Қос өнердің шебері
блог
Қос өнердің шебері
Бұзұрманкұл Жолдошалиұлы Мырзалиев 1957 жылы 9-мамыр күні Қырғызстан Республикасы Талас қаласында дүниеге келген. Б. Мырзалиев балалық шағынан спортпен белсенді түрде айналысып, соның ішінде шығыс жекпе-жегіне деген ықыласы ерекше болды. Әртүрлі жарыстарда көзге түскен Бұзұрманқұл 1990 жылы Минск қаласына шақырту алады. Сонда Шаолинь 6-шы дәрежелік Вьетнам шеберлерінен шығыс жекпе-жегін оқып үйреніп, Нят-Нам, Джит-Кун-До, Кунг-Фу, Цигун әдіс-тәсілдерін жетік меңгеріп, әдіскер-тәлімгер мамандығын алған. Жоғарыда аталған спорт түрлерінің барлығы дерлік ішкі энергияны молайта отырып, қимыл белсенділігін арттыру негізінде денсаулықты жақсарту, сонымен қатар адамның өзін-өзі қорғаудағы тиімді жүйесін меңгеруге көмектеседі. Қазіргі таңда бұл спорт түрлері жастардың қызығушылығын арттырып отыр.
1996 жылы Бұзұрманқұл Жолдашалиұлы Қырғыз Республикасында Нят-Нам, Джит-Кун-До, Кунг Фу федерациясының негізін қалап, қазіргі күнге дейін аты аталған Федерация президенті қызметін атқаруда.
Шығыс жекпе-жек өнерін меңгеруінің арқасында Б.Мырзалиев дүниежүзінің төрт бұрышынан көптеген достар тауып, оларды қырғыз еліне шақырып, әріптестік қарым-қатынас қалыптастырды. Олар өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, шеберлік сыныптар өткізді. Жауынгерлік күрес өнерінің майталман шеберлері мен атағынан ат үркетін актерлар Стивен Сигал, Марк Дакаскос және Боло Янгпен достасып, олармен арадағы қатынасы нығая түсті.
Б.Мырзалиевтің айтуынша, Вьетнам, Қытай елдерінің спорт комитеті жаңа спорт түрлерін оқып үйренумен қатар, әртүрлі спорттық сайыстар мен семинарларды өткізіп, ежелгі ұлттық спорт түрлерін дамыту мен насихаттауға көбірек күш салған. Осы мезетте атақты таэквондо өнерінің шебері 6 дан иегері Мұстафа Өзтүрік ағамыз еріксіз еске түседі. Мұстафа ағамыз Тәуелсіздік алған 1990 жылдардың бас кезінде ата қонысқа келіп, бірнеше таэквондо мектептерін ашып, қазақ балаларына осы өнерді жетік меңгерудің негізін қалап, шәкірттер тәрбиелеп кеткен еді. Соның нәтижесінде Мұстафа мектебінде шыңдалған көптеген шәкірттері Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында олжа салғаны баршаға аян. Солардың қатарында Бексейіт Түлкиев, Қайрат Қырғызбаев, Сұлтан Шоқпытов, Шамсат Исабеков және 2008 жылы Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Атыраулық Арман Шылманов та бар. Дәл осы арада Мұстафа ағамыздың шәкірті, таэквондодан 6 дан иегері, дарынды суретші, яғни қос өнердің шебері ретінде «Ұлы көш» картинасының авторы Бексейіт Түлкиев ағамызды ереше айта кеткеніміз орынды болар.
Сондай-ақ Бұзұрманқұл Мырзалиев те шығыс жекпе-жегімен қатар сурет өнерінің майталманы. Айта кететіні, оның көптеген тәлімгерлері кәсіби суретшілер болды. Олар Бұзұрманқұлдың спорт өнерімен қатар сурет өнерін қатар алып жүруіне ықпал етті.
Суретші 1982 жылы Талас қ. (1982 ж.), Бішкек қ. (1984, 2010, 2012 жж.), Мәскеу қ. (2007 ж.), Сан-Янь Қытай Халық Республикасы (2013, 2014 жж.) аймақтық, халықаралық көрмелерге қатысып, лауреат атақтарына ие болған.
2014 ж. Сиань қаласында өткен халықаралық көрмеде суретшінің «Ұлы Жібек жолы» атты көрмесіне құрмет грамотасы берілген.
Суретші Мырзалиев Бұзұрманкұл Жолдошалиұлы Қырғызстан Республикасы және Қытай Халық Республикасы суретшілер Одағының құрметті мүшесі.
Осы орайда Б.Мырзалиев «оң қолым сурет салса, сол қолым шығыс жекпе-жегінің қимыл тәсілдерін көрсетіп тұрады» деген еді. Бұл оның жекпе-жек өнеріне деген ынтасы қаншалықты жоғары болса, сурет өнеріне деген ынтасының соншалықты жоғары екендігін көрсетеді. Тіпті Б.Мырзалиев орта мектепті бітірген соң 1973-1977 жылдары Фрунзе көркемөнер училищесінде оқиды. Училищені бітіргеннен кейін 1977-1990 жылдарға дейін Талас қаласындағы орта мектепте мұғалім болып сурет пен сызу пәндерінен сабақ береді. Қазіргі кезде өз елінде «Бусуй-арт» қоғамдық қорының төрағасы қызметін де атқарып отыр. Осы өнерінің дәлелі ретінде Б.Мырзалиевтің Астана қаласындағы бірден бір өнер ордасы «Астана» сурет галереясында үстіміздегі жылдың 21 қазан күні өткізген «Махаббат сыры...» атты көрмесін атап айтуға болады. Көрмеге ерекше мәнердегі композициялар, таңғажайып түс иірімдері үндестік тапқан пейзаж, натюрморт, портреттер қойылды.
Салтанатты ашылудың құттықтау сөзін алған «Астана» ұлттық сурет галереясы» директоры, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, белгілі өнертанушы Асылхан Жұмабайұлы Садуов, қонақтар мен әріптестер алдында ұжым атынан Бұзұрманкұл Жолдошалиұлына шығармашылық табыс тілеп, ізгі ниетін білдірді. Бұл суретшінің жеке көрмесі алғашқы рет ұйымдастырылып отырғандықтан, болашақта бұдан да жоғары дәрежеде көрмесін ұйымдастыруға ұйытқы болатындығын айтты.
Қазақ халқының қонақжайлығына тәнті болған шығыс жекпе-жегінің шебері, қырғыз суретшісі: «Сурет өнеріндегі туындыларының көпшілігін өзінің музасы, жары және өнерін насихаттаушы Шолпан Құлмағамбетоваға арнағандығын, олардың махаббат тарихы аңызға айналған қырғыз жігіті Райымалы мен қазақ қызы Бегімайдың махаббатына тән....» екендігін айтып ағынан жарылып, көзіне жас алды.
Елемесова Дәмежан Байдоллақызы
«Астана» ұлттық сурет галереясы»
ғылыми қызметкері