Қожа Ахмет Иассауй философиясы

Қожа Ахмет Иассауй әйгілі ақын, кемеңгер ойшыл, сопылық әдебиеттің ірі өкілі ғана емес, түркі әдебиетінің негізін салушылардың бірі, тіл мен ұлт жанашыры, поэзия тілімен жазылған хикметтерімен келер ұрпағына өшпес қазына қалдырып кеткен, ақиқат пен екі дүние бақытының кілтін сарқылмас сый еткен – ұлы бабамыз. Бабамыздың «Диуани Хикметін» жазып қалдыруының мақсаты да түркі тілдес халықтарға өздеріне түркі тілі басқа тілдерден кем түспейтіндігін дәлелдеп, құран мен хадис қағидаларынан ілім сарқи отырып өзінің даналық ойларын жазу, қоғам санасын ашу, әрбір түркі баласына дін мен ділін тең ұстап жан дүниесін тәрбиелеуді үйрету. Ахмет Иассауй бабамыздың өмір сүрген уақыты Қарақытайлықтардың басып кіріп, Қарахан мемлекетінің құлаған уақытына тұспа-тұс келген. Осы кезде мұсылман діні әлсірсеп, адамдар азғындап бара жатқанын мына хикмет жолдарынан білуге болады:

28-хикмет

Ел-жұрттан мейір, шапағат кетті, достар.

 

Үлкен, кіші адамдардан әдеп кетті,

Қыз, келіншек, нәзік жаннан ұят кетті.

"Ұят барда иман бар" деп Расул айтты,

Арсыз қауым бүлдіріп бітті, достар.

 

Мұсылман мұсылманға болды қатал,

Нақақ істеп хақ жұмысын бұзды батыл.

Мүрит пірге жылы жүзбен болмай жақын,

Ғажап сұмдық замана болды, достар.

 

Ел, дүние, халқымызда қайырым жоқ,

Патша менен уәзірлерде әділет жоқ.

Дәруіштердің дүғасында қасиет жок,

Түрлі бәле халық үстіне жауды, достар.

 

Ақырзаман ғалымы залым болды,

Ізгі тілегін үзбеген ғалым болды.

Алланы айтқан дәруіштің жолы болды,

Ғажап сұмдық замана болды, достар.

Жоғарыда келтірілген жолдарды оқи отырып, Иассауй хикметтерінің мазмұны осы күнде де өзекті, осы заманда да келелі мәселе екенін анық байқаймыз. Иассауй бабамыздың шығармасындағы әрбір бәйіті рухани, адами кемелдікке шақырады. Аллаға ғашық болған, хақ пайғамбарға ынтызар болып, үлгі тұтқан ол, әрбір хикметін Алланы ұлықтауға, пайғамбар өмірінен өнеге көрсетіп, адамгершілікке баулуға арнаған. Мысалы:

Жетімді көрсеңіз жәбірлемеңіз,

Ғарыпты көрсеңіз әмірлемеңіз.

Жетімдер бұл жаһанда қор екен дүр,

Ғарыптердің ісі сол екен дүр.

Ғарыптердің ісі дәйім ибалы дүр,

Тірі жетім тірі өлік дүр.

Бар ғұмырын Алланың ақ жолына арнаған құдіретті жан өзі жазған даналық ойларының қадір-қасиетін барынша түсіндіруге, ұғындыруға көп еңбек еткен:

3-хикмет

Мұсылман емес хикмет айтып жыламаса,

Жарандардың айтқан сөзін тыңдамаса.

Аят, хадис мазмұнын аңдамаса,

Кереметті ғарыш үстінде көрдім, міне.

 

Кереметті көріп Хақпен тілдестім мен,

Жүз мың түрлі періштемен жүздестім мен.

Сол себептен хақты айтып іздедім мен

Жан-тəнімді оған пида еттім, міне.

 

 Құл Қожа Ахмет, жасың жетті жиырма бірге.

Не қылғайсың күнəларың таудан да ауыр.

Қиямет күн азап берсе раббым қадыр,

Ей, достарым, не деп жауап айтам, міне.

Йассауидің  пайғамбар жасынан  аса өмір сүруім дұрыс болмас деп, 63 жасында жер астына қылуетке кіруі үлкен әулиелігі мен берік имандылығының  белігісі. Жер астына кіргендігі туралы мына  жолдардан қарайық:

Қан жұтып Алла дедім, рахым етті.

Дозақ ішінде қалмасын деп қамым жеді,

Шаттықпенен жер астына кірдім міне.

 

Жасым алпыс үшке жетті, ойым тұнық,

Уа, дариға, хақты таппай көңілім сынық.

Жер үсті де сұлтанмын деп болдым ұлық,

Ризалықпен жер астына кірдім, міне.

 

 Шайыхпын деп уағыз айтып жолда қалдым,

Сəлдемді соқыр тиынға сатып келдім.

Нəпсім мені алдап кетті, жолда қалдым,

Алаңсыз жер астына кірдім, міне.

 

Басым топырақ, өзім топырақ, тəнім топырақ,

Хақ пайғамбарға жетемін деп рухым аңсап.

Күйдім-жандым бола алмадым əр кез шапақ,

Терлеп-тепшіп жер астына кірдім, міне.

 

Пірмұған ықлас етті, шарап іштім,

Шəбліге ұқсап зікір айтып жаннан кештім.

Масаң болып ел-жұрттан танып қаштым,

Зəмзəм болып жер астына кірдім, міне.

Жергілікті халықтың салт-санасы мен сенім-нанымына, әдет-ғұрпына қайшы келмейтін діни мектептің негізін қалаған Қожа Ахмет Иассауй шығармашылығы сопылық ағымның түркілік дәстүріне даңғыл жол салған. “Ислам дінін тек араб тілі арқылы ғана тануға болады” деген түсінікті теріске шығарып, сопылық әдебиет ұстанымдарын көне түркі әдеби тіл – шағатай тілінде сөйлеткен. Қасиетті кітаптың арабша мағынасын толықтай түсіндіру, шариғаттың қыр-сырын, дін қағидаларын қалың қауымға өз тілдерінде тереңнен таныту мақсатында хикметтерін жергілікті халыққа жақын айшықты поэзия тілімен жазған.

Қожа Ахмет Иссауй түркі тілінде жатық әрі бейнелі жыр жазудың үлгісін жасап, түркі тілдерінің көркем шығармалар тудыру мүмкіндігінің мол екендігін дәлелдеген. Оның жазба әдебиет үлгісіндегі шығармалары түркі топырағында ертеден қалыптасқан суырыпсалмалық дәстүрдегі әдебиетке жаңа серпін, тың мазмұн алып келумен қатар, оны түр жағынан көркейтіп, кемелдендіре түскен.

Ахмет Иассауй адам мен қоғам мәселелеріне де назар аударып, оларға дәстүрлі мұсылмандықтан айырмашылығы бар ұсыныс беруге әрекет жасайды. Оның дүниетанымында этикалық ойлар да басым. Иассауйдың этикалық көзқарастары құдай және оны тану туралы ілімімен тығыз байланысты. Мораль сопылардың құдайды тану жолындағы негізгі талаптарынан туындайды, адамгершілік тазалығы мен моральдық жағынан жетілгендікті Иассауй оппозициялық суфизм позициясы тұрғысынан шешеді. Ол адам бойында кездесетін даңққұмарлық, күншілдік, екіжүзділік, надандық, кекшілдік, алдау сияқты жаман әдеттердің болатынын өкінішпен айтады. Иассауи іліміндегі адамгершілік ойлары дін арқылы түсіндіріледі. Жақсылық пен жамандық іс-әрекеттері сияқты моральдық сипаттары оның құдайға сенуіне байланысты болады. "Кімде-кім жамандық жасаса, ол күнәдан арыла алмайды, кімде-кім жақсылық жасаса, ол құдайдың сүйіктісі болады", - дейді.

Ахмет Иассауйдің пайымдауынша, ол өзін-өзі тазартуға, кемшілігін жоюға, игілікті іс істеуге шақырған адам адасуы, әділетсіздік және жамандық жасауы мүмкін емес. Ол өзінің жолын қуушыларды өзін-өзі жетілдіруге шақыра отырып, адамгершіліктің құдайдан шығатыны туралы ойдан аулақ ұстайды. Оның саяси және әлеуметтік көзқарастарының негізінде де этикалық бастау жатыр. Түйіндеп айтар болсақ, А. Иассауйдың «Диуани Хикметінде» айтылған ойлармен үндес, сабақтас болған Ахмет Иүгінекидің негізгі шығармасы «Ақиқат сыйында», Сүлеймен Бақырғанидың «Ақыр заман» «Бақырған» атты өлең жинақтарында болмыс туралы түсінік тұтасымен діни-мистикалық мазмұнда қалыптасқандықтан бұл дүниенің алдамшы екендігіне Иасса ғұламаларының ешқайсысы күмән келтірмейді. Жаратылыстану деңгейлері исламның космогониялық ұғымдарымен біте қайнасып жатыр. Өмірдің мағынасы аллаға, хаққа жалбарынып, құлшылық ету, күнәдан тазару. Жаратқанға деген сенім – ішке Жиналған қасиетті нұр.

Шығыстың қайта өрлеу, дәуірінде ағартушылық, жалпы ғылыми прогресс ислам дінімен қанаттас өркендеп, бір-бірімен тығыз байланыста дамыды. Қожа Ахмет өзінің білгенін, өмірдегі түйгенін халыққа жеткізіп Құдай жолын насихаттауды өмірлік міндет деп білді. Ахмет Иассауй алдында ислам дінінің прогрессивтік жағын қамтыған суфизм арқылы мұсылманшылықты түркі халқына сіңістіру болса, екіншіден қайта өрлеу идеяларының Иассауйдің діни философиялық көзқарасы тұрғысында жалғастық алуында көрінді.

 

ҚазҰУ 1-курс магистранты Бекбол Жаннұр Бекболқызы

Жетекшісі: ҚазҰУ профессоры, доцент Жанатаев Данат Жанатайұлы



Бөлісу: