Сәби шыр етіп дүние есігін ашқан сәтте, ең бірінші өзінің анасының махаббатын сезеді екен. Міне, осы сәттен бастап сәбидің отбасындағы балалық шағы басталады. Анасының ақ сүтінен дарыған тәрбие баланың мінез-құлқы мен іс-әрекетіне негіз десем де қателеспеймін. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, баланың келешегі отбасынан көрген тәрбиесіне байланысты. Әрине, ата-ана – бала тәрбиесіндегі басты тұлға. «Не себепті қазіргі қоғамдағы балалардың балалық шақтары мүлде басқа? Неліктен бала кезде ойнаған ұлттық ойындарымыз ұмытылып жатыр?» деген сұрақтар көп те болмаса, аз қауымның көкейінде жүрген болар.
Иә, қазіргі қоғамның балалық шағы бұрынғы балалық шақпен салыстыруға келмейді. Ауылдағыдай шулап, асық, аударыспақ, ақ сүйек сияқты ойындардың ойнағанын қаладағы бір де бір ауладан көре бермейсің. Заман өзгерген сайын, оған қойылатын талап та өзгере бермек. Біүгінгі күнде еңбектеген сәбиден, еңкейген қарияға дейін ұялы телефонды күнделікті күйбең тіршілікке айналдырғаны бәрімізге мәлім. Осы себептен де бүгінгі қоғамның өмірі көзге мүлде басқаша көрінеді. Қазіргі қоғамның балалары балалық шақты ұялы телефон мен компьютерлерде өткізеді. Оның себебі неде десеңіз, ол- отбасында көрсетіліп жатқан өнегенің нәтижесі. «Кітап оқы, білім үйрен, еңбектен» деген құр сөздерден не пайда, егер үлкені кішіге өзі айтқандай кітап оқып өнегесін көрсетпесе?
Әрине, тәрбиенің биік шыңы- өнеге. Ата- анасының көрсеткен жақсы өнегесін бойына сіңіріп өскен баланың келешегі жарқын болмақ. Бұған қарапайым мысал, өзінің балалық шағын анасы мен әжесінің ертегілерін естіп өскен- Абай. Өзінің балалық шағын қызығушылықпен «білсем екен» деп өткізіп, ұлы тұлға болуға үлкен жол ашты. Тіптен баланың жаратылысы жайлы өзінің жетінші қара сөзінде: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі - ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар - тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі - білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі - жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген.» Міне, бүгінде тән құмарын қандырумен өзінің балалық шақтарын өткізіп жатқандар жетерлік. Десек те, заман талабын қатар алып жүріп, балалық шақты құр босқа өткізбей жаңа ақапарат алуға талпынатындары да бар. Жастайынан техниканы жетік біліп, үш тілді еркін меңгереді. Алайда бұрынғы кезде балалық шақ әркімде өзіндік сипат алса, бүгінде бәрінде бір сипат алып отыр. Қазір көп жастардың оқу, білімге дейін зейіні басылып, қоғамда өз орнын табу жолдарында көп қиыншылықтар кездесуде. Себебі қазіргі қоғамның балаларына нағыз өмірге қарағанда, виртуалды өмір қызық көрінеді. Балалық шақты виртуалды өмірде өткізгеннің нәтижесінде, өз ойларын үстірт жеткізетін адамдардың саны көбеюде. Бүгінгі балалардың балалық шағы жоқ десем де қателеспеймін, себебі менің балалық шағым қызық сәттермен, ауладағы достарыммен ойнаған ойындарға толы болды. Жазда түрлі ертегілер жинақтарын оқып, өсе келе кітаптарға деген қызығушылығым да ашылды. Қалаға қарағанда ауылда болғанды ұнататынмын. Таза ауада, көлде демалып немесе атпен серуендеп, жаздың желсіз жарық түнінде достарыммен түрлі ойындар ойнайтынмын. Кейін технологиялар үдері дамып, туыстарыммен сирек кездесетін болдым. Иә, қазіргі балалар өздерінің туыстарын да танудан қалып жататын жағдайлар да болып жатыр. Тек ол ғана емес, жаңа балалармен танысып, бір аулада ойнайтын кез де қалып барады. Үйде отырып, әлеуметтік желіге кіріп, қал жағдай сұрастыру жеткілікті санайтын жас ұрпақтың келешекте туыстық қарым- қатынас түгіл, күнделікті жақындармен тіл табысуына кедергілерге жол ашылуда.
Қорыта келе, балалық шақты сағынатындай өткізу керек. Себебі қазіргі қоғамдағы балалық шақты сағыну мүмкін емес, бала кезде қолданған ұялы телефонды есейгенде де қолданатыны анық. Онда балалық шақтың қызығы неде? Бұл сұраққа тек балалық шағы болған адам ғана жауап бере алады деген ойдамын. Ал бүгінгі қоғамды балалық шақты қызықты қылу үшін, баланың түрлі ойындар мен кітаптарға деген қызуғышылығын ашып қана қоймай, туыстық қарым-қатынасты үзбей, жазғы демалыста ауылға жіберіп тұру қажет. Сонда ғана бала өзінің есейген кезінде «Шіркін, балалық шағым-ай!» деп аңсап, сағынышпен еске алатыны белгілі. Өмірдегі ең қызықты әрі тәтті шақ- балалық шақ екенін ұмытпауымыз тиіс. Балалық шағы қызықты өткен адамның өмірі де, өзі де қызықты болмақ. Сондықтан ұялы телефоннан балаларды зеріктіріп, нағыз өмірдің балалық кезеңі оралмайтын керемет кезең екенін дәлелдеуіміз қажет.
Тұран Университеті,
Журналистика 191(4) - 3 курс студенті
Бектурова Фариза