ҚазҰУ – қазақтың мақтанышы!

ҚазҰУ – қазақтың мақтанышы!

     Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті еліміздегі жоғары оқу  орындарының алтын діңгегі. Бұлай деуіме басты негіз QS рейтингісінің соңғы екі жылдық қорытындысы бойынша ҚазҰУ әлемдік үздік  топ 300 университеттердің қатарынан көрінді, ТМД ЖОО-ның арасында 3 орынға тұрақтады. Еліміздегі университеттер арасында ең үздік университет болды. «Білекке сенген заманда, ешкімге есе бермедік, Білімге сенер заманда, қапы қалып жүрмедік» деп кеткен Абылай ханның өсиетін тәуелсіз еліміз бұлжытпай орындап келеді. ҚазҰУда 18 000 нан астам студенттер білім нәрімен сусындап отыр. Тәжірибелер жүргізу мен білімгерлермен алмасуда және заманауи халықаралық білім бағдарламаларын жүзеге асыруда әлемнің ең ірі 418 халықаралық жоғарғы оқу орындарымен ынтымақтастық орнаған. Оқуға, ізденуге қажетті барлық жағдай жасалған, бұл жетістіктер ректор Ғ.М.Мұтанов мырзаның көреген білімдарлығының арқасы деп білемін. Орта Азиядағы ең үлкен кітапхана біздің қалашықта орналасқан. «әл-Фараби» кітапханасы, мұндағы қаншама мыңдаған кітаптар студенттердің игілігі үшін.  «Адам өмірі - қамшының сабындай ғана қысқа екен, досы көп, ұрпақ тәрбиелеген ұтады екен.» депті Қорқыт атамыз, мен ұстаз ретінде өзім тәрбиелеп отырған студенттердің білім мен ғылымға құштарлығын, ұлттық мәдениет пен әдебиетке бей-жай қарамайтындығын, отанымыздың туын жықпай нықтап ұстап әрбірі де болашақта мықты маман иегерлері болатындығын байқаймын. «ҚазҰУ студенттері оқуға тиіс 100 кітап» бағдарламасы аясында студенттер арасында университет көлемінде, қала, республика көлемінде дөңгелек үстелдер, ашық сабақтар, пікірсайыстар жиі болып тұрады. Ағартушы, тұңғыш қазақ мектебін ашқан Ыбырай Алтынсары атамыз:

«Өнер-білім бар жұрттар,
Тастан сарай салғызды.
Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып-жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды.
Аты жоқ құр арбаны
Мың шақырым жерлерге,
Күн жарымда барғызды» - деп білімнің пайдасын жеткізе жырлаған. Білім бұлақ секілді, таза да мөлдір. ҚазҰУдың алға қойған мақсаты әлемдік топ 200 университеттер арасынан көріну. Менің шәкірттерім болашақта мықты маман болып осы жолда аянбай тер төгетініне сенімім кәміл. Жеңісті күндерін жемісін бірге тойлайық.

 

Айсұлтанова Қарлығаш,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
филология және әлем тілдері факультеті,
шет тілдер кафедрасының доценті



Бөлісу: