Көшбасшы университет ҚазҰУ

Көшбасшысы университет ҚазҰУ ті

 

Қазіргідей білімнің қадірі барынша артқан, ақпаратты технологиялар заманында елімізде жоғары білім берумен айналысатын мекемелер аз емес – бұл, әрине заңды құбылыс. Алайда сол толып жатқан оқу орындарының бәрі бірдей заман, қоғам талабына толық жауап береді деп айту қиын.

Жоғарғы оқу орындарының ішіндегі шоқтығы биік, дара университет – үстіміздегі жылы 85-жылдық мерейтойын атап өткен, көнекөз университет – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті болып табылады. Бұл университет өзінің ұзақ ғұмырында қалыптасқан байыпты да байсалды тәжірибесімен ерекшеленетін дәстүршіл оқу орны ғана емес, сондай-ақ замана талабына дер кезінде жауап беруші, білім берудің жаңа технологияларын бірінші болып игеруші, жаңашыл университет те.  Бұл бағытта университетте соңғы жылдары Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасын іске асыруда көп жұмыстар атқарылуда.

Қазақстандық университеттердің ішінде алғаш рет – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемдегі 800 ең үздік университеттер арасында 220 орынға ие болып, QS «World University Rankings» халықаралық рейтингісінде тағы 16 орынға көтерілді. Бұл топқа посткеңестік кеңістіктен тек екі университет кіреді: ҚазҰУ және Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті (РФ).

Университеттің білім беру сапасын арттыру және халықаралық рейтингісін көтеру бағытындағы іс-шараларға тарих, археология және этнология факультеті де өз үлесін қосуда. Факультетте «Тарих», «Археология» және «этнология», «Мұражайтану және ескерткіштерді қорғау», «Мұрағаттану, құжаттану және құжаттармен қамтамасыз ету», «Кітапхана ісі» сияқты негізгі мамандықтарымен бірге, үстіміздегі оқу жылында «Тарих және география», «Басқаруды құжаттамамен қамтамасыз ету және архивтердегі ақпараттық технологиялар»  және басқа да бірқатар қоғамда сұранысқа ие болып отырған жаңа мамандықтар бойынша оқу бағдарламалары жасалып, оқу үдерісіне енгізілді. Аталмыш мамандықтар бойынша білім беру факультеттің үш кафедрасы – «Қазақстан тарихы»,  «Дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану», «Археология және этнология» кафедраларының базасында жүзеге асырылады.

Факультет бірқатар жылдардан бері Болония үдерісі елдерімен белсенді әріптестік қызметін жалғастырып келеді. Соның ішінде білім беру ісін интернационализациялау бағытындағы іс-шараларға Дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасы да өз үлесін  қосуда. Осы бағыттағы аса маңызды жетістік – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен әлемнің белгілі университтетері – Ресей Мемлекеттік гуманитарлы университеті, Италияның Ла-Сапиенза университеті, сондай-ақ Түркияның Стамбул университеттерімен  қос дипломдық білім беру  бағдарламасы бойынша мамандар дайындау туралы келісімнің жасалуы болып табылады. Үстіміздегі жылы аталмыш келісімдер іс жүзіне асырылып, ең алғашқы қосдипломды мамандар дайындалып та шығарылды. Атап айтқанда, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Италияның Ла Сапиенса университеттерінің дипломын қатар алған Сейлбекова Меруерт және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және РМГУ-дің дипломдарын қатар алған Жүнісбаева Аида дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасына оқытушылық қызметке қалдырылды.

Сондай-ақ, кафедрада мамандар даярлау аясында Еуропа, АҚШ, Ресей, Корея және Түркияның ең үздік ЖОО-мен және ғылыми ұйымдарымен қызметтестік байланыстар орнатылған. Кафедра магистранттары аталмыш университеттерде ғылыми-зерттеу тағылымнамаларынан тұрақты түрде өтіп тұрады. Сонымен бірге, аталмыш шетел университеттерінен ғалымдар шақырту ісі жолға қойылған. Атап айтқанда,  кафедраның шақыртуымен 2017 жылдың 16 қазаны – 30 қарашасы аралығында Невада университетінің (АҚШ) профессоры Пол Верт келіп, студенттер мен магистранттарға «Батыстағы империятану» атты курсын оқыса, 2018 жылдың 12 қазаны –2019 21 қаңтары аралығында Вашингтон университетінің профессоры М.А. Толмачева Фулбрайт (Fulbright) бағдарламасы бойынша «Еуразия тарихы әлемдік байланыстарда» атты курсын оқыды. Ал үстіміздегі жылдың 1 наурызы – 11 сәуірі аралығында факультетте Миннесота университетінің (АҚШ) профессоры Колен Макфадден өз дәрістерін оқыды.

Мұндай табыстар университетіміздің әрбір факультетінде, әрбір кафедрасында бар десек артық айтқан болмаймыз. Ұлттық университеттегі соңғы жылдары қол жеткізілген осы жетістіктердің барлығы да университет түлектерінің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттігін еселеп арттырып отыр.

Қазіргі таңда Елбасы және Үкімет Қазақстанның жоғары оқу орындарына әлемдегі ең үздік 200 ЖОО қатарына кіру міндетін қойып отыр. ҚазҰУ әлемдік кеңістікте мойындалған еліміздің жетекші университеті ретінде осы маңызды мемлекеттік тапсырманы іске асыруда мақсатты жұмыс атқаруда. Біздің университеттің жақын болашақта бұл белесті бағындыруға ғылыми, оқу-методикалық және кадрлық потенциалы толық жететіндігіне біз – осы университеттің оқытушы-профессорлар құрамы және студенттері толық сенімдіміз.

Жасай бер ҚазҰУ – еліміздің білім беру саласының көшбасшысы!

https://www.kaznu.kz

 

Осербаев Елдос Нұрланұлы,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің

2 курс докторанты



Бөлісу: