Қазақ тілді сайттар дамытуды талап етеді ме?
блог
Ғаламтор мәдениетінің жаңа серпіні дамыған елдердегі этностардан гөрі, дамушы елдердегі этностардың «бәріне аңтарыла қарау» сезімін тудырды.
Рейтинг пен сенсация
Бұған өзгені емес, бүгінгі қазақстандық ақпарат саласын мысалға алуға болады. Интернет енгелі бері жыл өткен сайын біздің ұлттың бойынан бұрын онша таныс емес «жат қылық» күннен күнге өршіп, сүзгісіз қабылдау мен танымсыз, тоқтаусыз ұрандау әдеті пайда болды. Осыдан оншақты жыл бұрын ақпарат әлемінде салиқалық, салқынқандылық, сараптамаға жүгіну тән болса, бүгін тек рейтинг қуалау, сенсация жасау, елді таңғалдыру, арсыздықпен болса да ат шығару етек алды. Ақпарат тасқынының толассыздығы сондай, бірінен соң бірі сана есігін дүрс-дүрс ұрады… Бұл тасқынды бөгеу бекершілік, оның пайдалысы мен зияндысын іріктей, сұрыптай алатын ұлттық сүзгі отандық ақпарат құралдары болуы керек-тін. Өкініштісі, қазақ сайттары ондай қауқарға ие емес.
Мұның бірнеше, тіпті ондаған себебі болуы мүмкін. Мемлекеттік мүдде мен ұлттық идеологияның тоқайласар тұсының белгісіздігі, қазақ тілінің (мемлекеттік тілдің) билікке өтімсіздігі, кәсіби журналистерден гөрі өзін танытуға құмар бір топ (бәлкім, мыңдаған) даңғазасы басым жазармандардың «жұлдызға айналуы», журналистиканы яки блогер болуды суретке түсу мен «анда жүрмін, мында жүрмін» хабарласы деп қана түсінетін «әуесқойлардың» молдығы, ғаламторды тұтынушылардың «бәріне аңтарыла бас шұлғитын» балаңдығы (надандығы деуге ауыз бармайды).
Көп сайттар жетілдірулер мен өзгерістерді талап етеді , біздің сайттар арқылы біз шет елді , сонымен қатар қазақ тілді сайттардың жан жақты болмағандығының кесірінен шет елдің сайттарына ұмтылып тұратын қазақ жастарын шақыруымыз тиіс. Ол үшін ең алдымен сайтқа көп көңіл бөлінсе екен деймін.
Лати Еңлік
Х.Досмұхамедов атындағы АтМУ студенті