сөзі ең толық мағынасында ұлылық, үстемдік, билік деген мағыналарды береді. Енді осы тұстан алып қарағанда бұл аяттарды дәлел ретінде ала отыра Аллаға мекен беру ақылға қонымсыз екенін байқаймыз. Себебі белгілі бір мекенде болу – ол жаратылысқа тән сипат, ал жаратылғанның сипатын Жаратқанға телісек, Жаратқан мен жаратылғанды теңеген боламыз. Бұл жоғарыда айтқанымыздай мұсылман сеніміне (ақида) қайшы келеді, себебі Алла барлық кемшіліктерден пәк: «Оның ешбір ұқсасы жоқ».
Мына екі аятты салыстырайық. Бірінші Алла жайлы: «Ол құлдарынан жоғары (үстем)» (6:18), екінші аятта Перғауынның айтқан сөзі жайлы: «Біз олардан жоғарымыз» (7:127) [2]. Перғауын Исраил ұрпақтарынан кеңістік мағынасында жоғарымыз деді ме?! Жоқ, Перғауын кеңістік мағынасында емес, керісінше мәртебе мағынасында, өзін құдай санап олардан үстембіз деді. Құранда Перғауын: «Мен сендердің жоғары (ұлы) құдайларыңмын» - дейді. Аяттардан мынадай қорытынды шығарсақ болады: «Алла жоғарыда» - деген түсінікте жүргендер кезіндегі Перғауын секілді түсінеді. Перғауын кезінде: «Ей, Хаман! Маған биік зәулім мұнара салғыз, бәлкім соның үстіне шығып Мұсаның құдайын көріп қалармын» - деген болатын (40:36-37). Бұған Алла: «Перғауынның бұл әбес қылығы өзіне кереметтей болып көрініп тура жолдан адасқан болатын» (40:37) [2].
Бұл секілді аяттар Құранда жетерлік, мысалы Алла Тағала Мұсаға (а.с.): «Қорықпа! Сен олардан жоғарысың» (20:68) [2], деген аятта Мұса сиқыршылардан кеңістік мағынасында жоғары болды деген айтылып тұрған жоқ. Керісінше Мұсаның (а.с.) олардан мәртебесінің үстем болғаны айтылып тұр. Басқа аятта Алла Тағала: «Қапаланбаңдар! Ұнжырғаларың түспесін! Егер иман келтірген болсаңдар бәрінен де жоғарысыңдар» (3:139) [2], бұл аятта да сөздің тікелей мағынасындағы кеңістіктік жоғарылық емес, одан тереңірек мағынадағы мәртебелік жоғарылық айтылып тұр. Аяттағы мәтінді кеңістік мағынасында түсінуге болмайтынына тағы бір дәлел: «Ол (Алла) – ең бірінші және ең ақырғы, ең жоғарғы және ең жақын». (57.3) [2]
«Көтерілді» «түсті» деген мәтіндерге келер болсақ, олардың кейбірінде періштелер жайлы айтылады, ал қалғандары астарлы мағынада. Мысалы біреу: «Мен директорлықтан министрлікке көтерілдім» - десе, бұл «директордың кабинеті төменгі қабатта, министрдікі одан жоғарғы қабатта» - дегенді білдірмейтіні секілді аятты да тікелей мағынада қабылдай алмаймыз.
Сол себепті Құран мен Сүннет мәтіндерін буквалды (сөзбе-сөз) мағынада түсінудің қажеті жоқ, әсіресе Аллаға қатысты аяттарды. Құранда: «Біз оған күре тамырынан да жақынбыз» (50:16), «Қайда болмасаңдар да ол сендермен бірге» (57:4) [2], «Ол төртіншісі болмайтын жасырын үш адамның жолығуы не ол бесіншісі болмайтын төрт адамның жолығуы не Ол алтыншысы болмайтын жеті адамның жолығуы болмайды» (58:7) [2]. Алланың бір уақытта «жоғарыда» болуы (денелік сипат берушілер айтатындай) және Өзі айтқандай үш адамның төртіншісі, төрт адамның бесіншісі болуы қалай? Әрдайым құлының жанында болып, оған күре тамырынан да жақын болуы ше? Бұларды қалай түсінуіміз керек? Адамдардың айтқанын аламыз ба әлде Алланың берген хабарын ұстанамыз ба?
«Қалайша сендер күмәнданасыңдар, ол аспандағы …» - деген аятқа келер болсақ, аятта періштелер жайлы айтылып тұр. Қандай жағдай болмасын Алла «аспанда» - деп айтуға болмайды. Себебі аспан жеті қат, тиісінше оның қайсысында деген де сұрак туындайды. Алла Құранда: «Оның Аршы аспан мен жерді қамтып алады» - дейді (2:255) [2]. Аяттан Алла аспанда және Оның Аршы Оның Өзінен үлкен деген буквалды мағына шығады. Алла бізді мұндай сенімнен сақтасын!
Аятты «Алла аспанда» - деп, сөзбе-сөз түсінетін болсақ, онда аспан Оны қоршап тұр, тиісінше Ол аспаннан кіші деген түсінік қалыптасады. Алла бізді мұндай түсініктерден сақтасын! Егер Ол «аспанда» болса, онда қай кабатында? Ол аспанды жаратқанға дейін қайда болды? Егер Ол аспанға мұқтаж болса оны қалай жаратты? Егер біз аспанға көтерілсек Алланы көреміз бе? Алла кемшіліктерден ада, Алла мұндай сұрақтардың бәрінен жоғары.
Мұндай түсініктегі адамдар аспан ол – жоғарылық, Алла аспаннан жоғары – дейтін болса, онда олар өз сөздеріне өздері қайы келеді. Себебі олар алдын Алла аспанда – деп бекіткен болатын, сосын Алла Аршының үстінде – деді. Олардың ұстанымдарына сүйенсек - Арш Одан үлкен, бізге бұлайша «Алланың өлшемі» анықталады, Ол Аршыдан кіші.
Осы айтылғандардан түйетініміз, Аллаға денелік сипат беретіндердің түсіндірмесі дұрыс емес. Аяттарға тек біз берген түсіндірме ғана дұрыс келеді.
Белгілі ғалым Әбул Хасан әл-Ашғари өзінің «әл-Ибана» кітабында былай дейді: «Истәуә бізге жеткен хабарлар бойынша тиюмен (жанасу), орналасумен, белгілі бір кеңістікте орын ауыстырумен ешқандай қатысы жоқ. Ол Аршқа сүйенбейді, керісінше Арш және Аршты көтеріп тұрушы періштелер бәрі тек Алланың мейірімі мен құдіретінің арқасында тұр. Ол Арштан да басқасынан да ұлы, үстем. Ол барлық жаратылыстан үстем бола тұра әрдайым құлдарымен бірге әрі болып жатқанның бәріне куәгер, хабардар». [4]
Кейбір сарапшылардың айтуынша жоғарыда айтылған буквализм түрі тек ақида (сенім) мәселелерінде ғана болғанда проблемалар саны мейлінше аз болар еді. Бірақ қазір байқайтынымыздай бұл шектен шыққан буквализм түрін жастарға ақида мәселелерімен қатар фиқх, хадис жинақтарын оқығанда сіңіріп жатыр. Міне осы тұста проблемалар саны артып бастайды. Ибн Уяйна атқандай: «Хадистер – фақихтерді айтпағанда, көпшіліктің адасатын жері». Қазіргі әртүрлі ағым өкілдерінен қайдан білім алатынын сұрасақ, олар еш қынжылмастан Сахих Бұхари, Сахих Муслим және т.б. хадис жинақтарының аудармаларын оқитынын айтады. Оларда хадис жинақтарын ашып: «Мен «Алладан басқа тәңір жоқ» - деп айтпағандармен соғысуым керек не құлшылық қылып, зекет бермегендермен соғысуым керек» - деген жансақ түсінік қалыптасады (Хадис Бұхари және Муслимде 5-6 түрде Жәбирден, Әнәстан, Әбу Хурайрадан, Ибн Омардан және басқалардан риуаят етіледі) [4]. Сонымен қатар олар Құранды ашады, оларға әдетте ұстаздары «қылыш аяттарын» көрсетеді, мұның бәрін буквалды түрде бойына сіңірген жастар діни мәтіндерді сөзбе-сөз түсініп, сөзбе-сөз үкім шығаратын болады. Міне тура осы түсінікті қазіргі уақытта адасқан ағым өкілдерінің тікелей Құран мен Сүннет бойынша жүру керек деген уағыздарынан байқасақ болады. Дін қайнаркөздерін өз беттерінше түсініп алған жастар: «халық арасында жайылған адасушылықты жоямыз» - деген жалған ұранмен дінде тыйым салынған әрекеттерді істей бастайды. Оларды ақылға шақырып, түсіндірме жасалса – олар оны тыйым салынған пәлсапа деп қабылдайды. Қанша оңалту жұмыстары жасалғанымен бойында рационализм толық сөніп қалған ағым ерушілері «Дәлелім бар ғой» - деген сөзді еш ойланып қарамастан қайталай береді.
Ағым өкілдеріне жасалған әртүрлі бақылаулар нәтижесінен мынадай қорытынды жасасақ болады - дінді қабылдаған адамға о бастан «әл-Әсмә уәс-Сифат» абстрактілі мәселелер арқылы буквализм сіңірілетін болса, болашақта ондай адам өз бетінше бойына сіңірілген түсініктерге ақыл жүгірте қарап, одан қайта қайтуы екіталай және әрдайым радикализация ықтимал аймақта қалып қояды. [6]
Өкінішке орай, егер ондай адам буквализмді діни текстерді түсіну әдісі (мәнхаж) деп қабылдайтын болса, істің соңы сөзсіз радикализация қаупіне ұласары әбден ықтимал. Бәрімізге белгілі мұндай буквализм түрі сәләфизмнің барлық топтары арқылы таралуда. Сәләфилердің қалыптысы болсын, радикалдысы болсын барлығы нақ осы түрде «әл-Әсма уәс-Сифат» абстрактілі мәселелерді оқиды. Сол себепті, елдегі жүрген «мадхалиттер» бір күні Сириядан бір-ақ шығуы ғажап емес. Кеше ғана дінге келіп, намаз бастаған жастар көп ұзамай-ақ өзінің туыстарын діннен шығарып, жихад пен такфирге уағыздауы әбден мүмкін. Адепт дінді алғаш қабылдаған сәттің өзінде Ибн Таймияның түсіндірмесіндегі рубубия, улуһия және әсма уә сифатпен танысып-ақ бойына буквализмді сіңіріп алады. Одан әрі жат ағым идеологиясынан шығу тек қиындай түседі.
Діннің кайнаркөздерін түсіну жүйесі (усул әл-фиқх) мен рационализмнің бар болғаны себепті дәстүрлі мазхаб иелері радикализм мен терроризмге кетіп қалмай, діни жағдайды саралай біледі.
Буквализм бастапқыда ақидадағы абстрактілі атрибуттарды қорғау үшін енгізіліп кейін сол буквализм фиқх, хадис салаларына өткен кезде ағым ерушілері өздері көтере алмайтын фақихтардың жүгін белдеріне байлап алады. Ақыр соңында сол жүкті көтере алмай, өздері де адасады өзгені де адастырады. [5]
Буквализмнің тағы бір салдарына сәләфилер арасындағы шектен тыс бөліну мен өздерінің лидерлеріне көзсіз еруді (тақлид) келтірсек болады. Мешіттерге қарасақ ханафилер бірге жүреді, бір-бірін бөлмейді, айыптап-сөкпейді. Ал, сәләфилердің мәжілістеріне, жамағаттарына қарасақ бір-бірін мүржи, мадхали-жами, жархи, қуссаси (ойдан тоқушылар), харижи, хизби-ихуани, және т.б. топтарға бөліп жатады. Араларындағы бөлінудің қаттылығы соншалық бір-бірлеріне сәлем бермейді, сәлеміне жауап қайырмайтын деңгейге жетеді.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1. История политических и правовых учений / под ред. С. Нерсесянца. - М., 1996.
2. Н. Анарбаев, А. Әкімханов, Құран Кәрім қазақша аудармасы, Көкжиек баспасы
3. Кулиев Э. «На пути к Корану». - М., Умма, 2006. - 385 б.
4. Курамухаммад-хаджи Рамазанов. Заблуждение ваххабизма в шариатских вопросах. // Перевод Магомедова У. Г. 2-е издание. Махачкала, 2008.
5. Леже Р. Великие правовые системы современности: сравнительно-правовой подход / Раймон Леже, пер. с фр. [Грядов А.В.]. - 2-е изд. , перераб. - М.: Волтерс Клувер, 2010. - 592 б.
6. Наумкин В.В. Исламский радикализм в зеркале новых концепций и подходов. // Восток. № 1. 2006.
7. Родинсон М. Исламизм на Ближнем Востоке // Возвращение религиозного фактора в политику. - М., ИОН, 2010.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
Философия және саяттану факультеті
Дінтану және мәдениеттану кафедрасы
Дінтану мамандығының 1-курс магистранты: Исаев Абдіхакім
Жетекші: Байтенова Нағима Жаулыбайқызы