Аты жаман індет таралып, қиын да қысталаң кездер туғанда да кітап маңызын жоғалтқан жоқ. Онлайн дәуірде өмір сүріп, үйде отырғандағы ең бірінші пайдалы қарекетіміз – кітап оқу болды. Бұл кезеңде қолымыздағы телефон да, шаңырағымыздағы теледидар да кітаппен таласа алған жоқ. Өйткені, кітап оқу – білім игеріп, болашаққа инвестиция құю деген сөз. Дәл осы төтенше жағдай орнаған сәуір айында ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы көпшілікке кітап оқу эстафетасын жолдады. Қоғамда қызығушылық тудырған бұл эстафета оқырман қауымды «кітап кеміргіш» етуге үлес қосты. Яғни, рухани мұраны бойымызға сіңіріп, өмірлік қағидатымызға айналуына себеп болды.
Бүгінде алдыңғы буын ағалардың «Жастар кітап оқымайды» деген базынасы бар. Иә, кешегі кеңестік кезеңнен бертін келе технологияның дәуірі туып, кітапқа үңілгендердің қатары азайған шығар. Бірақ, түбегейлі оқымайды деуден гөрі тек сапалы оқитындар ғана қалды дегеніміз дұрыс. Бұл орайда кітап оқу мәдениетін ілгерілету мақсатында біршама жобалар іске асып келеді. Соның бірі де бірегейі – КІТАПФЕСТ. Дәстүрлі түрде желісі үзілмей жалғасып келген шара Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында өтетін. ТМД елдерінің мәдени астанасы атанған Шымкент қаласында биыл алғаш рет өтті.
Ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқарманың мұрындық болуымен, Шымкент қалалық «Рухани жаңғыру» кеңсе-орталығының және «Қанағат» ЖШС-ның қолдауымен өткізілген игі шара 6 күнге созылды. Осындай да «отыз күн ойын, қырық күн тойын» деген тіркес ойға оралып, кітапфест – кітап саласының «сабан тойындай» көрінеді. Яғни, сабан той - қырманда диқаншылар көктеудің ерте кезінен бергі еңкейіп еткен еңбегі мен жиған терімінің нәтижесін көрсетеді. Сол сияқты жыл бойы кен қазған кеншілердей маңдай терімен тың туындылар басып шығарған баспагерлер және саудасы кітап, салмағы білім болған кітап дүкендері өз өнімдерін таныстырады. Оқырманның ордасы саналған Шымкент қалалық кітапханалар да қорындағы ерекше кітаптарын көрмеге қойды.
КІТАП АРТҚАН КЕРУЕН ШЫМ ШАҺАРДА
Кітап артқан керуен бұл жолы Шымқала төріндегі «Көрме орталығы» аялдамасына тоқтады. Бір емес, қырық түйеге жүк артқан қазақ даласындағы ең танымал «Фолиант» баспасы арнайы астананың төрінен оңтүстік өлкесіне жетті. Алатаудың баурайынан Қаратаудың қойнына келген «Қазақ университеті» баспасы атан түйеге жүк арта келіпті. Өйткені, биылғы әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абайдың 175 жылдығына жиналған базарлықтың бәрі осы баспадан еді. Карантиннің салдарынан құлдырамай қайта карантин кезінде қанат жайған «Қасым баспа үйі» Орталық Қазақстаннан жорға жүрісті жылқы мініп жетті. Бүгінде саудасы жүрмей, жоспары болмай, әрекетінің берекеті кеткен біршама бизнес салаларын көріп жүрміз. Ал, осы карантинді оңтайлы пайдаланып, ұтымды іске асырған «Қасым баспа үйі» өзінің көркем стильді кітаптарымен көз жауын алды.
Қоржыны тек қазақ кітаптарынан тұратын «Qazyna» кітап үйінің Шымқаладағы үшінші шаңырағы да атына күйме жегіп жетті. Ал, орыс тілді шетелдік әдебиеттерді қорына жинап, Ресейден кітап алдыртатын «Эрудит» кітап дүкені «Қазынамен» қатарласа шыққан болатын. Білім беру саласында тың идеялар мен жаңаша әдіс-тәсілдерді қалыптастырып, өзіндік оқу орталығымен ерекшеленген «Қазбілім» баспасы оқу құралдары мен көмекші әдістемелерін арқалап келді. Сонымен қатар, шетелдік үздік әдебиеттерді қазақ тіліне аударып, сапалы «Мазмұндама» сериясының жинақтарын көрмеге қойып, сатылымға шығарды.
Алыстан ат терлетіп жеткен ардақты қонақтардың алдын тосып, өздері де көшке ілескен өңірлік баспалар мен кітапханалар жетерлік. Бұлардың ішінде «Жебе» баспасы – тұңғыш президент күніне орай «Елбасы» кітабының тұсауын кесіп, көрсетуге ала шықты. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Рухани жаңғыру» орталығы - «Қазақтану» ғылыми журналымен ерекшеленді. Оңтүстік өңіріне белгілі ақындардың жыр жинақтары мен жазушылардың кітаптарын шығарған «Қызмет» баспасы – оқырманға автор қолтаңбасымен алуға мүмкіндік сыйлады.
Керуен көшке ілескен Шымкент қаласынан «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасы, Абай атындағы қалалық кітапхана, көзі мүлде көрмейтін және нашар көретін оқырмандарға арналған арнайы кітапхана, қалалық жасөспірімдер мен балалар кітапханасы болды. Әр кітапхананың өзіндік ерекшеліктері мен өзгешеліктері ескеріліп, түрліше туындылары көрмеге қойылды. Бұл көштің басында екі салт аттыға мінген қалалық «Рухани жаңғыру» кеңсе-орталығы алтын сандығын жарқырата алып жүрді. Яғни, бұл алтын сандыққа «Балаларға базарлық» акциясы ұйымдастырылып, түрлі кітаптар салынды. Кітапфесттің ерекшелігі де сол балалар үйі мен аз қамтылған отбасыларға азық-түлікпен қоса кітаптар таратылады. Демек, өлмейтін білім бұлағын тарту етеді.
Ат терлеткен баспалар «Көрме орталығына» жайғасқаннан кейін дүйсенбі күні кітапфесттің ашылу салтанаты өтті. Жиынға арнайы келген Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан кітап оқу мәдениеті турасында ой-пікірін айтты. Англияда оқығанда күн сайын ата-аналар баласына кемінде 30 минут кітап оқитынын көргенін жеткізді.
Кітап – адамзат құндылығының бірі де бірегейі. Тарихта өлгеннен соң өз терісін кітапқа қаптатқандар да болған. Бұл оның аса құнды екенін көрсетеді. Ерте заманнан артына із қалдыруға тырысқан адамзат тасқа сурет салып, тасқа жазу жазған. Кейінірек қағазды ойлап тауып, қолжазба кітаптарын жасаған. Технологияның қарыштап дамып, өмірімізге тереңдей енгенімен кітап өз құнын жоғалтқан жоқ. Өйткені, әлем – кітап беттеріне жазылу үшін жаратылған.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, дінтану мамандығының студенті Разбекова М.К
Жетекшісі философия ғылымдарының кандидаты, дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы Кантарбаева Ж.У.
#мәдениеттану
#дінтану
#казну