Киіз үйімнің саңылауы болмашы...

Киіз үйімнің саңылауы болмашы...
жеке
блог

Мама! Мамам маған ол секілді уәде бермеді. Бермесін де... Үйден шығып бара жатып, «Тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай», көкте ұшып жүр» деген. Он сегіз жыл қанатының астында жүріп, маған өмірде өлім барын, мұңның барын сездірмеген қарлығашым менің! Төрт жыл шетте жүріп, оның үшіншісінде қиналып қалып еді. Киіз үйдің бір уығы сынып кеткендей болып еді, – сол саңылаудан нұр болып шұғыласын төгіп тұр Ақ Папасы!

Оның бойындағы қайсарлық пен өрлікті мен бір әйел затының бойынан көрмеппін. Турасын айтып, әділдігінде жүретін әзіз жанның осы қасиетін бойыма сіңіре алдым ба екен?! Әйтсе де, «өзіңді өзгертуге тырыспасаң да болады, өмір өзі сені қайрайды, мүжілсең, адам боласың, сынсаң, білмеймін» дегені әлі құлағымда.

Балабақшаға барып жүрген кезім. Ол үйден үш жүз он төрт адым жерде өкпе аурулары диспансерінде дәрігер. Кешке келіп, ас жасап, үстел басында отырып, маған сыйлық жасайды. «Бүгін мен зарплата алдым» дейді. Мен үшін зарплата деген – Киндердің сюрпризі. Ішінен айдаһарлардың балалары шығатын. Ол кезде оның бағасы жүз теңгеге жетпейтін. 5-сыныбымда сол ойыншықтарды санасам, 33 екен. Қызық көретінмін. Қазір соны айтып, есіне салсам, енді өз-өзіңе киндер алып жүрсің бе дейді. Қайдам?!

Ақ Шалы кеткен соң, көп сөйлемейтін боп алыпты. «Не ойласам да, соған айтушы ем. Тыңдағысы келмей кетіп қалғанын қарашы» дейді әзілін араластырып. «Папамен қалай таныстың?» десем, «Ой, бір жүрген тентектің өзі еді. Үйіне қонаққа шақырып еді. Бардым. Қайтайын деп отырғанымда шиләнімді (әмиян) таппай қалдым. Содан марқұм енем «Сары бала жаңа бір затыңды жастықтың арасына тығып кетіп еді, көрші» деген. Бақсам, әлгі тығып кетіпті. Ойын айта алмай жүрген түрі ғой» деп, еске алған. Осыған дейін екеуінің таныстығы, махаббаты туралы сыр ашпайтын. Қазір маған ғана айтатын болыпты. Махаббат жайлы көп айтады. Сағынышы ғой деп түйдім. Сөйтсем, оның сағынышы менікінен әлдеқайда үлкен екен... 

Ехх, Ақ Мама! «Сен маған уәде берме. Күзді күт» деп кеттім. Ол әлі көп нәрсе көруі тиіс. Екі еселеп көруі тиіс. Өзінің көзімен және Папам  үшін. Тек тілерім киіз үйімнің саңылауы болмашы...