#ККК ‒ КӘСІПТЕ КЕРЕК КЕҢЕСТЕР

#ККК ‒ КӘСІПТЕ КЕРЕК КЕҢЕСТЕР
жеке
блог

Армысыздар, достар! Кәсіп ашу, сауда жасау сізге қызық па?

Массагет сайтында «#ККК» айдары. Бүгін белгілі кәсіпкер, «ARMANDA» бизнес академиясының басшысы, «Жібек Жолын Жаңғырту», «Online Sauda», «SANDI» т.б табысты жобалардың жетекшісі Арман Берікқалиұлының «КӘСІПКЕРДІҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ» атты кеңестер топтамасын назарларыңызға ұсынамыз.


ЖАҢАШЫЛДЫҚ!

Кез келген кәсіпкерге ең керекті даму бағыты ‒ жаңашылдық.

Жаңашылдық дегеніміз не? Жаңашылдық ‒ тапқырлық өнері емес. Ол ‒ заман талабына сай болу! Яғни, XXI ғасыр талабына, оның маркетингтік ағымына ілесе білу деген сөз. Жаңашыл болыңыздар!

ЖАУАПКЕРШІЛІК!

Кәсіпкерлік дегеніміз ‒ 100 пайыз жауапкершілік.

Егер сен өз салаңда, өз қызметіңде жауапкершілік таныта алмасаң, кәсіпкер емес ‒ алаяқ деген атқа ие боласың. Сондықтан, әр кәсіпкер боламын деген жанға айтарым «немен айналыссаң да адал, жауапкершілікпен істе» сонда ғана жетістікке тез жетесің. Және ол баянды болады.

БАСҚАША ОЙЛАУ!

Әлемдегі долларлық милионерлердің құпиясы ‒ маркетинг!

Қанша талпынса да жетістікке жете алмай жүргендерге креатив және маркетинг туралы ізденуін айтқым келеді. Кәсіпкер тек қана кәсіп иесі емес, кәсіби маркетолог болуы шарт. Өйткені маркетинг ‒ мықты қару. Сіз қару пайдаланып қорғанбасаңыз, «қарсыластарыңыз» (конкуренттеріңіз) сізді жолынан ысырып тастауы мүмкін!

ҚОЗҒАЛЫС!

Жер күнді айналмаса уақыт тоқтайды. Адам қозғалмаса ‒ аш қалады.

Қазіргі біздің істеп жүрген бастамаларымызды кезінде Аxмет Байтұрсынұлы, Әлиxан Бөкейxан сияқты қазақ зиялылары, тіпті Абай атамыз да: «Мал таппайтын жігіттен, айдаудағы құл артық, байлаудағы ит артық», ‒ деп айтып кеткен. Әр заманға көш бастайтын басшылар керек. «Өсемін, жақсы өмір сүремін» деген адамға мемлекет қана емес, тіпті, интернет әлемінің өзі үлкен мүмкіндіктер жасап отыр. Сондықтан, көп сөзді қойып қимылдау керек!

 ҚОРЫҚПАУ!

Қорқақтың көзі үлкен, ақымақтың сөзі үлкен! (с) Қазақ мақалы

Менен көп сыншылар: «Неге қытай? Онан да Түркия, Ресей, Еуропа елдерінен тауар әкелуге үйретпейсің? Неге Қытайға жабысып қалдың?» ‒ деп сұрап жатады. Өте орынды сұрақ. Бірақ олар сол елдердегі өндіріс саласы  Қытайды құрметтейтінін білмейді. Тіпті, өнімдерінің едәуір бөлігін Қытай территориясында өндіреді. Өйткені Қытайда еңбек күші ‒ арзан, теxнологиясы ‒ дамыған. Сондықтанда, біз қытай нарығын игеруді, соны зерттеуді жөн көрдік. Қытай нарығының пайдалана білген адамға берер пайдасы өте мол. Сол үшін қорықпау керек!

САУАТТЫ БОЛУ!

Ақшаны табу үшін ойлау керек, дұрыс жарату үшін білім керек!

Менен көп адамдар «қалай тез көтерілуге болады?», «Неден бастаған дұрыс?», «Қалай бастау керек?», ‒ деп үнемі сұрайды. Мен ол кісілерге айтарым: «кез келген адам кез келген нәрсені жасауға қабілетті, бірақ адам ең алдымен өзін дамыту керек». Мысалы, адам ең бірінші қаржылық кризистен шықпас бұрын, рухани кризистен арылу керек. Рухани кемелденген жан бәрін жасауға қабілетті. Сізде бәрі жақсы болса, қаржы табуға қабілетті болсаңыз, ол қаржыны басқара білуді де естен шығармаңыз.
«Мал таппайтын жігіт жоқ, құрарын айт», ‒ дейді қазақ. Малды, байлықты кез-келген жігіт табар, бірақ оны дамыту сауатты жұмсай білу ‒ қаржылық сауаттылықты талап етеді. Мен сіздерге Роберт Кийосакидің «Бай әке, кедей әке» кітабын ұсынамын.

БИЗНЕС ОРТА!

Бизнесте ұлы дүниелерді бір ғана адам жасамаған, командалар жасаған. (Стив Джобс)

Әлемдік бизнес тарихындағы ұлы тұлғалардың өзі команданың маңыздылығын мойындаған, білген. Қаржы да, тактика да, технология да емес, команданың жұмыла жасаған жұмысы кез келген компанияның табысты болуының кепілі. Сондықтан маңайыңызға табысты, сенімді, арманшыл, жоғарыда айтылған қырлары бар адамдарды жинаңыз. Сондай кәсіпкерлермен араласыңыз!!!