Араласып жүрген азамат еңбегі еленіп, жақсы лауазымды қызметке тағайындалды. Блат-сватсыз өзінің білімінің, еңбекқорлығының арқасында өсті.
Жағымды хабар естігенде барып, құттықтап шығуға мүмкіндік болды (Көптеген пысықтар солай істеп, көзге түседі екен). Бірақ, бізде типа "кеуде" бар ғой. Не қазір барып құттықтасам, ертең жағымпазданып жүр деп ойлап қалады ма дедім де, көрген кезде құттықтаймын деген шешімге келдім.
Одан кейін анау болды, мынау болды, ол кісіде жұмыс, менде жұмыс сол беті бара алмай кеттім.
Жақында жақсы ағамды көріп қалдым. Амандастым, қызметімен құттықтадым! Ағам қолымды қысып, жібермей.
- Қайда жүрсің жаман бала. Бір кіріп шықпадың ғой, - деді.
- Ой, аға жұмыс, отбасы, қол тимейді, - деп қысылғаннан күмбірлеп, әйтеуір бірдеңе айтып, ақтаулыға тырыстым.
- Әй, осы сендер қызықсыңдар. Адамға жұғыспайсыңдар. Бір сасық кеуделерің бар әйтеуір. Елдің балалары пысық (қай өңірдің жігіттері екенін айтпайы қояйын). Бір көргеннен артыңнан қалмай, ағалап, үнемі жаныңнан табылып, аптасына бір рет келіп, амандасып кетеді. Қызметім ауысқаныммен, азаматтығым ауыспады ғой, - деп ұрысты.
Барамыз аға, барамыз дегеннен басқа түк айта алмадым.
Енді ойланып, отырмын. Неге жай ғана құттықтап қайтуға болмады. Неге бармадым? Кеуде ма? Жанымдағы достарым да сондай. Тіпті "атақты" жұлдыз көрген кезде адамдар жанталасып, сэлфиге түсіп жатады ғой. Ой ондай бізде жоқ. Өйткені барып жатсаң как будто бір өзіңді төмен санап тұрғандай. Кезінде осы қырсықтығымның кесірінен балалық шақтағы кумирім Luís Figo-ның дәл қасында тұрып, фотаға түспеп едім.
Кеуде көп жерде кедергі болып жүр негізі...