Қазақ тілінің қадірі

Ежелгі ата-баба арманы Тәуелсіздікке қол жеткізіп, орыстандыру саясатынан мәңгілікке айырылу болатын. Ата-бабамыз, өз ұрпақтары үшін аянбай еңбек етіп, өз өмірлерін осы жолда құрбан етті. Бүгінде біз Тәуелсіз мемлекеттер қатарындамыз, өз ана тіліміз бар. Қазаққа Тәуелсіздік пен ана тіл оңайлықпен келмегені бәрімізге белгілі. Төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген бұл байлығымыздың қазіргі жағдайы қандай?
Қазіргі таңда еліміздегі өзекті мәселелердің бірі - тіл мәселесі.

Көптеген қазақ жастары өз ана тілдерінде сөйлеуден қалды, тіпті өз ана тілдерінде сөйлей алса да, сөйлей алмайтын адамның кейіпін танытып, өз ана тілдерінен ұялатын жағдайға жетті. Жастардың басым көпшілігі, орыс тілінде сөйлеуді сәнге айналдырған. Қазақстанда «орыс тілінде еркін сөйлеудің өзі жеткілікті, қазақ тілі мүлде керек емес тіл» деген ұстанымды ұстайтын жастардың санының артуы жаныма қатты батады. Шіркін, 21 ғасырдың мұндай ойлы жастары, еліміздің тарихына көз жүгіртіп, қазақ зиялыларының тіл үшін жасаған еңбектерін бағаласа ғой деп армандайсың...

Қазақ тілінің қадірін арттыру қажет екендігі жыл сайын сөз болады, алайда әлі арнайы шаралар жүзеге асырылмады. Жыл сайын айтылатын тек бос сөз! Ана тіліміздің қадірін арттыру үшін, осы бастан нақты шараларды жасауымыз қажет. Қазақстаннның ұрпағы ретінде, тілдің қадірін арттырып, оны дамытуға арналған өзімнің қарапайым идеяларымды ұсынамын.

1) Қоғамдық орындарда тек қазақша сөйлеу.
2) Қазақстанда тұратын орыс халқының көбі дерлік, қазақ тілінде сөйлемесе де, түсінетіндігі айдан анық. Сол себепті орыстарға да қазақша сөйлеу қажет.
3) TikTok әлеуметтік желісі арқылы шетелдік азаматтарға қазақ тілін үйренуге арналған пайдалы видеолар түсіру. TikTok шетелдіктердің еліміздің әсем табиғатына, рухани байлығы мен ана тіліне деген қызығушылықтарын арттыруға таптырмас мүмкіндік.
4) Қазақ тілін үйренуге арналған кітаптарды жарыққа шығару.

Менің әлемнің түкпір-түкпірінен достарым бар, олардың арасында қазақ тілін үйреніп жүрген және үйреніп бастағысы келіп жүргендер көп. Олардың айтуы бойынша орыс, кәріс, ағылшын т.б. тілдерді үйренуге арналған арнайы кітаптардың саны өте көп, ал дәл қазақ тілін үйренуге арналған кітаптардың санының аздығы олар үшін қиындық тудырады екен. Қазақ тілін үйренуге арналған кітаптардағы ақпараттардың дұрыс жазылмауы да, шетелдік достарым үшін тіл үйренуде көптеген түсініспеушіліктерге әкеліп соғуда. Шетелдік достарымның осы бір сөздерінен кейін, кітап сататын көптеген дүкендерге бардым, расында жібі түзу кітап саны өте аз. Қазақ тілін үйренуге арналған кітаптар жаңадан жазылып, ақпараттар дұрыстап енгізіліп, әлемнің бірнеше тілдеріне аударылса екен деймін. Ана тілімізге қызығушылық танытушы шетелдік азаматтар саны көп, бірақ олардың қазақ тілін үйренуі үшін қажетті кітаптары мен арнайы ресурстары жоқтың қасы. Тағы бір айта кететін нәрсе, қазақ азаматтары өзге елге барғанда, олардың тілінде сөйлейді, ал шетелдік азаматтар біздің елге келгенде біздің ана тілімізде сөйлемейді. Әрине, шетелдіктер үшін қазақ тілін бірден меңгеріп кету мүмкін емес, бірақ тырысуға болады ғой. Әлемнің үлкен елдерінде білім алып, өмір сүру үшін IELTS, TOEFL, TÖMER сияқты тіл білу деңгейінді анықтайтын тесттерден өтуіне тура келеді. Егер аз балл жинап қалатын болсан, білім алып, өмір сүру қиындық туғызады. Ал біз, елімізге оқуға, өмір сүруге келуші шетелдік азаматтардан қазақ тілін білуді неге талап етпейміз? Өз тілімізді өзіміз құрметтемей тұрғанда, өзгелерден не күтеміз? Өкінішке орай, соңғы жылдары қазақ тілінің қадір-қасиеті қалмай, дәрежесі төмендеп бара жатқандығына куә болудамыз.

Ана тілің біліп қой,
Еркіндігің, теңдігің.
Ана тілің біліп қой,
Мақтанышың, елдігің.

Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте - демекші, қазақ тілі Тәуелсіздігіміздің бір бөлшегі екендігін ешқашан естен шығармаған абзал. Тілді жоғалту, елді мәңгілікке жоғалтумен пара-пар.

Қандай жағдай болмасын, қазақ тілінің қадірін сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа аман жеткізу біздің басты міндетіміз. Қазақ тілінде сөйлеуден ұялма! Барлық жерде қазақша сөйле! Өзгелерге еліктеме! Қазақы сөздің қадірін кетірме! Тілді шұбарлаушы болма!



Бөлісу: