Көзге көрінбейтін құндылық

 «Ұлы жаратушы уақыт берді
және оны жеткілікті етіп берді...»

Көзге көрінбейтін құндылық.

 Уақытқа деген көзқарасымыз қандай? Зымырап өтіп жатқан уақыт, «Қамшының сабындай қысқа ғұмыр», «түс көргендей уақыт» немесе «қас қағым сәт», - деп жатады. «Сауырынан сипатпас шу асаудай зымырап бара жатқан жылдар мынау...», – деп көркем сөзбен толғанады өмірден түйгенің жазушы Ғабиден Мұстафин.

Кейде оны, кеше ғана тәй-тәй басып жүрген інішек, қарындастарымыз бой жетіп өмір көкпарына өзіңмен қатар араласып, үзеңгілес болып жатқанынан да аңғарамыз.

Меніңше уақыт өтіп жатқан жоқ, біз өзіміз өтіп барамыз! Уақытты уысы­мыздан шығарып алып жатқан да өзіміз.

 «Уақыттың қадірі» туралы неге ертеректен мән бермейді екенбіз? - деген сұрақты күніге қоямын өзіме. Мүмкін өмір жоспарын дұрыс құра білмеуімізден шығар. Осыған орай кейде, мектеп жасынан уақыттың маңызы, құндылығы жайлы санаға құю идеологиясын еңгізу қажет сияқты көрінеді.

«Уақыттың бос өткені - өмірдің бос кеткені», «Еріншектің ертеңі таусылмас», « Бүгінгі жасар ісіңді ертеңге қалдырма» «Отызында орда бұзбасан қырқында қамал бұзбассын»  - деген нақыл сөздерді балалардың құлағына мектеп қабырғасында, үйде болсын көп айту керек секілді.

Күлкілі әрине, мектеп жасындағы түгілі, жоғары оқу орнын тәмамдап жатқан бойжеткенге аталған тақырып мәнсіз болып көрінер. Баяғыда әжем жарықтық: – «Өлім отыз жасқа дейін адамның артында жүреді, отыздан асқан соң алдында жүреді» - деген сөзінің мәнінде бірәз астар жатыр-ау.Сол кездері мен нақты өлім туралы айтып отырған шығар деп ойлаушы едім, сөйтсем уақыттың қысқалығы, отызға дейін қамданбағаның үшін өкініп қалуыңды меңзеген екен қой. Сол әжем: - баяғыда күн батса күрсінетінбіз, бір күннің өтіп кеткеніне - деп айтушы еді.

Баяғы совет заманы кезінде түсірілген  «Семнадцать Мгновений Весны» деген кино түсірілімдегі:

Не думай о секундах свысока.
Hаступит время - сам поймешь, наверно...

  – деген ән сөздері, уақыттың құндылығын, тіпті секундтарға мән беру керектігі әжептеуір ойландырып санамызға құйылғандай әсер беруші еді.
            Біз өз-өзімізге өткізген өмір тармағы бойынша есепті ақыл тоқтатып 30-40 жасқа келгенде ғана береді екенбіз. Оның ішінде: - мен осы жасымда нақты не бітірдім?, қандай жақсы амалдар жасадым?, қандай жетістіктерге қол жеткіздім?, алға қойған мақсатым қай денгейде түпкілікті нәтижеге жетті?,тағысы тағы бар. Қаншама уақытымды  - айлар, жылдар бойы құр босқа өткізген екенмін, егерде уақытты қайта артқа айналдырса ғой... Есепті тым кеш беретін сияқтымыз.

Мейірімді Пайғамбарымыз(с.ғ.ү) үмбетіне екі нәрсенің қадірін білуге шақырды. Оның бірі – денсаулық, екіншісі – уақыт. «Мына дүние амал уақыты, есеп уақыты емес, ал о дүние есеп уақыты, амал уақыты емес» – деген екен. Осы дүние майданында мәңгі өмірлерінңің тағдыры шешіледі. Әттең, деп, сан соғып өкініште қалмау үшін, тіршілігінде қамданғандарын жөн деп ескерткендей.

Уақыт жайлы белгілі ойшылдар, ғалымдар да өмірден түйгені халық аузында: «Первый же час, давший нам жизнь, укоротил ее»,  - дейді Сенека, «Если любишь жизнь, не трать время зря, потому что жизнь состоит из времени». (Франклин Б), «Для того чтобы творить великие дела, нужно жить так, будто и умирать не придется» (Вовенварг).

 «Ұрланған заттың орнын басқа нәрсемен толтыруға болады, ал ұрланған уақыттың орнын ешқашан толтыра алмайсың» деген екен немістің ұлы ақыны Гете.

Расында да, біз өтіп жатқан уақыттың құнын біле бермейміз. Мысалы «Кешіккен іске кесір көп» дегенді біле тұра, қазекем тойды кешкі сағат 19-00 ге белгілегенімен, жазылмаған сценарий бойынша ол екі сағат кешігіп басталады. Бұл салт- дәстур емес әрине, әдетке айналған шығар. Ауру қалса да әдет қалмайды ғой. Жалпы алғанда бұл кемшілік, бірақ жоя алмай келеміз.

"Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық" демекші, таңмен ерте тұру қабілеті уақытты үнемдейді. Бәлкім бұл кейбіреуімізге қиын мәселе шығар, дегенмен мүмкін емес шаруа емес. Ең бастысы өзімізді өзіміз қолға алып, күн тәртібін дұрыстағанымыз абзал шығар.

Ақиық ақын Мұқағалидың:

Түн маған ұйықтау үшін берілмеген,

Ұйқы тең шала жансар өлімменен.

Қанша менің өлді екен уақытым,

Ақ төсек, ала жастық кебіндеген, деген өлеңі ұйқының өзі кіші өлім екенін ескертіп тұрғандай.

Сондай- ақ:

Қадірінді білдік пе қайран уақыт,

Қоймайды екен бүл өмір сайрандатып,  - деген ақын Гулнар Даукенованың сөзіне жазылған әнді естіген сайын уақыттың қадірі туралы ой санамды желпіп өтеді.

Уақыт бәрін өзгертеді: көңіл-күйді, сезімді, ойды, мақсатты, арманды, заманды, адамды... Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, кешегі күннің уысыңнан шыққаны ақиқат. Қанша қармансаң да оған енді қол іліктіре алмайсың. Бүгінгі күнің – сенің шынайы өмірің. Ал ертеңгі күніміз  мейірімді Жаратушы бұйырып, жарқын, өкінішсіз болсын десек, уақытымызды сырап етпейтін амал жасайық...



Бөлісу: