КӨПЕ-КӨРНЕУ ТЫЛСЫМ КҮШ
блог
1 Стивен Хокингті еске ала отырып, ой толғайық
Термодинамиканы Ғалам құпияларын зерттеуге араластыра отырып, С. Хокинг бұрыннан белгілі, айтылып жүрген тұжырымды қайталайды: табиғатта түбегейлі деп саналатын гравитациялық, электрлік, магниттік (ол өз еңбегінде электромагнетизм деп қосып атаған) және әлсіз һәм күшті ядролық күштер бар. Яғни, ол осы бес күштен басқа күштердің болмайтынын тағы бір мәрте дәйектей түскендей сыңай білдіріп, куәландырғандай еді [1]-[3].
Мен айтар едім: термодинамика осы жерге араластырылған екен, олай болса тағы да бір күштің бар болатынын және де ол күш тікелей термодинамика тұрғысынан туындап, өзінің үлесін қисапсыз мол жағдайларда паш етіп жүргендігін айтпасқа болмас.
Біздің қазақта айтады: «Көрмес – түйені де көрмес!» – деп. Соның кебін жалғыз С. Хокинг ғана емес, барша физиктер киген сыңайлы...
Жақында (20.02.2018) өзімнің қызмет істеп жүрген Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ физиктерінің алдында семинар өткізіп: "Көпіршік-ату – табиғаттағы еркін энергия көзі һәм инновациялық технологиялар қайнары" – деген тақырыпты талқыға салған едім.
Сонда байқағаным: олардың ойынша, біздің осы көпіршік-ату құбылысына байланысты авторлық куәландырылған ғылыми жаңалығымыз – ешқандай жаңалық емес, оны әр физик біледі-мыс – дегендей лаж айтқандарын қайтерсіз!..
Ал солай-ақ болсын делік, онда жоғарыдағы табиғи күштерге байланысты ғылыми әфсана – миф болуға айналған тұжырым туралы не демекпіз?! Эйнштейннің өзінің оңай беріспес ғылыми оппоненті болған Нильс Борға қазақшалап айтқанда: "Құдай асық ойнамайды!" – деп, жабулы қазан сол жабулы күйінде қоя саламыз ба? Ендігіде бұлай бола қоймас! Кезінде ой-топшылау тәжірибелерімен-ақ талай мүйіздері қарағайдай ғылым майталмандарының жолын кесіп, өзінің дегеніне жетіп, жарықтың дуализмін орнықтырып, фотосинтез құбылысын ашып, Ньютон нақтылаған әлемнің механикалық бейнесін түбегейлі өзгертіп, бүкіл әлемнің салыстырмалылық бейнеде болатынын дәлелдеп, соған бар өмірін сарп еткеніне адамзат бір ғасыр бойы куәгер болды емес пе. Сөйтіп, ғылыми революцияның көкесін көрсетті ғой.
Эйнштейнге тәнті болғанын С. Хокинг де жасырмайды, өзін мектеп құрбыларының "біздің Эйнштейн" деп мадақтағандарына мәз болыпты.
Белгілі кеңес заманының академигі В.И. Вернадский тұжырымдағанындай: "Табиғатта өз-өзінен қалпына келіп отыратын термодинамиканың Екінші бастуына сай энтропияның екпінді өсуіне қарсы тұра алатын бір ғана еркін күш бар – ол табиғи радиация" – деген екен.
Мінеки, біздің авторлық куәландырылған ғылыми жаңалығымыздың басты мән-мағынасы да осы сарындас: "Табиғатта радиацияға ұқсас энтропияның қисапсыз өсуіне тосқауыл болатын тағы бір еркін күш бар – ол көпіршік-ату – кавитация" (№ 2296: 10.10.2017. ИС 009992: авторлары: ӘУБӘКІР Дәуренбек Әзенұлы, ӘЗЕН Ерабылай Дәуренбекұлы, Аубакиров Кенжебек Азенович).
Сондықтан да, жоғарыдағы С. Хокинг тағы бір қайталаған табиғаттағы бес күштің құрамына осы «көпіршік-ату күшін» де қосу керек – деген ойдамын.
Әлбетте, бұл күштерден басқа жасанды күштердің көптеген түрлері болатыны механика мен динамикадан, астрофизика мен кванттық физикадан, синергетика мен кибернетикадан, бионика мен робот-техникадан, тіптен қоғамдық һәм гуманитарлық ғылымдардан белгілі.
Көпіршік-ату күші (КАК) бұл жасандылардың ешқайсысына жатпайды, дегенмен де, заманауи технологияларда кең қолданыс таба бастаған күштердің қатарынан саналады [9]. Бұл жағынан көпіршік-ату күші басқа бес табиғи күштің ешбіріне дес бермейді.
Десек тағы, КАК мынадай сипаттарымен ерекшеленеді:
- КАК реактивті күш, негізінен ортасына әсер етеді; басқа күштермен бірігіп, активті бола алады, яки қашықтан әсер етуге қауқарлы қалыпқа көше алады;
- КАК әлділігі қысымның өсуімен һәм көлемнің кішіреюімен арта түседі;
- КАК артқан сайын сол ортадағы температура өсе бастайды да, айналасындағы заттың фазалық өзгеріске ұшырауына апарып соғуы да ықтимал;
- КАК белгілі жағдайда дыбыс шығарады, жарық та шығаруы ықтимал;
- КАК әлділігі аса артқан жағдайда табиғи немесе жасанды химиялық элементтерді транс мутацияға ұшыратуы әбден мүмкін;
- КАК белгілі бір жағдайларда тірі жасушаларды құртуы немесе, керісінше, аса белсенділік күйге көшіруі, тіптен мутацияға ұрындыруы әбден мүмкін.
Ең негізгі ерекшелігі сол, басқа бес табиғи күштің әрқайсы өз-өзіне тиесілі арысы элементарлық бөлшектен, берісі ядролық микро-нуклондық деңгейде туындап, бара-бара макро деңгейге әсерін паш етсе, КАК негізінен молекулярлық микро деңгейде туындап, макро деңгейге де тарап, әсерін айқындайды. Дегенмен де, ионизацияланған немесе жартылай ионизацияланған орталарда жоғарыда айтылған микро-нуклондық деңгейде де туындауы әбден мүмкін. Мұндағы негізгі талап – көпіршік түріндегі құрылымдардың пайда болып, солардың қысымның әсерінен жарылулары: олар кез келген сұйық немесе газ, солардың аралас орталарында түзіле алмақ, мысалға, плазма ол үшін нағыз қолайлы орта.
Ескертпе: Тағы бір маңызды жәйт: КАК басқа күштермен біріге отырып әсерлескенде тіптен ғажайып және ерен сипаттарға ие болады. Мысалға, гравитациялық күшпен бірігіп, торнадо, дүлей құйын, циклон, иірім, цунами, жанар тау атқылауы және т.с.с. жарылыстар мен атқылауларда КПК әсері ерекше салдарларға әкеліп тірейтінін жиі байқауға болады. Әсіре көрнекі мысалды алыстан іздемей-ақ торнадоның “бейтабиғи” ғажаптарына қанық болсаңыз жеткілікті: ұшып жүрген тақтай жаңқасы кірпішке, металдан жасалған бұйымдарға ішене сынбай қадалғанда еш күйгеннің ізі білінбейді екен, қалайы күрішкенің сырты ішіне, іші сыртына айналып түскенде бірде-бір жарықша пайда болмаған, 75 метрлік мықты металл көпір 8 цифрына айналып, бұралаңдап сынып құлаған т.т. (сайт: http://www.transgasindustry.com/books/Potapov/vvedenie.html).
Электр мен магниттік күштермен біріксе, КАК тіптен әсерленіп сала беретін көрінеді, оның мысалын да көп іздеп жатудың қажеті жоқ: найзағай мен күн күркіреуіне көңіл бөлсеңіз жеткілікті – онда Цельсия бойынша 24-25 мың градус температура пайда болып, керемет теңдессіз жылдамдықты жылжымалылық қасиет пен күркіреген дыбыстың туындауына сол ортада пайда болатын электрмагнит өрісі мен күшінің шамасы келмейтінін мамандар білсе де, осы күнге дейін айтқандарынан таймай, басқа күштің әсерін естігілері келмейтініне таң қалмасқа болмайды, тіптен торнадодағы тылсым күшті де электр күшіне дәлелсіз теліп жүргендеріне не дерсіз?! Сол сияқты табиғи һәм жасанды орталардағы сонолюминесценция, триболюминесценция құбылыстарын түсіндіруде соларды неге екені белгісіз қызғаштай қорғап, КАК күші әсерін маңайлатқысы келмейтін физик-мамандарға не дерсіз?! Жақында жапон мамандары Күннің каронарлық дүмпулері кезіндегі магниттік күн желін туындататын плазмалық атқылауларының ерекше микрогранулалық қуыстар пайда болуының нәтижесі екені алғаш ғылыми түрде айтылды, әттеген-ай сол мамандар көпіршік-атудың (кавитация) не екенін білсе ғой!?
Осы жерде табиғаттың тағы бір құпиясын адам баласына ашқызбай сақтап келген құбылысы туралы айтпай кете алмай тұрмыз, ол шар-найзағай. Ол шынымен де найзағай болса (бүгіндері кейбір мамандар оны найзағай емес, “вакуумдық домен” деп жүр!), онда оның сыры да көпіршік-ату күші мен құбылысының араласуымен қалыптасады, бар болады деп, әзірше жоғарыдағы авторлық куәлікке сүйене отырып, жорымалдаймыз – нақты дәлелі табылғанша.
2 Қара құрдым апандар һәм сингулярлылық. Көпбейнелі Ғалам
С. Хокинг марқұмның жарқын бейнесін еске алуға осы еңбегімізді бағыштап отырғандығымыздан, о кісінің есімімен байланысты тағы бір мәселені қозғай кетелік. Бұл проблемамен өмір бойы айналысқан Стивен осынау күрмеуі өте шиеленіскен ұғым авторларының бірі болды – десек, қателеспеспіз. Мен ақпаратнама – информациология деген ғылыми бағытпен айналысып жүрген жылдары бұл мәселеге қалам сермеп, бірнеше мақала жазған едім [4]-[9].
Солардағы негізгі тұжырым шешімдер мынадай еді:
- "Қара апан" шынымен де бар болса, онда оның кері жағы "ақ қайнар" ("рог изобилия") болып, жаңарған жұлдыз бола ма, планета бола ма, ең құрығанда – астероид, кометалар болып, Ғаламды байытып отырмақ;
- Салыстырмалылық теориясында Эйнштейн ұсынған "Үлкен жарылыс" нобайы мамандардың мақұлдауына іліккенімен, ол алапат үрдістің алдында не болғанын, сингулярлылық деген нендей ұғым екенін осы күнге дейін дөп басып айтып, дәлелдеп беруші табылмай отыр; менің түсіндіруім бойынша, Ғалам жаратылуының алдында, яки "Үлкен жарылысқа" дейін кеңістік болып, оның өн бойында "Субстанциялық орта" деген ұғым болған, ол "субстанциялық вакуум-ұяшықтар" деген жасуша сынды сингулярлық прото құрылымдардан құралған болса керек. Міне сол ұяшықтардың бірінде "Үлкен жарылыс" болғанға ұқсайды.
Сол алапат жарылыстың нәтижесінде осы күнгі өзіміз тіршілік кешіп отырған ғұлама Ғалам пайда болса, басқа сансыз көп вакуум-ұяшықтар неге тыншу күйінде жата бермек. Олардың да кейбіріне түлен түрткі тигендей, содан басқа да ғаламдар пайда болып жатпасыне – кім кепіл; сондықтан да, С. Хокинг айтпақшы, "жас ғаламшарлар" туындап, көбейіп жатқан болар [1]-[3], тіптен біздің Ғаламның алдында сондай басқа ғалам туындап, осы күндері "жатғаламшарлықтар", "жатғаламдықтар" деп жүрген құбыжықтар айналамызда бізден технологиясы озып, қаптап жүруі де ықтимал емес пе?!
Мінеки, бір кездері С. Хокинг еңбектері маған ой салып, өзі айналысып жүрген бағытқа маған жол ашып берген еді.
Ескертпелер: 1) Дәл сол мақаламның бірінде мен "субстанциялық вакуум-ұяшықтарды" нақ "қара апанның" миниатюрлік түрі деп дәлелдеп бағып едім [4], енді бүгін соған қосып айтарым: олар сонымен қатар миниатюрлік "ақ қайнарлар" да болып табылады – қос рөлді дуализм қағидасына сай бірдей атқара алатын нуклондық деңгейдегі сингулярлық микроқұрылым болмақ. Сондықтан да оларды "Ғаламның геномы" деп те атаған болатынмын [4], [9].
2) Енді бір ескертпе – кеңестік ғылыми мектептің өкілі, қазір американдық ғалым Андрей ЛИНДЕНІҢ еңбегімен байланысты [10]: ол аузына Құдай салып тұрғандай, былай дейді: "ең алдымен сингулярлылық бір немесе бірнеше көпіршік түрінде болды, солар жарылып, сонан соң инфляцияға ұшырап, осы бүгінгі әрдайым кеңею үрдісіндегі Ғалам пайда болды" ("Кипение Вселенной в струнной теории" – деген бөлімінде: [10, 96-98 бб.]) – дейді, яғни Ғаламның туындап, ұлғайып, дамуында көпіршік-атудың да зор үлесі болғанға ұқсайды!
Мені бұл тұжырым қатты қуантқанын жасыра алмаймын, әрине. Дегенмен де, бұл жай ғана сөз орайы келгенде айтыла салған тұжырым еместігіне иланғым келеді. Мына «Ғалам – көпіршіктен» деген суретті А Линде "кеңістік-уақыттық көпіршік" деп атап, пайдаланады жұмысында.
ӘДЕБИЕТ КӨЗДЕРІ:
1. Хокинг Стивен. Черные дыры и молодые вселенные. Амфора. ТИД Амфора, 2004. – 189 с. ISBN 5-94278-612-7.
2. Хокинг Стивен. Краткая история времени. От Большого Взрыва до черных дыр. ООО «Торгово-издательский дом «Амфора», 2015. – 40 с.
3. Хокинг С., Млодинов Л. Высший замысел. – М.-СПб.: ТИД Амфора, 2013. – 208 с . ISBN 978-5-367-02637-5 (Амфора). ISBN 978-5-4357-0150-0 (Петроглиф).
4. Әубәкір Д.Ә. Загадки черной дыры. Вакуумо-сотовая структура субстанциональной среды и логика существования генома мира. // Мысль. – 2005. – №11. – С. 68-70.
5. Әубәкір Д.Ә. Подход к обоснованию состоятельности концепции о субстанциональной среде с позиции теории вложения. // Сб. докладов Международной научно-практической конференции «Теория функций, функциональный анализ и их приложения», посвященной 80-летию члена-корреспондента АН КазССР Аманова Т.И. (1-4 июля, г. Семей). – Семей: РГП НЯЦ РК, 2003. – С. 84-85.
6. Әубәкір Д.Ә., Каримов С.К., Манабаев Б.С. Проблемы современной науки, порожденные гипотезой вакуумосотово-субстанциональной структурирован-ности мироздания Вселенной. Альтернативность теорий физического вакуума. // Вестник КарГУ. Серия Математика. – 2007. – №4. С. 4-12.
7. Әубәкір Д.Ә., Уразалин С.М., Балтынов Т., Омаров Ж., Нуркенов М. Моделирование светоизлучения – как явления информациологической природы, расчет субстанциональных характеристик. // Труды Международной конференции «Современные проблемы математики» (Астана, 3-5 октября, 2002 г.). – Астана: Изд-во ЕНУ им. Л.Н.Гумилева, 2002. – С. 144-145.
8. Әубәкір Д.Ә., Каримов С.К. Гипотеза существования вакуумосотовой субстанциональной среды и производные проблемы современной математики. // Тезисы докладов Международной 11-ой межвузовской конференции по матема-тике и механике, посвященной 10-летию ЕНУ им. Л.Н.Гумилева (25-26 мая 2006 г., г. Астана). – Астана, 2006. – С. 225.
9. Әубәкір Д.Ә., Манабаев Б.С., Муканова К.Т., Азен Е.Д. Вакуумосотовая сущность генома мира как предвестник энергетической природы мироздания Вселенной. // Проблемы ресурсосбережения и использования альтернативных экологически чистых способов получения энергии: материалы Казахстанско-Российской научно-практической конференции (16-17 окт. 2008 г.). – Усть-Каменогорск: ВКГТУ им. Д. Серикбаева, 2008. – С. 49-57.
10. Линде Андрей. Многоликая Вселенная. file://Linde_Mnogolikaya-Vselennaya.7pt4Kw.166114.fb2